Оның үстіне, қай заманда да айдыныңды тасытып, айбыныңды асыратын да, намыс туын желбіретіп, жаудың құтын қашыратын да – әскер. Ал, әскер – жанары жалын, кеудесі от жүректі жастардан құралады. Ендеше, біздің жастарымыз қорғасындай төзімді, болаттай батылдықты қажет ететін Отан қорғау ісіне қаншалықты дайын?
Жалпы, төрткүл дүниедегі түрлі қақтығыстар отандық Қарулы Күштер жасағының сақадай сай болуын талап етеді. Бірақ ел қауіпсіздігінде енжарлық танытып, әскерден қашып, шақыру қағазын елемей жүрген азаматтар бар. Дерекке сүйенсек, биылғы көктемгі науқанның өзінде 20 мыңға жуық жас әскерге барудан бас тартқан. Әсте бұған себеп те жоқ емес. Шын мәнінде, Қазақстанның 18 бен 27 жас аралығындағы кез келген азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті. Бастысы – жігіттердің денсаулығы жақсы болуға тиіс. Осы қағидаға сәйкес республика бойынша 700 мыңнан аса адам есепке алынған. Десек те, биыл тек 40 мың жаспен Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар және Мемлекеттік күзет қызметі құрылымдары қатарын толықтыру міндеті тұр.
Қазір елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Президент Жарлығына сәйкес, бұл желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады. Екі айға жетпейтін уақыт қалды. Жоспарланған жасақ құрамына жеткізе алмайтын сыңайлы. Жастар да әскери билетке ие болуға асықпай тұр. Басым бөлігі сол жердегі жағдайдан үрейленеді. Оқтын-оқтын медиаға жарияланатын сарбаздар туралы жайсыз хабарлар ата-аналарды да әбден үркітіп қойды. Әрине, бейбіт заманда әскердегі баласының даусынан үрейді сезіп, сұрағанын берген олардың артынша табытын құшақтап қалуы кімді болмасын бейжай қалдырмайды. Айталық, Қазақстанда кейінгі үш жылда 270 әскери қызметкер қаза болған. Ал, Бас әскери прокуратура кейінгі төрт жыл ішінде әскерде 90-ға жуық суицид фактісі тіркелгенін мәлімдеген.
Жасыратыны жоқ, әскерде әлімжеттік бары да белгілі. Жуырда ғана Жетісу облысы Сарыөзек ауылындағы 29108 әскери бөлімінде 19 жастағы сарбазды ұрып-соғып, өліміне себеп болған лейтенант «Билікті асыра пайдалану» бабымен 7 жылға сотталған еді. Қонаев қаласындағы 5571 әскери бөлімінде ажал құшқан Алмас Шахимов пен Арсен Ишановтың, әскерге сау кетіп, төсекке таңылған Ербаян Мұхтардың да оқиғасы ел есінде. Қиыны сол – оларды әскерге көшеден ұстап әкеткен. Қорғаныс министрлігі таяудағы брифингінде бұл әдіс енді қолданылмайтынын мәлімдеген. Бірақ жоғарыда келтірілген фактілер әу бастан зорлық көрінісі барын аңғартады. Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның өз сөзінде әріптестерімен бірлесе еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірлегенін жеткізді.
– Заң жобасы «Әскери қызмет туралы» заңын «әскери-патриоттық тәрбие», «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» терминдерінің мазмұнын заңнамалық тұрғыдан айқын¬дайтын жаңа баппен толықтырады. Сонымен қатар, осы норма республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құруды көздейді. Кеңес әскери-патриоттық тәрбиені дамыту бойынша ұсыныстар әзірлейді. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіреді. Жастардың бойында Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шынайы ақпарат беруге атсалысады, – дейді халық қалаулысы.
Айта кететін бір жайт, елдегі әскери жүйе әлі күнге дейін кеңес дәуіріндегі стандарттармен жұмыс істейді. Осы себепті, мұнда түбегейлі реформа қажет-ақ. Естеріңізде болса, бұған дейін әскерге шақыру жасын 18-ден 20-ға өзгерту туралы петиция жарияланған еді. Құжат авторлары бұл бастамада өзіндік себептерін де келтірген. «Психологиялық және физикалық тұрғыда жетілу, білімін жалғастыру, әскерден қашу мен құқықбұзушылық деңгейін төмендету, әскери дайындық сапасын жақсарту. Психологиялық зерттеулер бойынша жасы есейген кезде әскерге баратын жастардың әскерден қашу деңгейі азаяды. Мәселен, Швеция, Германия, Швейцария мен Аустрияда әскерге 19-20 жастан бастап шақырылады. Әскерге шақыру жасын 20 жасқа дейін көтеру әскери қызметтің тиімділігін арттырып, жас азаматтардың мүддесін қорғап, Қазақстанның қорғаныс жүйесінде оң өзгерістер әкелетініне сенімдіміз», – делінген құжатта.
Алайда, Мәдениет және ақпарат министрлігі петицияны қайтарды. Өйткені, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес петицияның мәні қорғаныс мәселелері бола алмайды. Яғни, Қазақстан заңнамасына сәйкес келмейді деп көрсетілген. Жалпы, мерзімді әскери қызметке шақырылудан бас тартқаны үшін азаматтарға заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Иә, Қарулы Күштер – ел тірегі. Сол үшін кез келген дені сау жас елінің патриоты болуды парызым деп түсініп, халқына қорған болуға ұмтылғаны абзал. Оның үстіне, әскери борышты өтеудің түпкі мақсаттарының бірі – жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Патриотизм – өзіңнің еңбегің мен күш-жігеріңді туған жерің мен Отанды көркейтуге жұм-сау деген ұғымды білдіреді. Патриоттық сезімнің нысаны – Отан десек, оның іргетасы – туған жер, ұлттық тіл, діл, дәстүр. Батыс ойшылдарының бірі Эпиктет: «Сенің туған жерге жасаған ең үлкен жақсылығың – оның ғимараттарын биіктетуің емес, азаматтарының ақыл-ойын өсіруің. Биік ғимараттарда аласа ойлы адамдар өмір сүргенше, аласа ғимараттарда ойы биік, парасаты жоғары адамдардың тұрғаны артық», – деген. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы», – дейді. Олай болса, ер азаматтың мойнындағы борышты білетін ұлша тәрбиеленген жігіттеріміздің көп болуы ортақ міндет. Әлеуметтік желілерде Отан қорғаушының абыройлы есіміне күйе жағушылар көп екенін де ұмытпайық. Қазіргі күні қоғамда дүрбелең туғызып, бұқараны дүдәмал ойға жетелеу сәнге айналған. Әйтсе де, Қорғаныс министрлігі қол қусырып, ауызды қу шөппен сүртіп қарап отырған жоқ. Ведомство тарапынан елдің қорғаныс қабілетін арттыру, ол үшін әскерді денсаулығы мықты, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілген, төрт құбыласы тең азаматтармен толықтыру ісі қарқынды жүргізіліп келеді. Себебі, сындарлы сәтте садақ тартар сарбаздарымыздың сақадай сай, бес қаруының әзір болуы – уақыт күттірмес міндет.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді