Алатау мен Қаратаудың түйіскен жерінде, еліміздің ауқымды аумағын алып жатқан Жамбыл облысы – туып- өскен өлкем, осындай топырақта дүниеге келіп, тәлімін алып өскенімді бақыт деп санаймын. Бүкіл жамбылдықтарды облыстың 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
Жамбыл атамыздың «Атыңнан айналайын Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа» дегеніндей, бұл өңір әлімсақтан киелі, тарихи жер. Әулиеатамен бірге жерімізге нұр тарады, құт дарыды, бір мүддеге ұйыса білетін елдік қасиет келді. Қарахан бабаның, Айша бибінің, Тектұрмастың ізі қалған мекендегі бүгінде еңсе көтеріп тұрған кесенелері де рухани қалқандай көрінеді.
Мұхтар Шахановтың «Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала» дегеніндей, халқымыздың тереңдегі тамырын танып, оны кейінгі ұрпаққа көрсетіп, кешегілерден қалған жәдігерлерді, қаншама балбал тастарды сөйлетіп, жыл құрғатпай мағыналы іс-шараларды ұйымдастырып, тарихтан тағылым алғызып жатқан облыстың түлегі болғанымызды мақтаныш етеміз. Бірлікке бастайтын, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін мерейтойларды бір үйдің баласындай жұмыла атап өтетін жұртымның барына марқаямын. Қызмет барысымен қаншама қалаларды, елді мекендерді аралап жүріп, Жамбыл облысының тамылжыған табиғатымен, тазалығымен, тұрғындарының кішіпейілділігімен ерекшеленетінін аңғарамын. Топырағының құнарлылығымен жері де бай, бір-біріне деген жан жылуымен елі де бай өлкемізде үнемі тек той болсын! Бірліктің туын биікке көтерер халқымыз аман, татулықты бақытына балайтын жұртымыз тыныш болсын!
Әлем елінің назарын аудартқан байрақты бәсекелерде топ жарып, елдің абыройын асқақтатқан спортшыларымыз Жақсы лы қ Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ибраимовтардың ізін жалғаған, биылғы Олимпиадада күллі қазақтың даңқын арттырған Елдос Сметовтей баһадүрлерді тәрбиелеп түлеткен облысымыз еліміздің мәдениетін, әдебиетін, өнерін дамытуда да үлкен үлес қосып келеді. Жетістіктер жалғаса берсін!
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың жолын жалғап, дала төсінде тер төгіп, мал төлдетіп, егін жайқалтқан еңбекшілеріміз де Жамбылдың абыройлы атын кеңінен танытып жүр. Еңбектің елеусіз қалмайтыны ақиқат, адал қызметімен халқының қалаулысы болар ұл-қыздарымыздың қатары көбейе берсін!
«Жасампаз қала – Жамбылым» деп өлең жолдарында айтылғандай, жаңарған уақытта игіліктерге ілесе алға ұмтылған туған өлкемнің, жерлестерімнің жаңа өмірге жаңаша ойменен бірін бірі қолдап, еңбектері еселеніп, тек алдыңғы қатардан көріне берулеріне тілектеспін. Қазақтың әрбір шаңырағына шаттық ұяласын, әрбір ұжымға табыс пен сәттілік келсін!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді