Әрине, олардан еш қоспасыз дәрілер дайындаудың және оны қолданудың әдіс-тәсілдерін білу керек. Сонда емдеу шаралары өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Халықтық медицинада ондай оң нәтижелерді көріп те жүрміз. Сол өсімдіктер мен сулардың емдік қасиеттері туралы аңыз, әпсаналар да бар. Солардың көпшілігі шындыққа жанасады. Көңілге берік орнаған сенім денге саулық, дертке шипа сыйлайды. Бұл жерде ешқандай сиқыр да, көзбайлау да жоқ.
Біздің өңірде сондай аты шыққан киелі жерлердің бірі – Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылдық округінің орталығы Өрнек ауылынан 5 шақырымдай жердегі Топағаш шағын тоғайы. Аумағы шағын болғанымен бұл жердің шежіресі тереңде жатыр. Ол шежіре тарихи деректерге бай. Бұл – қазақ мемлекеттілігінің, қазақ халқының арғы-бергі тарихынан сыр шертетін деректер.
Біз, бір топ ардагерлер, Топағаштың тарихы мен киесіне ардагерлер қозғалысының белсендісі Венера Жабасованың бастауымен саяхаттай барғанда қанықтық. Көзбен көріп куә болдық.
Бұл ретте алдымен «Қасиетті Қазақстан. Көне Тараздың киелі жерлері» кітабының «Топағаш. Бірегей тоғайдың құпиялары» тарауынан мысалдар келтіре кеткеніміз жөн шығар.
Бұл жердің топырағы, тастары, ауасы, әсіресе, ағаштары денге саулық, дертке шипа, жанға рахат сыйлайды. Көкжиекке көлбей созылып жатқан жазықтағы осынау шағын тоғай, көгалды алқап ерекше. Ерекшелігі сол, мұнда талдар топ-топ болып орналасқан. Тоғайдың Топағаш аталуы да сондықтан.
Тарихтан сыр тартар болсақ, Топағаш Қожа Ахмет Ясауидың немересі, ұлысбегі Бәйдібектің кіші әйелі Нұриланың, ол кісі тарихта Домалақ Ана атымен танымал тұлға, кіндік қаны тамған жер екен. Одан бөлек, «осы маңайда ХVІІІ ғасырдың басында Бөгенбай батырдың қолбасшылығымен қазақтың Үш жүзінен құралған 95 мыңдық қол өзінен күші әлдеқайда басым жоңғар-қалмақ басқыншыларын ойсырата жеңіп, елімізге екпіндеп еніп келе жатқан жаудың бетін кері қайтарған екен» деген де аңыз бар. Оған осы жерге таяу Сұңғайтты ауылы дәлел. Анығы «Сұмғайтты» болса керек. «Сұмның беті қайтты» деген мағынада ғой.
Осында топ-топ болып тұрған ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер бейіттерінің басына отырғызылған талдар екен. «Олар сол жерге жерленген жауынгерлердің санына қарай: бір жерде – біреу-ақ, бір жерде – бес, бір жерде – алты, бір жерде... Ал, тоғыз батыр бейітінің үстінде тоғыз тас жатыр», дейді осы әулиелі, киелі жердің шырақшысы Ғалымжан Ұзақбаев.
Жамбылдық танымал археолог және өлкетанушы Ескендір Төрбековтің айтуынша, басқыншы жаумен шешуші шайқастардың бірі болған бұл жерде әлі де археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Бірақ, киелі екенінің мынадай бір мысалы бар.
Саяси қуғын-сүргін жылдарында осы аудан аумағына Ішкі істер халық комиссариатының еңбекпен түзеу лагері орналастырылған екен. Сонда түрмеде жатқандардан осы тоғайдан отын дайындауға жіберілген адамдар, әсіресе, жасауылдар белгісіз жағдайда қанға бөгіп немесе белгісіз дертке ұшырап қаза бола беріпті. Содан бұл жерден ағаш шабу күрт тоқтатылған.
Тоғайдың кіреберісіндегі аңызға ұқсас жазбада бұл жерде ерекше көріпкелдік қасиеті бар адамға үш үкі, үш сұңқар, үш бүркіт, үш ақ, үш сары, үш қара жыландар көрінетіні жазылған. Бұл да тылсым бір күштің бар екеніне көңілді сендіре түскендей. Өйткені, мұнда ешқандай құс жоқ, жердегі топырағының түстері әртүрлі, әр ағаштың өзіндік қасиеті бар. Шырақшы олардың кейбіреуімен құрметпен сәлемдесіп, кіруге рұқсат сұрап Құран оқиды. Шырақшының айтуынша, бұл жерде Абылай хан отырғызған, дін өкілдері және ұлы тұлғалар Адам ата, Хауа ана, Қыдыр ата, Қорқыт ата атауына ие талдар да бар. Мұнда үш жүздің атауын алған талдарға мынадай анықтамалар берілген: Ұлы жүздің талы табыс әкеледі, Орта жүздің талы даулар мен қиындықты шешеді, Кіші жүздің талы жеке тұлғаларға шығармашылық табыс, жеңіс әкеледі. Оны да аңызға балайын десең, енді бір талда үш түрлі жапырақ бар: төменгі бұтақтарында сәмбіталдың, ортаңғы бұтақтарында долананың, жоғарғы бұтақтарында теректің жапырақтары. Бұған қалай таңданбассың?!
Топағаштың қандай қасиетін, қандай киесін айтып, тізбелей берейік. Бірақ, осындағы әртүрлі бұлақтардың суын ішкен адамның ағзасы тазарып, асқазан-ішек, бауыр, бүйрек, көз ауруларынан, денесіне жаққандар жараларынан арылып, құяңнан жазылғандарын емделушілердің өз ауыздарынан естідік. Сонау Алматыдан, Қазақстанның басқа да аймақтарынан, көрші Қырғызстаннан арнайы келіп ем қабылдап жатқандарды да көрдік. Оларға арнайы жатын орындар да бар екен.
Біз Топағашты тамашалап жүргенде тағы да бір топ кісі келді. Олардың ішінде де ем алуға, қызықтап серуендеуге келгендер бар.
Біз қайтарда Топағаштың шырақшысы Ғал ымжан Ұзақбаев мынадай тілек айтты.
– Топағаш – қасиетті де киелі жер. Мұнда табиғаттың тылсым құпияларын тамашалауға да, дертіне шипа іздеп те келетіндер көп. Бірақ, келушілерді Өрнекпен екі арадағы 5 шақырымдық жолдың қиындығы шаршатады. Осы жолға шағалтас төсеуге ауыл әкімі Айбек Молдахметов те, облыстық мәслихат депутаты Арылбек Қораласбаев та, ауыл қариялары Әлен Сайытбеков пен Нұрмахан Жұмалиев те, ауылдың басқа тұрғындары да мүдделі. Тек, аудан әкімі Ернар Есіркепов іргедегі карьерден шағалтас алуға, жолды салуға рұқсат берсе болғаны, – деді ол қоштасарда.
Топағашқа барғанда көргендеріміз бен көңілге түйгендеріміз көп. Қалай болғанда да, бұл жердің киелі екенінде дау жоқ. Ал, киелі жер иелі болғаны дұрыс. Оның иесі кім? Әрине, ауыл басшылығы, одан жоғары тұрған аудан әкімдігі. Сондықтан, шырақшы Ғалымжан Ұзақбаевтың айтқандарын негізге ала отырып, біздің де «Өрнек ауылы мен Топағаш тоғайы арасындағы жолға шағалтас, асфальт төселсе екен» деген ұсыныс-тілегіміз бар.
Топағаш – болашақта облыста туризм кластерін дамытуға сұранып тұрған әрі елтану мен жертануға үлес қосатын аймақ.
Несібелі ЕРАЛИЕВА,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі.
Ұқсас жаңалықтар
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді