Тарихшылар ел басын күн торлап, бұлт шалған, солақай саясаттың кесірінен азапқа түсіп қиналған, қолдан жасалған аштықтан тоз-тоз болып, босып кеткен, миллиондаған жазықсыз жандардың талай қырғынды, нәубетті, зорлық-зомбылықты өткерген жылдарды «аса сұрапыл, аса тағдырлы кезең» деп жазады. Тек 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін зобалаңында асыра сілтеу мен еш сөз көтермейтін заңсыздықтың белең алуынан ғана елімізде 100 мың адам сотталып, «үштіктің» үкімімен бейкүнә 25 мың адам ату жазасына кесілген. Десек те, тарихи шындықтан айналып өтуге болмайды.
Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толу датасын атап өтудің негізгі мұраты – толқын-толқын аға ұрпақтың осы елдің дамуы мен өркендеуі жолында жаны мен жүрегін аямай жұмыс істеп, жанқиярлық еңбегін де, ақыл-ойын да, ерік-жігерін де қоғамдық идея үшін жұмсаған жасампаздығын ұмытпай, артында қалдырған мұраларын құрметтеу деп ұғамыз. Тақыр жерден ешнәрсе орнамайды.
Бүгіндері байтақ еліміз – Қазақстанның тұтас егемен мемлекет болып қалыптасуына алғышарттардың барлығы демесек те, өркениетті мәдениеттің қажетті жағдайлары, қала мен ауылдың өзіне тән өмірі өткен жылдармен де өрнектелгені рас. Есеппен емес, еңбекпен жиналған байлығымыз да болды. Қоғамның игілігі үшін күн-түн демей еңбекке жегілген адамдарды жұрт жақсы көрді. Әулиеата өңірінде кешегі кеңестік заманда 257 адам «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған екен. Бұл ең жоғары мәртебелі атақтың «Алтын жұлдызын» омырауына таққан кісілердің түгелге жуығы малшы, диқан, механизатор, ауыл шаруашылығы өндірісінің озаттары мен жетекшілері еді. «Еңбек ер атандырады!» деген ұранға шексіз сеніп, рекордтар мен теңдессіз жетістіктерді бағындыру үшін маңдай терін төккен, тіпті денсаулығын берген адамдардың адалдығы мен арманы қай жағынан алып қарасаңыз да зор үлгі деп санаймыз.
Біз де қарапайым ауылдың баласымыз. Сол себепті ауыл еңбеккерлерінің өмірі етене жақын және таныс жағдайлар. Аядай Үшарал секілді ауылды Алашқа танытқан 12 Социалистік Еңбек Ері қаракөл қойын баққан шопандар еді. Есіл ерлерді білмейтін жан жоқ. Киелі Талас өзені жағалауына әуелі 1928 жылы орын тепкен Үшарал және одан 1945 жылы жеке отау алып шыққан Түгіскеннің шопандары еңбегі мен байлығына кепіл – сан мың қаракөл елтірісі еді. Дүние жүзіне даңқын шығарған да осы алтынға бағаланған елтірі болғанын ел іші жақсы біледі. Несін айтайық, мойынқұмдық шопан ата, екі мәрте «Алтын жұлдызды» Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың болмысы еліміздің тарихында қарапайым, бірақ кіршіксіз сүйіспеншілікке тән еңбек адамының бейнесі болып мәңгі қалды. Тек Жамбыл жерінде ғана ма, бүкіл еліміз үшін мақтаныш ететін биіктен танылды. Жамбыл өңірінің 85 жыл тарихында ең қастерлі құндылық ретінде осы еңбеккерлердің ерлігін қарастыруға болады.
Жәдігер, ұлағаты мол дүние әр отбасында бар деп ойлаймын. Айталық, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Жұмсақ алтын» деген керемет әңгімесінің бас кейіпкері «Түгіскен» қой кеңшарының шопаны, екі орденнің иегері, қырық жыл өмірінде бірде-бір мал шығынын жасамаған Мергенбай Төлепбергенов жәкем болатын. Біздің ауылдың перзенті, ағайын жазушы Кәрібай Ахметбековтың «Ақ дала» романы да жамбылдық еңбек адамдарына, аупарткомның бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаевтың тұғырлы тұлғасына арналғанын жас ұрпақ біле ме екен?! Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» повесі мойынқұмдық малшылардың иір-иір, қиын да қарбалас, тартысты өмірін көркемдікпен бейнелейді. Мұны ше?
Өткен жылдардың жылнамасы мен іздерін музейлерден, әрине, молынан көруге болады. Осы орайда мынадай бір ой туындайды. Ел ішін аралағанда көріп жүргеніміздей, ауыл тарихына арналған шағын музейлер көп ретте мектеп ғимаратында ашылған. Бұл да жақсы. Тек тар бөлмеде орналасқан. Біздіңше, жәдігері мол әрі танымдық мәні баршаға ортақ, рухани тәрбиесі жан-жақты музейдің мүмкіндігінше Мәдениет үйлерінде болғаны абзал. Бұл мәселені ауылдан түлеп ұшқан дәулетті азаматтардың меценаттық ісіне жергілікті әкімдіктерден қолдау және акциялық бастамаға ұйытқы болуын айтар едік. Түптің түбінде ауыл музейі сол ауылдың ең көрікті мәдени орны болуы – өркенділіктің заңдылығы.
Әр үй мен әр шаңырақта да жәдігерді шашау шығармай, сақтап отырғанын сезіну де адалдықтың белгісі. Менің туған ағам Әбдір Мылтықбаев Түгіскенде ұзақ жыл механизатор болды. Еңбек десе ерінбейтін тарланның нағыз өзі. Сол ақ-адал, бейнетқор кісі сонау алпысыншы жылдары Жамбыл обкомының бірінші хатшысы Б.Сәдуақасовтың қолы қойылған Құрмет грамотасын ең қымбат ескерткіш ретінде әлі күнге дейін мұқият сақтап келеді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан абзал аға өткенді еске түсіретін еңбек құдіретін немерелері мен шөберелеріне сағынышпен айтып отырады. «Еңбек еткен адам еңкеймейді» дейді. Түпкі ақиқаты терең. Тағлымды ма, тағлымды! Жарасымды ма, әрине, жарасымды! Ал ауыл еңбеккерлерінің үздігі болған немере ағам, марқұм Әбіл Ағыбаевтың «В.И.Лениннің 100 жылдығы» медалін ұрпақтары заманында еңбек майданының ең мықтысына берілген награда деп құрметтейді. Бұл мыңнан бірер ғана мысал.
Тегінде, Жамбыл өңірі еңбексүйгіш, жұртына жанашыр, қонақжай және мейірімді адамдарымен танылған. Қазақ баласының және отандастарымыздың бақытты өмірі өз жақсылықтарымен жалғасып келеді. Ел-жұртымыз тәуелсіз Қазақстанның 33 жылы ішінде жоғалтқанын тауып, барын бағалап, ортақ игілікті молайтуға қауымдасып еңбек етуде. Ең бастысы, бірлік пен татулықтың арқасында өркенді мемлекет болғанымызға куә болуда. Қазіргі ұрпақтың келешегі мен ертеңі бұрынғы уақытпен еш салыстыруға келмейді. Олар – озық технократтар, олар – алғыр, олар – тәуекелшіл, олар – әлемдік үрдістерде дамуға міндетті, жаңа заманның жолашарлары.
Жастардың жолын ашу – жалпы қоғамның міндеті. Ал қоғам адамдардың ата-анасы тәрізді, ең бірінші қамқоршысы. Бірінші кезекте жастар өмірі өнеге және өсиетті аға ұрпақтардың алдындағы перзенттік қарызын ұмытпауы керек. Біз, әсіресе, көп жыл сүйекке сіңгендей болған, яғни еріншектік, күншілдік, жағымпаздық, жемқорлық, жалақорлық секілді теріс, жағымсыз құбылыстардан біржола ада болу үшін тәрбие жұмысының маңыздылығын барынша жоғары қоюға тиіспіз. Қазақта қазір жиі айтылатын «Жақсы бала – жақсы денсаулық» деген сөз бар. Бұрынғылардың пендешілік қателіктерін қайтамалау да ең жауапты міндет. Қадірлі ағайынға айтарымыз, әділетті Қазақстан құру ісіне бірлесе жұмылып, күн сайын «адал адам, адал қоғам, адал табыс» тұжырымдамасына адал болайық!
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді