СУ МҰНАРАСЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Халық қалаулысы Нұритдин Бегмановтың кезекті кездесуі Тастөбе ауылында өтті. Жергілікті жұртқа ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарған жұмыстарын баяндаған Нұритдин Әбілекұлы ауылдағы өзекті, күрмеуі қиын мәселелерді үнемі бақылауға алып жүретінін және олардың оң шешімін табуына барынша күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Көлқайнарлықтардың мұқтаждығын ескерген депутатқа ауыл тұрғындары су мұнарасын ретке келтіру бойынша өтінішін жолдады.
Тұрғындардың өтінішіне сәйкес аудандық мәслихат сессиясында депутаттық сауал жолдайтынын, сонымен қатар өзі де бұл істің орындалуына ықпал ететінін түсіндірді.
ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕРГЕ ЖОЛ КЕРЕК
Аудандық мәслихат депутаты Әділхан Еділбаевтың халық алдындағы есеп беру кездесуі Түрксіб ауылында жалғасты.
Халық қалаулысы әуелі тоғыз айдың көрсеткіші бойынша атқарған жұмыстарын баяндап, өзінің сайлауалды бағдарламасындағы жоспарлардың орындалуына күш салатынын айтты.
Жиында сөз алған ауыл тұрғыны Маржан Халықова Достық көшесіндегі трансформаторға сымдарды жалғап қосып беруді сұраса, Қарлығаш Жантақбаева Түрксіб ауылы жолдарының шетінен тротуар салып беруін өтінді.
Тұрғындардың тілегін назарға алған депутат алдағы уақытта бұл мәселені зерделеп, оң шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.
МӘДЕНИЕТ МЕКЕНІНЕ МӘН БЕРІЛСЕ...
Аудандық мәслихат депутаты Нышанбек Малдыбаевтың Ақбұлым ауылының тұрғындарымен кездесуі ауылдық мәдениет үйінде өтті. Ауыл тұрғындары халық қалаулысының тиісті кезеңде атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдап, өтініш-тілектерін де жеткізді.
Жиында сөз алған зейнеткер Әбділдай Әбдібай демеушілер есебінен соғылатын спорт кешеніне жер учаскесін қарастыруды және көше жарықтарын орнату бойынша тілегін білдірді. Сондай-ақ, көпбалалы аналар тарапынан ауылдық мәдениет үйінен үйірмелерді көптеп ашу жөнінде ұсыныс айтылып, Айша Торокоали-оглы №42 бағыттағы автобустың демалыс күндеріндегі жүру уақытын өзгертсе деген тілегін жеткізді.
Тұрғындардың тілегін назарға алған Нышанбек Сматұлы көтерілген мәселелерді жұмыс жоспарына енгізіп, алдағы уақытта жауабын беретінін алға тартты.
ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Аудандық мәслихат депутаты Индира Тоғанбаеваның тұрғындармен кездесуі Жамбыл ауылдық округінде өтті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Мұхтар Шайдаев, округ әкімі Бақыт Садырбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Басқосуда сөз алған ауыл тұрғыны Рахат Шыныбеков Қапал ауылынан тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтарға учаскелер берілсе деген өтінішін жолдаса, жиынға қатысқан көпшілік халық қалаулысының осы уақытқа дейін атқарған жұмысына алғыс айтып, жұмысына сәттілік тіледі.
Кездесуді қорытындылаған Индира Бекенқызы жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерін орындау, олармен тығыз байланысып, көтерген мәселелерінің оң шешім табуына ықпал жасау депутаттық міндеті екенін және бастысы, осы міндетті адал атқаратынын тілге тиек етті.
ЖАРЫҚТАНДЫРУДЫҢ ЖАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ
Таяуда аудандық мәслихаттың бекітілген кестесіне сәйкес, аудандық мәслихат депутаттары Мұхтар Шайдаев пен Алтай Стамқұлов Айша бибі ауылының тұрғындарымен кездесті.
Әуелі қос депутат сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, Айша бибі орта мектебінің ауласын жарықтандыруды сұрады.
Аудандық мәслихат төрағасы Мұхтар Бекзатұлы бұл мәселе өз бақылауында болатынын айтып, шешімі табылатынын тілге тиек етті. Мұнан соң, ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Нұрболат АМАНБЕК
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді