Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы және армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов ақпарат саласына айрықша мән беріп, тұңғыш әскери газет пен телефотостудияның ашылуына тікелей өзі мұрындық болды. Сол тұста газеттің жауапты редакторы болып подполковник Виль Рахманқұлов тағайындалады. Кейіннен 1993 жылы басшылыққа келген полковник Сапарғали Жағыпаров жеті жылдан астам уақыт шығармашылық ортаның шырайын келтірді. Бұл есім Қазақстан Қарулы Күштеріндегі қалам ұстаған әріптестер үшін аңызға айналған.
Сапарғали Нұрдәулетұлы 1993 жылы «Елге де әскери журналист керек» деп туған жерге оралады. Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің қабылдауында болып, жаңадан ашылған газеттің редакторлығына тағайындалады.
Ол жайында өзі:
«Көп жылдық әскери қызметімде талай бастықты көрдім. Алайда, Сағадат Нұрмағамбетовтей сыпайы, қарапайым, кішіпейіл адам некен-саяқ. Орта Азия әскери округінде қызмет етіп жүргенімде Сағадат Қожахметұлымен бірге Қырғызстандағы әскери бөлімдерде қызметтік іссапарда болғаным бар. Ұмытпапты. Құшақ жая қарсы алды. Алғашқы күннен әкелік қамқорлығын көрсетті. «Өз елің, өз әскерің. Соған жан аямай қызмет ете біл!» деп батасын беріп еді», – деп еске алады.
Бар саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған полковник Сапарғали Жағыпаров тәуелсіздік жылдарында әскери журналистер шоғырын тәрбиелеп шығарды. «Қазақстан сарбазынан» қанат қаққан сол үркердей топ ұстаз сенімін ақтай білген сияқты. Ал, олардың бүгінгі ізбасары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Дина Мухаринова екенін біз де әрдайым мақтан тұтамыз. Кейіпкеріміздің ата-анасы Омбыдан Қазақстанға көшіп келген. Алдымен Алматыға, кейін Жамбылға, көп ұзамай Жаңатасқа қоныс аударған.
– Мен Жаңатас қаласындағы Октябрь революциясының 60 жылдығы атындағы орта мектепті бітірдім. Мұғалімдеріміз керемет еді. Әлі күнге дейін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Любовь Никитинаны үлкен құрметпен еске алып отырамын. Менің тілге, жазуға деген сүйіспеншілігімді оятқан сол кісі еді, – дейді Дина Николайқызы.
Нәзікжанды әскери қызметші мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ жергілікті «Қаратау кеншісі – Горняк Каратау» газетіне мақалалар жариялап тұрған. Мақалаларында негізінен парашютпен секіруге деген құштарлығы және ДОСААФ авиациялық-техникалық спорт клубында жаттығатыны жөнінде баяндайтын. Әскери өмірге бала кезінен қызығатын ол осы күнге дейін шамамен 400 мәрте парашютпен секірген. Динаның әскери қызметкер болу арманының астарында кеңес жауынгерлерінің ерліктеріне деген құрмет, солардай болсам деген мақсат жатты. Ал, анасы Светлана Борисқызы қызының журналистикаға барғанын қалайды. Осылайша, бойжеткен Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, үздік аяқтайды. Оқуын тәмамдап, жұмыс бойынша жолдама күтіп жүргенде ойламаған жерден облыстық радиодан ұсыныс түседі. Өңірлік радиоға журналист керек екенін білген анасы Светлана қызының мақалалары жарық көрген газеттерді жинап, радионың бас редакторы Николай Крестовскийге барған екен. Сұхбат сәтті өтіп, көп ұзамай қызы жұмысқа қабылданады. Кейін облыстық телеарнаға жаңалықтар тілшісі болып ауысады. Журналистикада жүрсе де әскери қызметкер болсам деген арманынан күдер үзбеген кейіпкеріміз авторлық «Гарнизон» телехабарын жарыққа шығарады. Жауынгерлер өмірінен сыр шерткен жаңа жобаны облыс тұрғындары жылы қабылдайды.
– Бағдарламаның ең алғашқы шығарылымын 14157 әскери бөлімінде түсірдік. 1998 жылы сол кездегі Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесінің алғашқы түлектерінің ұшқанына куә болу үшін облысқа келді. Кәсіби міндетім болған соң мен де полигонда жүріп, сюжет түсіріп жаттым. Министр мені байқап, әскерге мен сияқты жалындап тұрған белсенді адамдар керек екенін айтты. Осы оқиғадан кейін жарты жыл өткенде Қорғаныс министрлігіндегі телефотостудияның директоры болып тағайындалдым. Жаңа қызметте теледидардағы тәжірибем көп көмектесті. Мұнан соң, республикалық «Qazaqstan» телеарнасында көрсетілетін «Қазақстан Республикасына қызмет етемін» бағдарламасын жүргізетін болдым. Бағдарлама соңында сарбаздар мен жауынгерлердің аналарының редакцияға жолдаған хаттарын оқып беретінмін. Хаттар «Сәлеметсіз бе, біздің әскери қарындасымыз Динажан...» деп басталатын. Бір өкініштісі, сол жазбалардың біреуі де сақталмай қалды, – дейді ол.
Айта кетейік, кейіпкеріміз 2000 жылдардан бастап еліміздің барлық әскери бөлімдерін аралап, қазіргі уақытта республика армиясын басқарып отырған офицерлердің басым бөлігімен кездескен. Көп ұзамай Қорғаныс министрлігі Астанаға көшіп, Дина телестудия филиалының өкілі ретінде Алматыда қалды. Әскери журналист «Хабар» телеарнасындағы «Әскер: А-дан Я-ға дейін» айдары мен «Әскер істері» бағдарламасын жүргізді. Көптен күткен қызы Диана дүниеге келгенде декреттік демалысқа шығады.
– Продюсерлер мені бір айдан кейін жұмысқа шақырды. Бірақ мен аналық өмірдің қызығынан қол үзгім келмеді. Қызым екі жарым жасқа толғанда бір-ақ қызметімді жалғастырдым. Заман ағымымен Қорғаныс министрлігіне қарайтын телестудиямыз департаментке, одан кейін Қорғаныс министрлігінің бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі бөліміне айналды. Сөйтіп, журналистер мен әскердің арасындағы алтын көпір бола білдім, – дейді.
2013 жылы қызымен бірге Таразға оралған ол «Оңтүстік» қолбасшылығына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадасында әскери тәртіп офицері болып қызметін жалғастырады. Бүгінде әскерилермен тығыз жұмыс істейтін Дина Мухаринова осынау саланың майталманына айналды. Сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігі, жетістігі, оларға қатысты жылт еткен жаңалық оның назарынан тыс қалмайды. Бастысы, әскери журналист – өз ісінің нағыз шебері. Жыл сайын оператор және фототілшілердің басын қосып, баспасөз турын ұйымдастырып тұратын оның алар асуы әлі алда.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді