Қазақстан сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты біраз уақыт рубль аймағында қалды. Еліміз біртұтас экономикалық кеңістіктің сөгілуінен болатын жағымсыз істерді азайту үшін рубльден бас тартпады. Алайда, 1993 жылы Ресей Федерациясы Қазақстанды рубль аймағынан шығарғанын мәлімдеді. Соның салдарынан еліміз өз ақшасын шығарғанша Ресейдің рублін уақытша сатып алуға мәжбүр болды.
Қазақстан басшылығы бұл шаруаның көп ұзамай тығырыққа тірейтінін түсініп, 1992 жылы өз валютасын шығару үшін құпия шаралар қабылдады. Жаңа ақша шығару туралы келісімшарт жасалды. Кезінде Ұлыбритания фунт стерлингін алты жылда, Германия маркасын екі жылда жасаса, біздің банкнотымыз шебер ұйымдастырудың, үлкен еңбектің нәтижесінде өте жоғары сапамен, небәрі алты айдан астам уақытта басылып, елімізге жеткізілді. Төл теңгеміз сапасы мен дизайны жағынан әлемдік деңгейде алғашқы ондықтың ішіне кірді. Банкноттарымыздың сапасының жоғарылығы, дизайны үшін теңгемізді басып шығарған «Харрисон және оның ұлдары» фирмасына Ұлыбритания патшайымының «Алтын белгісі» табысталды.
Төл теңгемізді әзірлеп, оның халық игілігіне айналғанына дейін қыруар жұмыс атқарылды. Суретші-дизайнер Хайролла Ғабжалелов ақшамыздың шығуына үлкен еңбек сіңірген мамандардың бірі. Ұлттық банкпен келісімшартқа отырған Қазақстан дизайн орталығының бас директоры Хайролла Ғабжалелов және суретші Меңдібай Әлин 1,3,5,10,20,50,100 теңгенің дизайнын жасап шығарды. Алғашқы теңгелердің дизайнында Шығыстың ұлы ғұламасы, әлемнің «екінші ұстазы» атанған әл-Фараби бейнеленуі – елімізді асқақтата түсті.
Естеріңізде болса, бір теңгелік банкнотта Әбу Насыр әл-Фарабидің, үш теңгеде – Сүйінбай Аронұлының, бес теңгеде–Құрманғазы Сағырбайұлының, он теңгелік банкнотта – Шоқан Уәлихановтың, жиырма теңгеде – Абай Құнанбайұлының, елу теңгеде – Әбілқайыр ханның, ал жүз теңгеде Абылай ханның бейнесі болған еді. Десе де, осы жылдар аралығында төл теңгенің сыртқы келбеті талай мәрте өзгертілді. Ондағы тұлғалар алынып тасталып, банкноттарда қазақтың көрнекті жерлері, тарихи жәдігерлер мен ескерткіштер көрініс таба бастады. Мәселен, 2016 жылдың 1 желтоқсанында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 10 000 теңгелік банкноталар, одан кейін 20 000 теңгелік банкноттар айналымға шығарылды.
Тәуелсіз еліміздің азаматтары теңгенің шығуын ұзақ күтті. Ол алғаш қолға тиген кезде қандастарымыздың қуанышында шек болмады. Ұлттық валютамызды қалай атау жөнінде атқамінер азаматтар мен оны жасаушылар арасында үлкен талқылау болды. Ақыры олар ұлтымызда ежелден аталып жатқан осы атауға тоқтады. Теңге – тең деген мағынаны білдіреді.
Сол кезде Қазақстанның егемен ел болғанын қаламайтындар жоқ емес еді. Теңге тиелген ұшақтарға қастандық жасалмайды деп ешкім айта алмайды. Елбасы бірде теледидарда берген сұхбатында ұшаққа тиейтін кезде теңге салынған қораптардың сыртына «төлқұжат» деп жазуға тура келгенін айтқан болатын. Міне, осындай көрегенділіктің нәтижесінде теңге ел игілігіне айналады.
Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңгенің жасалу тарихы Тұңғыш Президентіміздің 1993 жылғы 12 қарашадағы №1399 «Қазақстан Республикасында Ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлығымен басталды. 1993 жылы 15 қарашада құжатқа сәйкес елде Ұлттық валюта – теңге енгізілді. Мұның өзі тәуелсіз Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа деңгейінің негізі болды. Теңгенің айналымы елімізге ұлттық нарықтық экономиканы құру үшін қажетті алғашқы қадамдарды жасауға мүмкіндік береді.
Теңгенің сапасы жоғары. Сондықтан оны қолдан жасау қиын. Оның 18 қауіпсіздік деңгейі бар. Бұл – сутамғы белгілері, қауіпсіздік жіптері, айқын және қайталанатын жасырын белгілер, кішкентай жазулар және басқалар. Ол – әлемдегі ең қауіпсіз ұлттық валюталардың бірі. Ұлттық банк банкноттарымен және монеталармен бірге инвестициялық, коллекциялық монеталарды шығарады. Инвестициялық монеталар бағалы металдардан: алтын және күмістен жасалған. Олар шектеулі мөлшерде шығарылады.
Монеталарға тоқталар болсақ, еліміздегі ең алғашқы теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының жанында ашылғанын көпшілік біле бермейді. Қазақстан тарихында қазіргі айналымдағы монеталар тұңғыш рет 1998 жылдың қараша айында еліміздің монета алаңында шығарылған. Қазіргі таңда аталған кәсіпорын Ұлттық банктің тапсырысымен, түрлі түсті металдардан, алтын және күмістен монеталар жасап шығарумен айналысады. Мұндай монеталарға түрлі номиналдағы циркуляциялық, естелік, коллекциялық монеталар және тағы басқалар жатқызылады. Сонымен қатар, теңге сарайы ұлттық наградалар мен медальдарды дайындаумен де айналысады. Осы жылдар аралығында Қазақстанның төл теңгесінің төрт сериясы шығарылып, алты номиналға банкноттар мен жеті номиналдағы монеталар шығарылған екен. Бүгінгі таңда республика бойынша 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар айналымда жүр. Ал, монеталар қатарында 5,10,20,50, 100 және 200 теңгелік монеталар айналымда.
Бұл жылдар арасында қазақстандық теңге талай мәрте үздік банкноталар атағын алып үлгерді. Мәселен, 2011 жылдан бастап үш жыл қатарынан отандық банкноттар әлем бойынша үздік банкноттар деп танылды. Қазақстандық банкноталары 2014 жылы түркі жазуына арналған «Күлтегін» естелік банкноты Халықаралық банкнот қауымдастығының (IBNS) нұсқасы бойынша 2013 жылдың үздік банкнотына айналды. Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) 2007 жылы номиналы 10 мың теңгелік банкнотты әлемдегі ең үздік деп таныды. 2016 жылы 20 мың теңгелік банкнот High Security Printing Europe конференциясында үздіктер қатарынан табылды. Сонымен бірге ол 2015 жылдың үздік аймақтық банкноты деп танылды. Төл теңге айналымға енгелі бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, ол тұғырлы тәуелсіздіктің, ел егемендігінің символы болып қала бермек. Жыл сайын атап өтілетін Ұлттық валюта күні соның айғағы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді