Мәселен, бір апта бұрын тараздық полицейлер жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген күдіктіні құрықтады. 42 жастағы азамат облыс орталығындағы ұялы байланыс операторының ғимаратына жарылғыш құрылғыны қойып кеткенін айтқан. Осылайша, шұғыл түрде облыстық полиция департаментінің арнайы саперлері, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, жедел-тергеу тобы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен аталған орталық ғимараты тексеріліп, ешқандай жарылғыш зат анықталмаған. Бұдан кейін, полицейлердің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жамбыл ауданының таулы алқабындағы шаруа қожалықтардың бірінен күдікті азамат анықталып, қамауға алынды. Ал, одан айғақ зат ретінде ұялы телефоны тәркіленген. Бүгінгі таңда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
ЖОСПАР – ЖҮЙЕЛІ, МАҚСАТ – АЙҚЫН
Құқық қорғау құрылымдарының дәл осылай тиімді жұмыс жүргізуі арқасында ел іші жарылыстар мен атыс-шабыстан аман. Оның үстіне бүгінгі таңда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қарсы күресу үшін заманауи техникалық құралдармен толыққанды жабдықталған. Тіпті, қоңырау шалған адам өз даусын өзгертіп сөйлесе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, қазіргі құрал-жабдықтар қылмыскерді анықтап ұстауға толық мүмкіндік береді. Оған бұзақылардың 90 пайыздан астамы бір тәуліктің ішінде «ізі суымай» табылып жатқандығы нақты дәлел бола алады. Бұрын таксофон арқылы қоңырау шалған адамды іздеп табу қиындық туғызатын болса, қазіргі ақпараттық технологиялармен жасалған кез келген әрекеттің ізін жасыру мүмкін емес. Осы орайда, «бәлен жерге бомба қойылды» деп жалған хабарлама беріп, бүкіл елді дүрліктіру әзіл де, ермек те емес екенін еске саламыз. Керісінше, бұл әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке алып келетін ойсыз әрекет.
Өкінішке қарай, жалған хабарлама жасайтын бұзақылар мұндай оқиғаның салдары қаншалықты ауыр болатынын әсте біле бермейді. Тіпті, білген күннің өзінде оған салғырт қарайды. Мысалы, көпшілік орында тез арада сыртқа шығу туралы дабыл берілгенде адамдар қорқыныштан бір-бірін итеріп, мертігіп қалуы ғажап емес. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедектер, қарттар мен кішкентай балалар да болуы әбден мүмкін. Ал, бұл жағдай олардың денсаулығына ғана емес, психологиясына да кері әсерін тигізері белгілі. Тәртіп сақшылары «мұндай қылмыстарды көбіне еріккен жастар мен жасөспірімдер және өз әрекетіне есеп бере алмайтын мас адамдар» жасайтынын алға тартады. Бұған дейінгі жағдайларға көз жүгіртсек, белгілі бір мекеменің басшылығынан кек алу, мектептегі сабаққа қатыспау секілді себептермен, тіпті, жай ғана ерігіп отырып осындай қадамдарға барғандар көп. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер көбінесе достарының алдында өзінің «батыр» екенін көрсету, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу немесе үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін жалған қоңырау шалады екен. Ал, террористік акт туралы көрінеу хабарлама жасайтын ересектер көбіне алкогольді ішімдікке мас немесе психикасы бұзылған адамдар болып келеді. Олар мұндай қылмыстарды бұзақылық және пайдакүнем ниетпен істейді.
БҰЗАҚЫЛАР КӨПШІЛІК ОРЫНДАРДЫ ӘДЕЙІ ТАҢДАЙДЫ
Мұндай қылмыст ардың ел ішінде қорқыныш пен үрей туғызатыны өз алдына, одан бөлек мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына кедергі келтіріп, орасан зор шығынға батыратыны бесенеден белгілі. «Жарылғыш зат қойылды» деп хабарланған ұйымның, әуежайлар мен сауда орындарының жұмыс кестесін бұзып, ұшақтардың ұшу уақытының кешігуіне немесе сауда-саттықтың тоқтауына түрткі болады.
Ал, полицейлердің осындай жалған шақыртуға бір рет шығуының өзіне 200-300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. Бұдан бөлек, ірі сауда орталықтарының жұмысы тоқтаса, әр сағат сайын миллиондаған теңге шығынға бататыны тағы бар. Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалдың өзі жыл сайын 500 мыңнан бастап 2 миллион теңгеге дейінгі сомманы құрайды. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенде оның рас не жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес.
Жалпы, мұндай «жарылғыш заттарды» қоюға дүмпу тудыру үшін адам көп жүретін орындар мен мекемелер әдейі таңдалады. Мәселен, сауда орындары, университеттер, мектептер, базарлар, мемлекеттік мекемелер. Сондықтан болуы ықтимал апаттың және адам шығынының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарына барынша жедел әрекет етуге тура келеді. Ең алдымен, тәртіп сақшылары адамдардың бәрін қауіпті аймақтан эвакуациялайды. Сосын ғимаратты бірнеше сағатқа жауып, арнайы мамандар хабарламаның рас-өтірігін анықтау үшін ғимараттың ішін түгелдей тексереді. Ол жерге полициядан бөлек, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдемнің күш- құралдары жұмылдырылады. Осылайша, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады. Айта кету керек, бүгінге дейін елімізде телефон арқылы түскен жалған хабарламалардың барлығы да расталған жоқ. Яғни, өтірік болып шықты. Алайда, «құмыра да мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген бар. Мамандардың әрбір келіп түскен ақпаратқа селқос қарамай, жіті тексеруі сондықтан. Өйткені оның артында, ең біріншіден, адам өмірі мен денсаулығы тұр.
«ТЕЛЕФОН ТЕРРОРИСТЕРІ» АЗАЯ ТҮСКЕН
Нақты деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда жалған хабарлама бергендердің 48-55 пайызы бұл қылықты мас күйінде жасаған. «Жалған террористің» әлеуметтік портретіне мұқият назар аударсаңыз, барлық қылмыстың 88 пайызын жұмыссыздар жасағанын анық аңғарасыз. Кейінгі 10 жылда жалпы саны 592 адам ұсталған болса, солардың 450-і, яғни 76 пайызы еш жерде тұрақты жұмыс істемейтіндер болып шыққан. Сондай-ақ, олардың арасында 55 мектеп оқушысы да бар. Айта кетейік, бұрын террористік акт туралы жалған хабарламалар көбіне көшедегі таксофондар арқылы түсетін болса, қазір басым көпшілігі, яғни, 85 пайызы ұялы телефон арқылы хабарланады. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет арқылы келіп түскен хабарламалар да бар. Олардың үлес салмағы – 8 пайыз шамасында. Тағы бір тоқталар мәселе, көбіне мұндай қоңыраулар жарылғыш затпен байланысты болғанымен, арасында басқа да қауіпті жағдайлар жайында телефон шалатындар бар.
ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТУШЫЛАР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Қуантарлығы, соңғы 10 жылда осы санаттағы қылмыстардың саны едәуір азайған. Мысалы, 2011 жылы елімізде 123 факті тіркелсе, 2022 жылы небәрі 50 адам «әзілдеп» қоңырау шалған. Ал, өткен жылдың 8 айдың ішінде 52 қылмыстық іс тіркелсе, оның 28-і сотқа жолданып үлгерген. Ішкі істер министрлігі экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бірінші басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Талқанбаевтың айтуынша, жалған ақпарат таратқан 16 адамға қатысты соттың үкімі шығып, оның ішінде 5-еуіне бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Бұдан бөлек, 8 азаматтың бас бостандығына шектеу қойылған.
– Екі азаматқа қатысты медициналық мәжбүрлеу шарасы қабылданды. 1 кәмелетке толмаған балаға қатысты тәрбиелік бағыттағы шаралар қолданылды. Айта кету керек, елімізде террористік акті туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу (14,5 миллион теңге) немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады. Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары да білуге тиіс. Сонымен қатар, сот шешімімен осы істің кесірінен келтірілген барлық шығын өтеледі. Егер оны кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі, – дейді Алмас Талқанбаев.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері фейк ақпараттардың қандай мақсатта жарияланғанын тексеру үшін интернет- ресурстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отыратынын мәлімдеді. Мониторинг барысында құқыққа қайшы ақпараттар немесе жарнамалар сынды хабарламалар таратқан сайттарды анықтап, олардың қызметін тоқтату яғни, бұғаттау үшін мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі тек өз құзыретіне жататын салалар бойынша мониторинг жүргізеді. Мәселен таратылған ақпарат мәдениет, әлеуметтік салаға қатысты болса, осы саладағы құзырлы министрліктер, мемлекеттік органдар, ақпараттың рас- өтірігіне қатысты түсініктеме беріп, таратушы тұлғаға қатысты тексеру жүргізуді сұрап, құзырлы органдарға шағым түсіреді. Сол бойынша тексеру-анықтау шаралары қолға алынады. Дегенмен жалған ақпарат таратушылар жазадан құтылып кете алмайды. Түрлі мақсатта осындай қадамға барғандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте бірнеше бап қарастырылған. Жалған ақпарат таратушылар «Жала жабу», «Жалған ақпарат орналастыру, тарату» сынды арнайы баптарда көзделген шаралар аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
– Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық Кодекстің 274-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Көрсетілген әрекет үшін ең жоғары жаза 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Қылмыстық істер қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын қасақана жалған ақпарат таратудың барлық фактілері бойынша тіркеледі», – делінген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Әрине, сіз бен біз ғұмыр кешіп жатқан бүгінгі дәуірде бәрі де замана озығының игілігін көргені дұрыс-ақ. Бастысы, кез келген адам айтқан сөзіне, әрбір ісіне және әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болуы тиіс. Барша ел азаматтары өзгелердің ойын сан-саққа жүгіртіп, сарсаңға салатын жалғанға жақын, ақиқаттан алыс ақпараттардан бойын аулақ ұстағаны жөн. Өйткені, бүгінгідей технологиялар дәуірінде әлеуметтік желілерде отыратын жас та, жасамыс та елде не болып жатқанын күндіз- түні аса қырағылықпен бақылап отырады. Егер айтылған сөз бен жариялаған жазба жала немесе өтірік болса, оның ақыры өкініш болары анық. Одан кейін қанша бармақ тістесең де, ештеңені өзгерте алмайсың. Өйткені, еліміздегі қолданыстағы заңға сәйкес жалған хабар таратып, қаннен қаперсіз отырған ағайынның мазасын қашырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қорыта айтқанда, ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін азаматтардың қоғамның тыныштығын қасақана бұзу ниетіне қашан да тосқауыл қойылады. Демек, осы санаттағы азаматтар жазасыз қалмайды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жол сапасына немқұрайлы қараған бірқатар басшылар анықталды
- 29 қараша, 2024
Нақты міндет жүктелді
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді