«Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз» жобасы бойынша мемлекеттік грант аясында ұйымдастырылған аталмыш шараға аймақ жастары мен ардагерлері, әлеуметтік мекемелер және сала басшылары, құқық қорғау органдарының мамандары мен облыстық сот судьялары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев жүргізген жиында облыс билері кеңесінің 2023 пен 2024 жылдары атқарылған жұмыстары және алда тұрған міндеттер туралы, Меркі мен Жуалы аудандық Билер кеңесінің жұмыстары, Шу аудандық, қалалық, Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмыстары, Шу аудандық орталық және қалалық ауруханалардың аумақ ардагерлеріне жағдай жасаудағы жұмыстары туралы мәселелер қаралды.
Облыстық Билер кеңесінің есеп беріп отырған мерзімінде өңірімізде билер алқасы дау-дамайды сотқа дейін немесе сот үрдісі барысында шешу жолдарын жемісті жүргізіп келеді.
Облыстық, аудандық, ауылдық билер алқаларының белсенді жұмыстары мен кәсіби біліктіліктерінің арқасында 2023 жылы 1769 даудың 1070-і сотқа жетпей келісімге келу арқылы шешіліпті. Бұл жайлы конференциядағы басты баяндамашы, облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов мәлім етті.
Ал биыл, Оңласын Қарабайұлының айтуынша, он айдың қорытындысымен 891 даудың 497-сі сотқа жетпей шешілген.
Республикалық «Дәнекер» пилоттық жобасы аясында облыс билері жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтың еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарынан туындайтын даулардың деңгейін төмендетуге ықпал етуде. «Дәнекер» қанатқақты жобасын жүзеге асырудағы аудан билерінің жұмыстары ай сайын зерделенеді. Осы орайда Талас және Жуалыдағы белсенді жұмыстарды атап өтуге болады.
Облыстық Билер кеңесінің жоспарына сәйкес 7 алқа мәжілісі, 5 дөңгелек үстел, 22 семинар кеңестер өткізілген. 337 зейнеткер қоғамдық қабылдауда болған. Билер кеңесінің іс-тәжірибесі жайлы үш кітап шыққан, 21 альбом жасалыпты. Баспасөз беттерінде 335 мақала жарияланған. «Шешендік өнер – өмірлік қазына», «Батаменен ел көгерер», «Батагөйлер сөз сайысы» байқауларын өткізген кеңестегі билер саны қазір облыс бойынша 566-ға жетіпті.
«Билер кеңесінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, парасаты мол, біліктілігі зор, тәжірибелі ардагерлер мен дін өкілдері тартылды. Таластағы Сәулембай Әбсадықұлы, мойынқұмдық Жамбыл Қалыбаев, тараздық Сатыбалды Досымбеков, жуалылық Мұратқали Рахметов, меркілік Медербек Өзбеков сынды халыққа сыйлы, айналасына белгілі аудандық билер кеңестерінің төрағалары даулы мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен, татуластыру, бітістіру мақсатында шешіп, екіжақты пәтуаластыруға қабілетті екендіктерін танытуда. Билер кеңесінің тиімділігіне көз жеткізген сайын жұртшылықтың оған сенімі де, арқа сүйенуі де артып келеді», – дейді Оңласын Есіркепов.
Билер жұмысының мәселесі турасында сөз сөйлеген облыстық соттың судьясы Дәулет Тасыбаев өздерінің осы билер кеңесімен араларында тығыз байланыс орнатылғанын, барлық деңгейдегі билер кеңесі мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинарлардың ұдайы ұйымдастырылып тұратынын, республикалық медиаторлар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Нұрбала Оразқұлованың «Медиация негіздері» тақырыбында семинар өткізгенін, нәтижесінде облысымыздың беделді 120 азаматына «Қоғамдық медиатор» сертификаты тапсырылғанын тілге тиек етті.
Мұнан кейін сөз алған Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өміралиев, Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Милис Бейсембаев, аудан әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева, аудандық орталық аурухананың және қалалық орталық аурухананың бас дәрігерлері Жайдар Айтишев пен Қуаныш Төлепбергеновтың мәліметтерінен де Шуда бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанынан және ардагерлерге жағдай туғызуда пайда болып отырған кедергілердің де бар екенінен құлағдар болдық.
Шу ауданында есепте тұратын 6764 ардагердің 3598-і ауылдық округтердегі бастауыш ұйымдарда тіркелген, басқалары кәсіпорындарда, мекемелерде, оқу орындарында, медицина саласында еңбек етіп зейнетке шыққандар екен. Ал, қаладағы ардагерлердің 23 бастауыш ұйымында 5390 зейнеткер тіркелген. Олардың көпшілігі теміржол саласында қызмет етіп, зейнетке шыққандар. Аудандық ардагерлер кеңесі де, қалалық кеңес те ардагерлерінің денсаулығын нығайтуға бағытталған жұмыстарын нақтылап алған. Бұл бағытта аудандық, сондай-ақ қалалық әлеуметтік және денсаулық сақтау орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда көзделген 10,0 миллион теңгенің 8,5 миллионға жуық қаражаты игеріліпті. Соның арқасында ағымдағы жылы 50 ардагер Бурабай, Сарыағаш, Жаңақорған, Меркі, Айша бибі шипажайларында демалып, денсаулықтарын түзеп қайтқан. Әрбір демалушы ардагерге 166,0 мың теңгеден қаражат берілген. Бүгінде 13 ардагер шипажайларда демалуда.
Аудандағы ауруханаларда ардагерлерге арнайы 5 төсек орын бөлінген. Биылғы жылы 937 ардагер скринингтен өткен, 725 ардагер дәрі-дәрмекті тегін алуда.
Жиында «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков ардагерлерді журналға жазылуда белсенділік танытуға шақырса, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, өңірлік «ТОТО-МҰРА» ЖШС «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов та үлкен мәселе көтерді.
Әртүрлі қоғамдық жұмыстарға ардагерлерді көптеп тарту, оларға арнап, олардың бос уақыттарын тиімді өткізуге байланысты белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын көптеп ашу, ардагерлерді шипажайларда демалдыруды жүйелі жүргізу, аға буын мен жас толқынның ынтымағын арттыру мақсатында кездесулерге, іс-шараларға жиі қатыстыру тақырыптары қашанда өзекті. Бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігін арттыру, ардагерлер ұйымдарының өткізген іс-шаралары мен қариялар белсенділігі туралы аймақ баспасөздерінің беттеріне жариялауды тұрақты қамтамасыз ету басты мақсат болып табылады. Оның бастауыш ардагерлер ұйымдарының БАҚ-қа жазылудағы белсенділігін көтермелеп арттыруға назар аударылуы тиіс деген ұсынысы да көңілден шықты. Республикалық «Ардагерлер айнасы» және облыстық «Ғұмыр-Дария» газеттеріне, басқа да мерзімді басылымдарға жазылған ардагерлердің мекенжайларына газет-журналдардың уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету «Казпошта» облыстық филиалы басшылығынан сұралды.
Жиынға қатысқан «Казпошта» мекемесінің бөлім басшысы Гүлмағиза Кервенева мен мекеменің сату бөлімінің бас маманы Жанат Әшірімбет бұл сұраныстардың толықтай қанағаттандырылатынына көпшілікті сендірді.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді