Қазақтың Ұлы даласының қай өңірі де тұнып тұрған шежіре. Сөйлете білсең, терең үңілсең, соның қай-қайсысы да қазақ халқының өткенінің бай тарихын баяндайды. Жамбыл облысы – ежелгі Ғұндардың да, Сақтардың да, байырғы Түрік Қағанатының да, Қарлұқтардың да, Оғыздардың да, Қыпшақтардың да Атамекені. Керей мен Жәнібек қазақ мемлекетінің қазығын қаққан қасиетті өлке.
Жамбыл облысы – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, көне дәстүрлерді көркемдетіп, түлетіп отырған, бірлік пен бейбітшіліктің алтын бесігі. Өңірдегі аудан мен ауылдық округтер өзіне тән ерекшеліктерімен облыстың дамуына үлкен үлес қосуда. Киелі Тараздан өсіп-өнген, түлеп шыққан азаматтар қай салада болсын, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, елдің абыройын асқақтатып жүргені барша жұртқа мәлім. Баукеңнің батырлығы, Шерхан Мұртазаның шыншылдығы, Илья Жақановтың әуезді әндері мен зерттеу еңбектері, Жақсылық Үшкемпіровтің тұңғыш Олимпиада жеңімпазы атануы жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге болары анық. Бүгінде ата жолын жалғап, араға 24 жыл салып Жақсылықтың ізін басқан Елдос Сметов те дзюдодан Олимпиада чемпионы атанды. Дүниежүзінің назарын Қазақстанға аударды. Одан бөлек, қазақ спортын, көкпарды биік белеске көтерген Жамбыл облысы шабандоздарының да орны ерекше. Өнер мен спорт саласынан бөлек, өңір өрендері жаһандық жарыстарда бақ сынап, ғылыми зерттеу жұмыстарымен де айналысып жүрген жастар қатары көбеюде.
Биыл облыстың құрылғанына 85 жыл толуына орай өңір құрамындағы аудандарда мәдениет күндері ұйымдастырылып, тұрғындарды ерекше сезімге бөлеуде. Қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлері қайта жаңғырып, шипалы ұлттық тағамдарымыз насихатталып, мәдениет күндері ерекше тойланып өтуде. Бүгінде Жамбыл облысы дамудың даңғыл жолына түсіп, тұрғындардың тұрмысын тіктеуде көптеген игі іс атқарып келеді. Өңір сәулетін арттыруға өзіндік үлес қосар мемориалдық кешендер мен орталықтар, «Шахристан» тарихи-мәдени кешені қала келбетін көркейтіп тұр. Облыс жылдан жылға көшін ілгерілетіп, даму деңгейін жоғарылатуға барынша күш салуда. Жамбыл облысы өнеркәсіпте де, ауыл шаруашылығында да әлеуетке ие өңірлердің бірі. Сондай-ақ, экономиканың барлық саласы бойынша жыл сайын тұрақты өсімін көрсетіп келеді.
Мемлекет саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігі, елдің ынтымағы. Қазіргі азат ұрпақ Тәуелсіздіктің қадір- қасиетін ұғынып, елдің бірлігін сақтап, Қазақ елінің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін.
Облыстың 85 жылдық мерейтойы құтты болсын! Шежірелі өлкенің шаттығы тарқамасын!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді