Түктібай ауылында туып-өскен жігіт бала кезінен спортқа әуес болған. Кейіпкеріміз 2010 жылы Астана қаласындағы колледжді «Заңгер» мамандығымен сәтті тәмамдайды. Осылайша, еңбек жолын елордадағы «Ақсұңқар» серіктестігінің пластик цехында бастайды. Дәл осында жұмыс істеп жүріп әскер қатарына шақыртылып, Отан алдындағы азаматтық борышын бас қаладағы 6636 әскери бөлімінде өтейді. Кейінірек М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің сырттай бөліміне оқуға түседі.
Атап өту керек, жас жігіт 2013 жылы Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арқылы 91678 әскери бөліміне келісімшарт негізінде әскери қызметке шақырылып, арнайы мақсаттағы барлау ротасының 3-ші тобының аға маманы (аға барлаушы) лауазымына орналасады. Онда ол тау-атқыштар ротасының 3-ші тау-атқыштар взводының, 2-ші тау-атқыштар бөлімшесінің командирі, тау-атқыштар ротасының 1-ші тау-атқыштар взводының сержанты, оқ атумен қолдау ротасының мергендерге қарсы взводының командирі болады.
– Мен әскери адам болуды бала кезімнен армандадым. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде десанттық шабуылдарға қатысты түрлі фильмдерді көріп, қызығушылығым күн өткен сайын арта түсті. Арманымды іске айналдыра алдым деп ойлаймын. Қазір өмірімді әскери қызметсіз елестете алмаймын. Жалпы, әскери сала кез келген адамды тәртіп пен төзімділікке әрі спортқа жақын болуға үйретеді, – деген Фархат Керімқұлұлы қазір 18-30 жас аралығындағы 16 адамнан құралған взводты басқарады. Оның тобында барлаушы, мерген сынды өз маманының хас шеберлері жиналған.
– Таңғы саптық даярлық кезінде рота мүшелерімен бірге түрлі патриоттық әндерді шырқаймыз. Бұл – топ мүшелерінің көңіл-күйін көтеруге өз әсерін тигізеді. Қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді барынша жаңартып отыруға тырысамыз. Сержанттың әр жұмыс күні белгіленген жоспар бойынша өтеді. Әскери өмір әлемде болып жатқан түрлі жағдайларға сақадай-сай болуды талап етеді. Сондықтан, сарбаздардың әскери даярлықтарын шыңдап отыру үшін үнемі түрлі дене жаттығуларын жасауға көңіл бөлеміз. Жаудың күшін басуға бағытталған мергендер бригадасы кез келген тапсырманы орындауға әрқашан дайын болуы тиіс. Біз, ҚР Қарулы Күштерінің сарбаздары қоян-қолтық ұрыстарда шеберлігімізді арттырып, қарсыласты жеңудің түрлі әдістерін пайдаланамыз. Сонымен қатар, қару-жарақтармен бірге көптеген жарылғыш заттарды да қолданып, оның қыр-сырын меңгереміз, – дейді сержант.
Жалпы, қиындығы мол қызмет барысында өзін үлгілі маман ретінде көрсете білген сержант Шымырбаев түрлі жарыстарға да белсенді қатысуға уақыт табатынын жеткізді. Ол «Әскери қызметші өз саласының нағыз шебері болу үшін ұдайы ізденісте болуы қажет» деген пікірде.
– Бұл мамандықты болашақта өз Отанына мүлтіксіз қызмет етуді қалап, өмірін осы әскери саламен байланыстыруды мақсат еткен жастар таңдайды деп айтар едім. Ең бастысы, жастарымыз өтпелі қиындықтардан қорықпайтын және өзінің діттеген мақсатына жете алатын азамат болуы қажет, – дейді ол.
Бүгінде Фархат сүйген жары Әселмен бірге бес ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Келіншегі елді мекендегі М.Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет етеді. «Болашақта ұлымның менің жолымды қуып, әскери адам болғанын қалаймын. Олай болмаған күнде үлкен асуларды бағындыратын спортшы болса екен деген тілек бар. Барлығы да уақыттың еншісінде», – дейді сарбаз.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді