ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Бүгінде алып құрылыс алаңына айналған қаланың «Ұлы дала» шағынауданында қазір 34 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде 10 үйдің құрылысы толығымен тәмамдалса, 17- сін биыл жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Ал қалған 7 тұрғын үй келесі жылға өтпелі болып отыр. Мұндағы 34 көпқабатты үйдің 4-уі арендалық үй, ондағы пәтер саны 240 болса, 30 кредиттік тұрғын үйдегі пәтер саны – 1562. Сондай-ақ, Асанбай Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапта (16-шы шағынаудан) 16 үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, бүгінде 6 тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Сонымен қатар, мемлекеттік құрылыс саласындағы келісімшартқа сәйкес, осы жылдың соңына дейін 6 үйдің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Аталған шартқа байланысты қалған 4 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігерлігімен келесі жылға өтпелі. Бұған қоса биыл аталған алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда.
Биыл «Әулие-Ата» (14) шағынауданында да құрылыстың қазығы қағылды. Нақтырақ тоқталсақ, мұнда 22 тұрғын үйдің құрылысын салу нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттама толық әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Жобалаушы мекеме – «Капитал Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі кезде нысандардың мердігер мекемелері анықталып, келісімшарт жасалған. Ал техникалық қадағалау бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, келісімшарт жасалуда. Бүгінде аталмыш нысандарды құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жоба бойынша тұрғын үй ішкі алаңдық инженерлік желілерімен бірге қарастырылған.
КӨПТЕН ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН КӨШЕЛЕРГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛУДЕ
Осы аптаның алғашқы күні шаһардағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысанды аралаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков әуелі Жібек жолы мен Балуан Шолақ көшелерінің қиылысындағы жол салу жұмыстарын көрді. Қазір мұнда жол негіздемесі дайындалуда. Қала әкімдігінің хабарлауынша, күн райы мүмкіндік беретін болса, асфальт салу жұмыстары басталады. Айта кетсек, биыл жалпы ұзындығы 95,3 километрді құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 километрді құрайтын 165 көшеге шағал жол төселуде. Сондай-ақ, көптен бері өзекті болып келген «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің былтыр 13-і асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты салынуда. Ал, «Барысхан» тұрғын алқабында биыл жоспарланған 8 көшеге асфальт жабындысы толығымен төселіп біткен.
Жалпы, соңғы екі жылдың көлемінде қалада жол құрылысы қарқынды жүруде. Десе де төселіп жатқан жолдың сапасы әлеуметтік маңызы бар мәселе екенін естен шығармаған абзал. Сол себепті, жолдың сапасы қатаң бақылауда болуы қажет. Бұл тұрғыда қала әкімдігі мен «Ұлттық жол активтерінің сапасын арттыру орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы бірлесе жұмыс жүргізуде. Құрылыс- монтаждау жұмыстарынан кейін аталған мекеме мамандарының қатысуымен жол бөлігінен керн алынып, жол негіздемесі және асфальт жабындысына сараптама жүргізеді. «Сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда ғана тиісті нысан пайдалануға қабылданады. Ал, кемшілік анықталған жағдайда жауапты мердігер компания оны жояды немесе тиісті шаралар қабылданады. Сондықтан қалада салынып жатқан жол құрылысы тұрақты әрі қатаң бақылауда» дейді мамандар.
САПА – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНДА
Жуырда қала әкімі «Тектұрмас» кешенінде бой көтеріп жатқан «Ежелгі бекініс» ғимаратына барды. «НұрТұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігерлігімен құрылысы жүріп жатқан нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Сәтін салса, желтоқсан айының ортасына дейін аталған жұмыстар толығымен аяқталады деп жоспарлануда. «Екі мың жылдық тарихы бар көне шаһар үшін бұл құрылыстың орны ерекше. Қаламыздың сан ғасырлық шежіресін түгел қамтитын кешен тек тұрғындар ғана емес, туристер үшін де таптырмас орынға айналып, қызығушылығын туғызады деген сенімдеміз. Сондықтан, құрылыс жұмыстары жоғары деңгейде атқарылуы керек. Оның үстіне тиісті жұмыстар аяқталған соң, нысан аумағын құрылыс қалдықтарынан тазалап, осында аялдаған қонақтар үшін қолайлы жағдай туғызуға тиіспіз», – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұған дейін қала әкімі Б.Орынбеков шаһардағы бірқатар нысандарды аралау кезінде «Ұлы дала» шағынауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан білім ордасына барып, ғимараттың ішін аралап көрген болатын. Қазір сыйымдылығы 1200 орынды мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Тек монтаждау, тазалау және сыртқы абаттандыру секілді бірлі-жарым жұмыстар ғана қалған. Қала басшысы өз кезегінде жауаптыларға аталған жұмыстарды тезірек тәмамдап, оқу ордасын ел игілігіне ертерек беруді тапсырды. Жалпы жоба шеңберінде Таразда 4 «Жайлы мектеп» бой көтеруде. Оның 1-уі жуырда ғана «Бәйтерек» шағынауданында пайдалануға берілсе, алдағы уақытта «Шөлдала» алқабында 600, «Ұлы дала» шағынауданында 1200 және 2000 орынды оқу ордасы есігін айқара ашады деп күтілуде.
Келесі кезекте Бақытжан Әмірбекұлы Асқаров көшесінің соңындағы 16-шы шағын ауданға ат басын бұрып, салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты. «Жаңа тұрғын үйлердің сапасы – біздің жіті назарымызда. Сондықтан барынша кемшіліктерге жол бермеуіміз қажет. Жалпы, жаңа үйлердің бағасын біз емес, халық беретінін ұмытпайық! Сондай-ақ, тұрғын үйлермен қатар, аулаларға орнатылған ойын, спорт алаңшаларының да сапасын қаперден шығармаған жөн», – деген әкім бұл бағыттағы жұмыстар әрмен қарай да жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар, шаһар басшысы «Казпоселок» алқабы, Ниязымбетов көшесіне төселген жолдың сапасын тексеріп, бұдан кейін «Жамбыл су» мекемесіне берілген су жаңа техникалардың жағдайымен танысты.
23 КИЛОМЕТР ЖАЯУ ЖҮРГІНШІ ЖОЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Соңғы екі жылдың бедерінде облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өттік. Әсіресе, талай жылдан бері жөндеу көрмеген жолдарға басымдық берілген. Әрине, осы ретте тұрғындарға жайлылық тудыру мақсатында жаяу жүргіншілер жолы да назардан тыс қалған емес. Соның дәлелі – биыл шаһарда 23 километрді құрайтын 12 жоба бойынша жаяу жүргінші жолын салу жоспарланған. Сонымен қатар, Жібек жолы мен Балуан Шолақ көшесі қиылысында кептелістің алдын алу мақсатында екі оңға бұрылатын жолақ салынуда. Қазіргі таңда Пушкин көшесі мен Бектұрғанов көшесінде, Әйтиев көшесінде, «Ұлы дала» шағынауданындағы жайлы мектеп маңында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде. Ал облыстық онкологиялық орталық пен IT- лицей аумағында жаяу жүргінші жолы бірер күнде аяқталмақ. Қалған көшелерде құрылыс жұмыстары толығымен тәмамдалған.
ОРТАЛЫҚТАҒЫ ОН БІР ҮЙ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ
Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй болса, өзекті мәселелерге жататын 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 614 үй жөндеуден өткізуді қажет етеді. Биыл 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржысы толық қарастырылған. Сондай-ақ, қаланың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы әзірленді. Оның ішінде, 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары биыл қарқынды жүрді. Ал, қалған 13 үйді жаңғырту келесі жылға жоспарланған.
25 АУЛА АБАТТАНДЫРЫЛДЫ
Көне шаһарды көріктендіру аулаларды абаттандырудан басталатыны анық. Қаланы дамытуға бағытталған үш жылдық жоспарда да бұған ерекше екпін түсірілген. Осы мақсатта биыл облыс орталығында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, аулаларды абаттандыру, оның ішінде, балалар ойын алаңшасын салуға қала қазынасынан тиісті қаражат бөлініп, 25 мекенжайда жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, биылдың өзінде жаңа 9 спорт алаңшасы ел игілігіне берілсе, 14 нысан күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілді.
ЖАҢА 75 АЯЛДАМА ОРНАТЫЛДЫ
Әдетте, қаланың әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің тиімді де іркіліссіз жұмыс істеуі үшін жол-көлік инфрақұрылымы жоғары деңгейде болуы қажет. Сонда шаһардағы өмір сүру деңгейі де барынша сапалы әрі қолайлы болмақ. Сондықтан, бүгінде Тараз қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Әрине, бұл іс тек автобустарды жаңалаумен ғана шектелмесі анық. Қоғамдық көліктер көбейген сайын нақты орны белгіленген, ыңғайлы аялдамаларға деген қажеттілік те артуда. Тараз қаласын дамытудың үш жылдық жоспарында бұған да баса мән берілген. Соған орай, былтыр шаһар аумағына 36 аялдама орнату үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «RusStroy» ЖШС- мен 21, «Строительная компания NSN» ЖШС-мен 15 аялдама орнату үшін келісімшарт жасалған еді. Сондай-ақ, «Жасыл ел-Тараз» ЖШС тарапынан бұрын қолданыста болған 6 аялдама қайта қалпына келтірілді.
Биыл да жалғасын тапқан жүйелі жұмыстардың аясында «DarynKazStroyGroup» ЖШС-мен 75 аялдама орнату бойынша келісімшарт жасалды. Тұрғындардың сұранысы бойынша аялдамаларды қаланың шет аумақтарына, әсіресе, жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудандарға, тұрғын алқаптарға орнатуға барынша басымдық берілгенін атап өткен жөн.
ШАҒЫНАУДАНДАР САМАЛАДАЙ ЖАРҚЫРАП ТҰР
Шағынаудандардағы үлкен мәселелердің бірі аулалардың жарығы болатын. Биыл бұл мәселе өз шешімін тапқаны тұрғындарды қуантты. Қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 шағынауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы мен 79 кіреберіс жолдар түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Сейфуллин көшесінің бойына (Қонаев көшесінен Саңырық батыр көшесі аралығы) және Жамбыл даңғылына (Сәтпаев көшесінен Сыпатай батыр көшесі аралығы) жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Сондай-ақ «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар, биыл қаладағы 76 көшені жарықтандыру қолға алынған.
КАНАЛИЗАЦИЯ МӘСЕЛЕСІ КӨП ҰЗАМАЙ ШЕШІЛМЕК
Қазіргі таңда Тараз қаласында кәріз сулары кешенін салу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Бүгінгі күні кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сондықтан қаланың кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Еуропалық қайта құру және Даму банкінен грант бөлініп, техника- экономикалық негіздеме жасалып, бүгінде ол мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұл құрылыс жұмыстары 2025-2027 жылдарға жоспарлануда. Оның қуаттылығы тәулігіне 100 мың текшеметр болады деп болжануда.
ҚОҚЫС ТАСТАЙТЫН АЛАҢДАР ЖАҢАРТЫЛУДА
Бүгінде тұрғын үйлер аумағындағы қоқыс тастау орындары үлкен мәселеге айналғаны жасырын емес. Әсіресе, ауа райының құбылмалы күндері контейнерлердегі қоқыстар жан-жаққа шашылып, жұртшылыққа қолайсыздық тудыратын. Оның үстіне кейбір тұрғындардың құрылыс қалдықтарын бей-берекет лақтыра салуы да аталған мәселені одан сайын күрделендіре түсетін.
Тараз қаласының аумағын аралау барысында облыс әкімі осыған баса назар аударып, нақты тапсырма жүктеген болатын. Соған байланысты қала әкімдігі тарапынан арнайы пилоттық жоба қолға алынған. Аталмыш жоба аясында «Құрылыс-2015» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, қоқыс алаңдарын бетон бағаналармен қоршау жұмыстары басталды. Айталық, бүгінде Ұлбике ақын көшесі, №115, «Қаратау» шағынауданы, №44, «Алатау» шағынауданы, №1, 2 және Төле би, №48 мекенжайындағы қоқыс алаңдары толығымен жаңартылса, «Аса» шағынауданы, №15, 15б, 16, 17, 24 тұрғын үйлері маңындағы алаңдар бірер күнде аяқталады. Қазіргі таңда мұнда алаңдардың айналасын асфальттау секілді бірлі-жарым жұмыстар ғана қалған. Осылайша, биыл жалпы саны 20 қоқыс алаңын жаңғырту жоспарлануда. Қазір шаһардағы 328 қоқыс алаңында 1540 контейнер орналасқан. Егер пилоттық жоба жыл аяғына дейін өз тиімділігін көрсетсе, келер жылы тағы 200 қоқыс алаңын жаңалап, бюджет есебінен қосымша 1 мыңнан аса контейнер сатып алу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде қала тазалығын сақтап қана қоймай, қоқыс салатын жәшіктерді көбейтіп, оны таситын көліктердің емін- еркін қатынауына да мүмкіндік береді.
«ТҮЙТЕ» КАНАЛЫНЫҢ БОЙЫНА «ҚАН ЖҮГІРДІ»
Қаланың ирригациялық жүйесі жақсарса, шаһардың шырайын арттырып қана қоймай, сел тасқынынан сақтануға да септігін тигізеді. Осы мақсатта биыл облыс әкімінің тапсырмасымен шаһар аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынған болатын. Осының нәтижесінде каналдар толығымен тазартылып, жаңа кейіпке енуде. Мәселен, қазір «Сенім Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Түйте» каналының, атап айтқанда, «Ұлы дала» шағынауданы мен «Бурыл» алқабы ортасындағы бір бөлігіне абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Каналдың абаттандырылатын бөлігі 1738 метрді құрайды. Аталған жұмыстар ойдағыдай аяқталса, каналдың бойы тұрғындар сейілдейтін демалыс орнына айналатыны сөзсіз. Бір ескеретін жайт, нысан келесі жылға өтпелі.
ТАЗАЛЫҚ ОНЫ САҚТАҒАН ЖЕРДЕ БОЛАДЫ
Тазалық тазаланған емес, таза ұстаған жерде орнайды. Бұл қағидат бүгінде өз құндылығын жойған емес. Қала әкімінің кеңесшісі Нұржан Нұралиевтің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда «Жасыл ел-Тараз» мекемесі тарапынан кәсіпкерлік нысандармен жұмыс жүргізіліп, 1386 келісімшарт жасалған екен. Олардың 1137-сі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан кәсіпкерлік нысандар. Ал жеке ғимаратта орналасқан 172-нің өз қоқыс алаңшасы болса, 77-сі көпқабатты тұрғын үйлерге арналған қоқыс алаңдарына тастайды. Тұрмыстық қатты қалдықтарға келер болсақ, шаһар бойынша 350 қоқыс алаңы орнатылған. Аталған алаңдар 1500 қоқыс жәшігімен қамтылған. Бүгінгі таңға қоқыс жәшіктерінің жарамдылығы 85 пайызды құраса, қалған 15 пайызын ауыстыру немесе қалпына келтіру қажет етілуде. Күнделікті тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға 17 арнайы қоқыс шығаратын техника, 3 тиегіш және 10 өзі аударғыш «КамАЗ» автокөлігі жұмылдырылған.
Тараз аумағында құрылыс қалдықтары, стихиялық қоқыстың тиісті орынға тасталынуы, тұрғындардың тазалық сақтауы бойынша аумақтық инспекторлар тарапынан да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, күл-қоқыстарды арнайы орынға тастамаған тұлғалар бойынша жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде былтыр 1392 тұрғынға ескерту беріліп, 35 адамға айыппұл салынған болатын. Ал, биылғы жылдың 15 тамызы мен 5 қыркүйегі аралығында көше бойына құрылыс материалдарын тастаған, қоршаған ортаны ластаған 264 заң бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 221 азаматқа ескерту берілсе, 43-іне айыппұл салынды. Сондай-ақ, 15 қыркүйектен бүгінгі күнге дейін тазалық талабын сақтамаған 201 нысан иесі анықталса, 164 азаматқа ескерту берілді. Сонымен қатар, 37 тұрғынға айыппұл салынды. 15 қазаннан 7 қарашаға дейінгі аралықта санитарлық-тазалық нормасына нұқсан келтірген 231 тұрғын анықталып, оның ішінде 199 адамға ескерту берілсе, 28 нысан иесіне айыппұл салынды.
Жоғарыда айтылғандай, облыс орталығында атқарылған ауқымды жұмыстар баршылық. Дегенмен алдағы уақытта қолға алынатын шаруалар, жоба-жоспарлар одан да көп. Сондықтан, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелердің бәрі қаланы дамытудың үш жылдық жоспарына енгізілген. Даму жоспарына сәйкес, тиісті жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді