Т.Рысқұлов ауданының аумағынан табылған бұл қола қазан зерттеушілердің пайымдауынша, біздің заманымызға дейін VIII- IV ғасырға телінген. Тарихқа үңілсек, ол кезең темір дәуірі деп аталыпты. Бұл туралы тарихи жазбалардан «Темір дәуірі – адамзат тарихында қола дәуірін алмастырған, аса маңызды әлеуметтік-экономикалық, саяси, демографиялық, технологиялық өзгерістерді дүниеге әкелген жаңа кезең» деген жазбаны кездестіреміз. Яғни, Құландағы қола қазан темір дәуірінен бізге жеткен асыл жәдігер болса керек.
Қазанның кей тұстары аздап сыныпты, оның бәрі қалпына келтіріліп, жөнделген. Соншама ғасырдан бері бүлінбей бізге жеткен жәдігер ұзақ уақытқа сақталу үшін конверцияланған.
– Бұл қола қазанның биіктігі 58 сантиметр, диаметрі 60 сантиметр. Төрт тұтқалы, оның екеуі үлкен ары-бері көтеріп қою үшін болса, қалған екеуі кішілеу, ол қазанды аспалы шынжыр арқылы жоғары іліп, астына от жағу үшін қолданылған. Қазан қоладан жасалған, пішіні жарты шар тәрізді, көлемі шамамен 60 литр, қалыңдығы 0,5-0,8 сантиметр шығыңқы тігіспен тойтарылған. Қазандықтың бастапқыда 2,2х1,6 сантиметр сопақ қимасы бар қола шыбықтан жасалған 4 доғалы тұтқасы бар. Ұстауға ыңғайлы болсын деген мақсатта жасалса керек. Негізгі бөлігі ас-су әзірлеуге арналған. Астыңғы жағында қазанды қоятын біріккен тұғыры бар. Қазан күлгін түсті. Жоғарғы жағындағы ернеуінің кішкене бөлігі сынған. Ежелгі дәуірде өмір сүрген адамдардың металлургияны қай деңгейде игергенін көрсететін құнды археологиялық артефактілердің бірі ретінде бұл қазан өте бағалы жәдігер болып саналады, – дейді Т.Рысқұлов аудандық тарихи өлкетану музейінің бақылаушысы Эльвира Қоңыратбаева.
Тарихи деректерде де VIII-IV ғасырда адамдар темір металын игеріп және оны кеңінен қолданған кезең екенін көрсетеді. Ал, темір дәуірінен бұрын қола дәуірі болғанын ескерсек, қазір музейде тұрған қола қазан тым ертедегі адамдардың қолынан шыққан бұйым болуы да әбден мүмкін. Осыншама уақыттан бері тек ернеуі сынғаннан басқа бүлінбей сақталған бұл қола қазан бәлкім, дәулетті әулеттің көпшілікке ас әзірлеген берекелі ыдысы болды ма екен? Қазіргі заманауи құралдармен ұзаққа сақтау шаралары қолданылғандықтан, бұл қазан әлі де талай ұрпаққа жетіп, ертедегілерден дерек берер ескерткіш болары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді