М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Байжұманов модераторлық еткен жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Талас өлкесінің елдігіміз бен мемлекеттігіміздің бастауында маңызды рөл атқарғандығына тоқталды.
– Жамбыл өңірі – тарихқа бай екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Сонымен қатар, Түркі қағанатының және ислам мәдениетінің негізі қаланып, Қазақ хандығы құрылған қасиетті өлке. Саяси аренада мәдениет пен өркениеттің қалыптасуына маңызды рөл атқарған киелі аймақ десем артық емес. Осында өткен Талас құрылтайынан кейін Алтын Орданың негізі қаланған болатын. Тарихымызды айшықтаған Мұхаммед Хайдар Дулати, Манас жырының кейіпкері Манас батырдың өмірінің көп бөлігі осы Таласта өткені тарих парағынан белгілі. Облысымыздың орталығы Тараз қаласының шежіресі терең екені барлығымызға мәлім. Тасын түртсең тарихы күмбірлеп сыр шерткен Тараз жері сонау заманнан бері құт-береке дарып, әлем елдерін өзіне аударған қастерлі мекен. Бір кездері Ұлы Жібек жолының торабындағы Тараз «Саудагерлер қаласы» атанып, Батыс пен Шығыс мәдениетін байланыстырды. Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» тізіміне енген еліміздегі жалғыз қала саналады. Бүгінде Жамбыл облысы көрші мемлекеттермен, алыс-жақын шет елмен достық қарым-қатынас орнатып, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық байланысын нығайтып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің кеңесінде «Достастық жәрмеңкесін» Таразда өткізуді ұсынуы бекер емес деп есептейміз. Бұл қасиетті Жамбыл өңірі шет елмен байланысын одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Облыстың 85 жылдығымен тұспа-тұс сатирик-ақын Шона Смаханұлының 100 жылдығы, көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы, мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығы, халық композиторы Балуан Шолақтың 160 жылдығы, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтің 140 жылдық мерейтойлары кең көлемде аталып өткендігін айтқан аймақ басшысы мұндай ағартушылық іс-шаралар жастардың ел тарихын танып, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырудың маңыздылығына тоқталды. Конференцияда сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз пікірімен бөлісті.
– Талайғы тарихтың куәсі болған Талас өңірі ұлттық діңгегіміздің алтын қазығы екені анық. Екі мың жылдан астам уақыт аралығында Талас аумағында елдігіміздің құндылықтары болған төл тарихымыз, мәдениетіміз бен өркениетіміз қалыптасты. Ежелгі заманда дін мен ділдің, тарих пен тағылымның, сауда мен қолөнердің орталығы болған, бүгінде Жамбыл облысы деп аталатын ел аумағы қайнаған тіршіліктің өзегін танытып келеді. Ел Президентінің ұрпақтар сабақтастығы, мемлекетшілдік дәстүр мен тарихи кезеңдердің сабақтастығын сақтауға басымдық беріп отырғандығын аңғарып отырмыз. Биыл Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өтудеміз. Осы орайда, Талас құрылтайының мәні зор екендігі анық. Әрине, ел тарихы белгілі бір кезеңдермен шектелмейтіндігі белгілі. Біздің төл тарихымыз арғысын айтқанда Сақ дәуірінен бастау алып, Түркі қағанаты кезеңіне жалғасып, Алтын Орда кезеңінде байи түсіп, Қазақ хандығы дәуірінде ерекшеленеді. Бергісін айтқанда, Алашорда кезеңі, Кеңес Одағы және тәуелсіздік жылдарымен жалғасады. Міне, осы тарихи сабақтастыққа куә болған Талас өңірі қазіргі таңда да мемлекеттігіміздің тұғырының биіктеуіне зор үлесін қосып келеді, – деді Мәлік Отарбаев.
Президент кеңесшісі атап өткендей, елдігіміздің қалыптасуында маңызды рөл атқарған Жамбыл жері бүгінгі күнде де Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды іске асыруда бірқатар бағыттар бойынша көш ілгері келеді. Бұл жайында ғылыми конференцияда Парламент Сенаты төрағасының арнайы құттықтауын жеткізген Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков атап өтті.
– Өз заманында батырлар мен хандардың, билер мен көсемдердің басын қосқан саяси орталық болған өлкенің қазіргі таңда да тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында маңызы жоғары. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған іргелі реформалардың нәтижелі іске асырылуында Әулиеата өңірінің әлеуеті зор. Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, химия өндірісі секілді бағыттарда маңызды жобаларды нәтижелі жүзеге асыру арқылы ел экономикасының өсуіне зор үлес қосып келеді, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Бұдан өзге жиында Қырғыз Республикасының облыстағы құрметті Консулына кандидат Жанұзақ Бейсеубаев пен Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Жасұлан Ханалиевтің арнайы құттықтауларын жеткізіп, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Ерболат Саурықов «Талас жазулары – түркі өркениетінің бастауы» тақырыбында баяндама жасады. Ол «Ел аумағындағы көне өркениеттің басталуы ретінде оңтүстік өңірлерді, оның ішінде Әулиеата өңірін де қарастыруымызға болады. Себебі, көне түркі дәуірінің ескерткіштері саналған руна жазулары қазақ әліпбиінің алғышарты саналады. Мәселен, Есік қорғанынан табылған 26 таңбалы күміс тостаған Орта Азиядағы түркі тілдес халықтар арасындағы ең көне жазу саналады. Мұндағы белгілердің 60 пайызы Ежелгі Египет жәдігерлеріндегі жазулармен сәйкес келеді. Сол себепті де бүгінде руникалық түркі ескерткіштерін зерттеу жұмыстары бастауын сақ, ғұн дәуірінен тарқатуды көздейді. Сондықтан да түркі мемлекеттігін, тұтастығы мен тарихын осы өңірден іздестіру қажет екендігін байқауға болады», деп атап өтті. Ал, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов «Қазақ хандығының құрылу жөніндегі аңыздар» атты баяндамасында қазақ аңыздарында өзгермейтін екі ұғым болса, соның бірі – жер-су атауы, екіншісі – адамдардың есімі екендігін алға тартып, хандықтың құрылуына қатысты аңыз нұсқаларының қай-қайсысы болсын Талас аймағына топтасатындығын жеткізді.
Тұғыртасын сонау Ғұн дәуірінен қалыптастырған Тараз қаласы да Түргештер мен Қарлұқтар кезеңінде маңызды стратегиялық аймаққа айналып, ортағасырда екі ұлы өркениет – Ислам халифаты мен Қытай империясының арасындағы шайқаста шешуші рөл атқарғаны белгілі. Міне, сол тарихи оқиғадан кейін түркі халықтары Ислам дінін қабылдап, тарихи хронологияда Талас аймағы аталған Жамбыл жері, оның ішінде Тараз қаласы еліміздегі алғашқы дін орталығы болды. Осы кезеңнен бастап қала тіршілігі қайнай түсіп, шаһар әр дәуірде «Саудагерлер қаласы», «Теңге орталығы», «Шырағдандар шаһары» атанған. Жиында Атлах шайқасының маңыздылығына тоқталған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Дария Қожамжарова «Қытай деректерінде Тараз өлкесі сақ, ғұн кезеңінде біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырда қалыптасқанын айтады. Бұдан кейінгі кезеңде де Атлах шайқасынан кейін Тараз өзінің алтын дәуіріне, астаналық кезеңіне қадам басты», деді.
Сонымен бірге конференцияда Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Берекет Кәрібаев Қазақ хандығының Қозыбасыда құрылғандығы жөнінде бірден-бір жазба дерек қалдырған Мұхаммед Хайдар Дулатидің Қазақ хандығының алғашқы зерттеушісі екендігін атап өтіп, тұлға өмірінен тағылымды ойлар өрбітті. Бұдан өзге, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Досбол Байғұнақов жақында ғана мемлекет қорғауына алынған Қарасай петроглифтері жайында «Қарасай петроглифтері қола, ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштер. Жартастағы жазулар біздің заманымызға дейін бес мың жыл бұрын пайда болған. Осындағы суреттер арқылы олар өздерінің ішкі дүниесін, қоршаған ортаға деген көзқарасын, дүниетанымын жеткізуге тырысты. Бұл оңтүстік аймақтарға ортақ мәдениеттің таралу деңгейін көрсетеді», деді.
Сондай-ақ, конференцияда шетелдік ғалымдар ой-пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, Түркия Республикасының тарих ғылымдарының профессоры Абдуллах Гүндоғду «Талас өркениеті – көне Түрік орталығының құрамдас бөлігі. Ортағасырларда Талас, Сырдария бойындағы мекендеген оғыз тайпасы Анадолыға өркениетті жеткізді. Кейінгі кезеңдерде де оңтүстік өңірлерде бастау алған сопылық ілім, Түркістанда пайда болған ұлтшылдық идеялары түркі дүниесінің тұтастығына арқау болды» десе, Жапония мемлекеті «Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының PhD докторы Садакатцу Кунитаке өңірде бірлесе іске асқан жапон-қазақ археологиялық экспедициясының қорытындысымен таныстырды.
Бұдан бөлек, жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов Жамбыл облысының көне археологиялық ескерткіштер жөнінде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр Тараздың ислам өркениетіндегі рөлі жайында сөз қозғады. Конференция ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлының өлең оқуымен қорытындыланды.
...
«Еліміздің еңселі, Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында жамбылдықтардың сіңірген еңбегі зор. Өткенге көз жіберсек, Жамбыл өңірі – тарихқа бай. Олай дейтініміз, Түркі қағанатының және Ислам мәдениетінің негізі қаланып, Қазақ хандығы құрылған қасиетті өлке. Осы өлкеден шыққан талай тұлғалар түрлі салада жемісті еңбек етіп, ел атын, жер атын өз есімдерімен, тың жаңалықтарымен, өнердегі, әдебиеттегі, білімдегі, ғылымдағы жетістіктерімен танытуда. Біз туған жердің түлектерімен мақтанамыз. Көненің көзіндей өркениеттің бастауы, түркі жазбаларының көне мәдени ошағы, жұрты болған Тараздың болашағы жарқын болсын. Жерлестерімді Жамбыл облысының 85 жылдығымен құттықтаймын! Облысымыздың әлеуметтік экономикалық әлеуеті арта берсін!».
Ерболат САУРЫҚОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
филология ғылымдарының докторы,
Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі.
«Облыстың 85 жылдығы ерекше мереке, елеулі той. Бүгінгі «Талас – Ұлы өркениеттер тоғысында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның да көтерер жүгі салмақты. Талас бойын ен жайлаған қырғыз-қазақ достығы ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Достық көңіл, достық ықылас бұдан былай да жалғаса береді. Бір білетінім, Жамбыл өңірі елге белгілі жүздеген тұлғаны тәрбиелеп өсірген киелі мекен. Мәдениет, әдебиет, өнер мен ғылым салаларында, химия өнеркәсібінде, білім саласында биік белестерді бағындырған, халықтың, ұлттың мақтанышына айналған тұлғалар көп. Тарихы – терең, мәдениеті – асыл өлкеден талай тұлғалардың шығуы да заңды. Жалпы, бұл өлкенің тарихы да, табиғаты да көпті тамсандырумен келеді. Сондай-ақ, өңірде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар көп».
Жанұзақ БЕЙСЕУБАЕВ,
Қырғыз Республикасының
Жамбыл облысындағы құрметті Консулына кандидат.
«Ел тарихы бір кезеңмен шектелмейтіні белгілі. Өткен мен бүгінгі тарихтың сабақтастығы болған Жамбыл облысы ел Тәуелсіздігінің баянды болуына өз үлесін қосып отырған тарихы терең өлке. Тарих беттерінде қатталып, басынан талай кезеңдерді өткізген, екі мың жылдан аса тарихы бар Тараз шаһары әлі жасап келеді. Онымен бірге 85 жылдығын атап өтіп жатқан Жамбыл облысының тарихы да жасай бермек. Аймақтың 85 жылда жеткен жетістігі көп. Ауыл шаруашылығы, химия мен өнеркәсіп, білім мен денсаулық салаларында жеткен табысы ерен. Соңғы жылдары қарыштап дамудың даңғыл жолына құрылыс саласы қосылды. Құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыс көп. Өзім құрылысшы болғандықтан да бәріне мән беріп жүретінім бар. Кеңес одағы тұсындағы Жамбыл қаласы мен тәуелсіздік алғаннан кейінгі Тараз қаласын салыстырар болсақ, үлкен өзгерісті, ілгерілеуді байқаймыз. Тараз қаласында бой көтерген жаңа шағынаудандар мен көпқабатты тұрғын үйлер ел дамуының, халық санының артуының көрсеткіші. Құрылыс жұмыстарына қарап көз қуанады. Бұл облыстың 85 жылдығында жеткен ең биік жетістігінің бірі деп білемін».
Әсетбек БИЖАН,
құрылысшы.
«Биыл осы өлкенің белді азаматтары, қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың мерейтойлары облыс, республика деңгейінде аталып өтті. Барлығына дерлік қатыстым. Олардың қатарында жуырда өткен сатирик-ақын Шона Смаханұлының 100 жылдығы, көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы, мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығы, халық композиторы Балуан Шолақтың 160 жылдығы, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдық мерейтойлары кең көлемде аталып өткендігінің куәсі болдым. Осындай тұлғаларды тудырған, жетілдірген Жамбыл жері өзінің мәдени-тарихи маңызын ешқашан жоғалтпайды. Мерейлі сәтте жерлестерімді Жамбыл облысының 85 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!».
Ғайни ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді