Мектептің ашылу салтанатына келген облыс әкімі қуанышты жаңалықпен құттықтап, болашақты тәрбиелеу жолындағы игі істер көп болуын тіледі.
– Облысымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы бір мектеп ел игілігіне беріліп отыр. Биылғы жаңа оқу жылында дәл осындай мектеп Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында ашылған болатын. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда. Жоба апатты мектептер мен үш ауысымдық оқытуды жоюға бағытталған. Жалпы, жоба аясында облыста 12 мектеп салу жоспарланып, жыл соңына дейін қаладағы «Ұлы дала» шағын ауданында 1200 орындық білім ошағын ашуды жоспарлап отырмыз. Мектеп ең озық технологиялармен жарақтандырылған. Оқушылардың қауіпсіз білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ, облыста ағымдағы жылы 41 білім нысанының құрылысы жоспарланып, жыл соңына дейін 15 мектептің құрылысын аяқтау көзделуде. Ал, 2025 жылы қосымша 26 білім ошағының құрылысы басталмақ. Мақсатымыз – қала мен ауыл мектеп оқушыларының білім сапасындағы алшақтықты жою, балаларымызды кең, заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алуын қамтамасыз ету. Бұл – олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді. Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын ресурстық қамтамасыз ету өңірді дамытудағы негізгі бағыттардың бірі. Өскелең ұрпақтың заманауи үлгідегі жайлы білім ордаларында сапалы білім мен саналы тәрбие алуына Ел Президентінің бастамасымен игі істер жан-жақты іске асуда. Облыстың дамуына қажетті әлеуметтік нысанның салынуына зор үлес қосқан «Samruk-kazyna construction» акционерлік қоғамына облыс халқы атынан алғыс білдіремін. Сондай-ақ, мектептің құрылысын сапалы жүргізген «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ризашылығымды жеткіземін. Қымбатты оқушылар, сіздердің алаңсыз білім мен тәрбие алуларыңыз үшін барлық жағдайды жасау – біздің басты міндетіміз. Осы білім ошағында ұстаз бен шәкірт, мектеп пен ата-ана байланысы артып, алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді де талантты, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сеніміміз мол, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Облыс әкімі жаңа мектепке медиа орталықтың сертификатын сыйлады. Енді мектептің өз медиа орталығында жаңалық тарататын жас тілшілер тәрбиеленбек.
Айта кетейік, жаңа мектептің пайдалануға берілуі «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан №3 мектеп-лицейдегі үш ауысымдық мәселесін шешті. Бүгінгі күнге 1485 оқушы қабылданды, оның ішінде 1051 оқушы №3 мектеп-лицейден ауысқан. Еліміздің Б ілім және ғылым министрлігінің №57 бұйрығының 136-тармағының негізінде №3 мектеп-лицейден 45 педагог ауысу тәртібімен жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, конкурстық негізде де қабылданған мұғалімдер бар. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді.
Жаңа мектептің құрылысын «Samruk-kazyna construction» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүргізген «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Рахимтаев №66 мектеп директоры Фарида Шортанбековаға мектеп кілтін табыстады. Жаңа нысанның лентасын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен ардагер мұғалім Тұрыс Жүнісов қиып, игі істің бастамасына орай ақсақалдар бата берді. Салтанатты рәсімнен соң жақсы іске жиналған меймандар мектеп ғимаратымен танысты. Ғимаратта 165 орынға арналған мәжіліс залы, 59 оқу бөлмелері, 296 орындық асхана, 2 спорт зал, 2 лингафон кабинеті, 3 зертхана, 30 орындық оқу залымен қамтылған 1 кітапхана, 2 компьютер кабинеті, 3 шеберхана, робототехника, 10 коворкинг орталығы бар.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында Тараз қаласында тағы 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның бірі 600 оқушыға арналып, «Шөлдала» алқабында салынып жатыр. Қалған екеуі «Ұлы дала» шағын ауданында тұрғызылуда, оның біреуі 1200, екіншісі 2000 орындық. Ал, кеше пайдалануға берілген Жайлы мектептің келісім шарт құны 6 миллиард 57 миллион теңгені құраған.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді