Көне тарихқа көз жүгіртсек, тоғыз жолдың торабын түйістірген Жамбыл жері Жібек жолының жүрегі ғой. Сондықтан ертеден ел қонған аймағымыз с ауда, экономика мен мың жылдық мәдениеттің мекені. Өңірімізде қазақ жеріндегі алғашқы өркениет нышаны түзіліп, қалыптасты. Қойнауында қатпарлы Қаратау тауы, толқыны тулаған Талас өзені бар, топырағы құнарлы, табиғаты көркем аймақтың даму жолында Тараз қаласының рөлі зор болды. Сондықтан, екі мың жылдық тарихы бар көне шаһар облыс орталығы болып бекітілді.
Жамбыл облысы жеке-дара аймақ атанған сәттен бастап дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекеттің қолдауымен өңірдің өндірісі дамып, агросаласы алға басты. Экономикасы ілгерілеп, сәулеті мен келбеті түрлене түсті.
Дағдарыс кезеңдерінде, тарихтың тағдырлы уақытында да Әулиеата өңірі өзінің болмысын сақтап қалды.
Бүгінде ел тұрмысын тіктеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Зәулім баспаналар бой көтеріп, шағынаудандар салынып, әлеуметтік нысандар көбейіп келеді. Аудандар мен ауылдардың да бәсі биіктей түсуде.
Бүгінгі күні Жамбыл жері өрлеу кезеңін бастан кешуде деп сеніммен айтуға болады. Қазіргі кезде аймақта атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар соның айғағы.
Өзім де осы өңірде өстім. Алғашқы еңбек жолымды аймақта ақ халатты дәрігер болып бастадым. Облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлес қоссам деген үлкен арманымды жүзеге асырып, «Мейірім» медициналық мекемесін ашуға мүмкіндік алдым.
Еліміздің саяси өміріне атсалысып, қалалық және облыстық мәслихат депутаты болдым.
Менің алғашқы баспалдағым, алдыға қойған мақсатым туған өлкемде, осы Жамбыл жерінде бастау алды. Ары қарай елдің батасы, сайлаушылар сенімінің арқасында Арқа төсі – Астанада біртұтас қазақ халқына, қызмет ету бұйырды. Мәжіліс депутаты ретінде Жамбыл облысындағы қордаланған мәселелерге қозғау салып, аймақтың алға дамуына үлкен үлес қоссам деймін.
Қасиетті топырақ, қастерлі аймағымыз барлық салада мықты мамандарымен мақтана алады. Аймақтың атын шығарып жүрген азаматтарымыз көбейе берсін. Облыс тұрғындарының отбасына амандық, бақ, береке тілеймін. Әулиеата өңірінің әл-ауқаты артып, өңіріміз өркендей берсін! Ендеше, 85 жылдық асуың құтты болсын, Жамбыл жері!
Гүлдара НҰРЫМОВА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді