Нағыз патриот шекарашыларымыз Қазақстандай құнарлы жерді көз тіккен талайлардың сұғанақ көздерінен абыройлы қорғап, ел шебіне сызат түсірген жоқ. Бүгінде аға буын өкілдеріне айналған кешегі сарбаздар Шекара қызметінің қалыптасып, тез арада аяғына тік тұруына сүбелі үлестерін қосты. Ал, қазір солардың ізбасарлары мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі саналатын шекарамыздағы қауіпсіздік мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Ендеше, Күлтегінше айтсақ, жұрты үшін қара терін төгіп, түн ұйықтамай, күндіз отырмаған шекарашылардың ерен еңбегін жас ұрпақ білуі тиіс.
Жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өңірлік департаментінде өткен «Ашық есік күнін» ұйымдастырудың басты мақсаты – осы. Шараға Тараз қаласындағы бірқатар мектептердің оқушылары қатысып, олар шекарашылардың күнделікті қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Жалпы, іс-шараны ұйымдастырушылардың көздегені де өскелең ұрпақтың әскери қызметке қызығушылығы мен олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
Бұл күні мектеп оқушылары Шекара қызметінің арсеналында тұрған заманауи қару-жарақтар мен арнайы автокөліктерге айтарлықтай қызығушылық танытты. Балалар әскери техникаларды көріп қана қоймай, олардың қалай қолданылатыны жөнінде арнайы мамандардан толық ақпарат алды. Айта кету керек, шекара күзетінде пайдаланылатын жылдам әрі икемді көліктер мен заманауи қарулар қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі шекарашылардың жоғары кәсіби деңгейін көрсетеді. Ал, осынау шараның маңызды сәттерінің бірі – қызметтік иттердің қатысуымен өткен көрсетілім. Бозбалалар шекара қызметі иттерінің қалай жұмыс істейтінін көргенде таңданыстарын жасыра алмады. Көрсетілім барысында қызметтік иттер жарылғыш заттарды тез анықтап, нұсқаушының барлық бұйрықтарын мүлтіксіз орындады. Бұл – шекара қызметінде жануарлардың маңызды рөл атқаратынын және кәсіби деңгейде дайындалғанының анық көрінісі.
– Бұл күн оқушылар үшін есте қаларлықтай болды. Балалар шекара қызметінің міндеттерімен, олардың күнделікті өмірі және әскери тәртібімен танысып, бұл мамандықтың жауапкершілігін сезінді. Көптеген оқушылар шекарашылардың кәсібіне үлкен қызығушылық танытып, болашақта Шекара қызметі қатарында қызмет атқаруға ықылас білдірді. Бастысы, оқушылар әскери өмірдің қыр-сырын көріп, шекара қызметкерлерінің маңызды міндеттерін түсінді. Шара жасөспірімдерді әскери мамандықтарға баулу мен Отанды қорғауды ұғындыруға септігін тигізеді, – дейді капитан Асылан Жексенбин.
Шара соңында оқушылар шекара қызметі жөнінде көптеген мәліметке қанық болғандарын жеткізіп, ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді