«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Министр аймақ тұрғындарымен кездесті

Министр аймақ тұрғындарымен кездесті
Ашық дереккөз
Жамбыл облысына еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев арнайы іссапармен келіп, аймақ тұрғындарымен кездесті.

«Достық» үйінде өткен басқосуда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек облыстағы жол саласында атқарылған жұмыстар туралы таныстырып өтті.

Министр өз сөзінде республика көлемінде атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар мен жүзеге асырылатын бастамаларымен бөлісті. Сондай-ақ, Марат Кәрімжанұлы облысымызға жасаған алдыңғы сапары кезінде жергілікті тұрғындардан түскен арыз-шағымдарға байланысты атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Кездесуде жамбылдықтар толғандырған мәселелерін көтеріп, министрден көмек сұрады. Мәселен, бірнеше кәсіпкер Тараз қаласында заңсыз автотұрақтардың көбейіп кеткенін жеткізді. Автовокзал қызметкерлері заңсыз жұмыс істеп тұрған көлік жүргізушілері жолаушыларды алып кетіп, автовокзалдың жұмысын қиындатып жатқанын айтты. Автовокзал қызметкерлері аталған мәселе бойынша 15 жылдан бері облыстық және қалалық әкімдіктерге, сондай-ақ, полицияға шағымданып келе жатқанын, бірақ ешқандай шара қолданылмағанын жеткізді. Заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілер Қордай ауданы, Алматы, Шымкент қалаларына және Түркістан облысына жолаушылар жинайды екен.

– Бұл мәселе бізге жақсы таныс. Жалпы, министрлік заңсыз жолаушы тасымалдау мәселесімен бірнеше жылдан бері күресіп келеді. Бұл жерде қауіп тек бизнеске ғана емес, адам өміріне де төнеді. Заңсыз ұйымдастырылған тасымалдау қызметтері қауіпті. Себебі, ешкім техникалық жағдайды тексермейді, жүргізушінің денсаулығы мен жағдайына мән берілмейді. Олар жолға шығып, жылдамдықты арттырып, адам өміріне қауіп төндіреді. Жамбыл облысындағы соңғы қайғылы оқиғалар қоғам назарын осы мәселеге аударды, – деді министр.

Сонымен қатар, автовокзал өкілдері жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауға бөгде ұйымдардың да кедергі келтіріп отырғанын айтты. Олар бірнеше жылдан бері күту залына «Kaspi bank» және «Halyk bank» банкоматтарын орнатуды сұраған. Бірақ, екінші деңгейлі аталған банктер белгісіз себептермен келісім бермеген.

– Сіздердің қойған сауалдарыңыз, көтерген мәселелеріңіз орынды. Біз сіздер көтерген мәселені шешуге тырысамыз. Ал, банктерге банкомат орнатуды сұрауға ықпал ете аламыз. Бірақ, сіздерге де қызмет сапасын арттыру қажет. Тек бірнеше қалада ғана сапалы ұйымдастырылған автовокзал қызметін көрдім. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау керек. Оларды қызметті пайдалануға ынталандыру қажет, – деді Марат Қарабаев.

Қалааралық жолаушы тасымалымен айналысатын басқа да тасымалдаушылар заңсыз автотұрақтардың кесірінен жолаушылардың саны азайып бара жатқанын да айтты. Марат Қарабаев онлайн платформалардың артықшылығын мойындап, қазіргі заман талаптарына сәйкес жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Марат Қарабаев алдағы жылдан бастап үлкен жолда жүретін көлік жүргізушілеріне арналған жаңа заңнама әзірленіп жатқанын жеткізді. Межеленген уақыт пен жылдамдыққа бағынбағандар осы әрекеті үшін жауап та береді.

– Көптеген ел азаматтары қазір цифрландыру жүйесін дұрыс көреді. Соның ішінде «InDrive» немесе «Яндекс Go» сияқты қызметтерді қолайлы деп санайды. Демек, олар бәсекеде озып тұр. Министрлік оларға бақылау жүргізіп, талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Мысалы, такси қызметінде қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап оң жақ рульді көліктермен жолаушы тасымалдауға тыйым салынады. Бұл шешім жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді министр.

Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл шектеу тек оң жақтағы рульдегі көліктерге ғана емес, сондай-ақ, оң рульден сол рульге қайта жабдықталған көліктерге де қатысты болады. Сонымен қатар, министр Тараздан Қазақстанның басқа қалаларына тікелей әуе рейстерінің болмауы, таксопарктерді қолдау, жеңілдетілген несие беру сияқты басқа да мәселелерді талқылады. Министрліктің негізгі бастамаларының ішінде жол құрылысының стандарттарын қайта қарау, жолдардың қауіпсіздігі мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ету, апаттылықты азайту және жол қозғалысын бақылау үшін интеллектуалды жүйелерді енгізу де бар.

Жиын соңында Көлік министрі Марат Қарабаев тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, министрліктің сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар