«Қарызсыз қоғам» жобасының көмегіне жүгінгенде Кундызхон Искендерованың микроқаржы ұйымына қарызы 2 миллион теңге болған. 33 жастағы көпбалалы ана Қордай ауданының Жамбыл ауылында тұрады. Отбасы жағдайына байланысты несие алған уақытта Кундызхонның жұмысы болған, кейіннен бала күтіміне байланысты үйде отыруына тура келген. Қоғамдық ақылы жұмыста істейтін жұбайының айлығы небәрі 85 мың теңге. Оған қоса балалардың жәрдемақысы бар, ай сайынғы үйге кіретін кіріс небәрі 163 мың теңгені құрайды. Оның 95 мың теңгесі банктің төлеміне кетеді. Ал, осы төлемнің өзін төлеу мүмкін болмай қалатын кездер де аз емес.
Оқу курстары барысында жобаға қатысушыға қаржылық сауатын арттыруға көмек көрсетіліп, несиенің төлем тәртібін реттеу бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Аймақтық заңгердің кеңесімен қиын жағдайдан шығудың шешімі табылып, қазіргі кезде К.Искендерованың ай сайынғы төлемі жаңа кесте бойынша 50 мың теңгеге азайтылды.
Жуалылық Жазира Сүлейменқұлованың да өмірі банктен бірнеше несие алған соң күрделене түсті. Кәмелеттік жасқа толмаған қызын бір өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана мектепте лаборант болып жұмыс істейді. Қаржылық сауатының болмауынан, алатын жалақысының мардымсыздығына қарамастан әртүрлі банктен 4 рет несие рәсімдеген. Оны Жазира денсаулығының сыр беруімен байланыстырады, яғни емделуге қаражат қажет болған. Соңында алған қарызын төлеуге мүмкіндігі болмай, банк төлемдерін 3 айдан астам уақытқа кешіктірген. Салдары белгілі, банктік есепшотына тыйым салынады.
«Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сарапшылары қиын жағдайға тап болған Жазира Сүлейменқұловаға көмектесіп, есепшотқа салынған тыйымды алып тастауға, сөйтіп Хоум кредит банктегі бір несиесі бойынша жаңа жеңілдетілген кесте жасауға қол жеткізді.
Көп жағдайда адамдар ақшаның жетіспеушілігінен банктерден несие рәсімдеуге мәжбүр болып жатады. Әрине, бұл жағдайды түсінуге болады, дегенмен алған қаражаттың қайтарымы болатынын да ұмытпаған жөн-ау. Осындай кезде қаржылық сауаттылықтың жоқтығы да өз әсерін тигізбей қоймайды. Соның бір мысалы ретінде Шу ауданының Белбасар ауылында тұратын Зәуре Күребаеваның басындағы оқиғаны айтуға болады. Ол да басқа кейіпкерлеріміз сияқты мүмкіндігін сараламастан (жалақысы мардымсыз, жұбайы жұмыссыз), банктен балалардың оқуына деп үш несие алған. Олар бойынша үш айдан бір жылға дейін төлем жасалмаған. «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сауаттылықты оқыту курсынан кейін Зәуре Күребаеваға төлемнің жаңа кестесін жасауға көмек көрсетілді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артып келеді. Қазіргі уақытта 8,4 миллион халықтың мойнында 18 триллион теңге несие бар көрінеді. Оның ішінде тұрғындар шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 миллиард теңге онлайн қарыз рәсімдеген. Ал, осындай жағдайда елімізде былтырдан бері қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасының тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға қосар үлесі зор болмақ.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Тіл оқыту орталығы: Жалақы аз, штат бос, маман жоқ
- 26 желтоқсан, 2024
Той мәдениетін көтеру көптің ісі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді