Бұл жөнінде «Анаға тағзым» орталығында «Ұлттық бала асырап алу» агенттігі ұйымдастырған «Баланың бақытты мекені – Отбасы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды. Жиынға білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік жұмыспен қамту басқарма ларының, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері қатысты. Олар келесі жылы қабылданатын заң жобасының жай-жапсарын талқылап, оның аясында атқарылатын іс-шаралар жөнінде ұйымдастырушыларға көкейде жүрген сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты.
«Ана үйі» қоғамдық қорына қарасты агенттік соңғы сегіз жылда 1966 баланың ата-ана мейіріміне бөленуіне атсалысты. Ал олардың 253-і реабилитация жобасындағы диагнозы бар балалар. Бұл балаларды асырап алған отбасыларға атаулы материалдық көмек, денсаулықтарын қалпына келтіру және оңалтуға арналған түрлі қолдау көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда елімізде 4285 бала интернат мекемелерінде тәрбиеленіп жатыр. Олардың 3352-сі білім беру, 425 бала денсаулық сақтау, 507 бала ерекше балаларға арналған мекемелерге орналастырылған.
«Ұлттық бала асырап алу» агенттігінің ұсынған мәліметі бойынша интернат үлгісіндегі мекемелер өздерінде тәрбиеленіп, келешекте мекемеден түлеп ұшқан балаларға сапалы әлеуметтенуді қамтамасыз ете алмайды. Ресми деректер бойынша олардың қырық пайызы қылмыс жасайды, елу пайызына еңбек нарығында сұраныс жоқ.
Қоғамға бейімделіп кететіні он пайыз ғана. Агенттік мамандары осындай көңіл түсіретін көрс еткіштерді азайтуға кәсіби қабылдаушы отбасылар институты оң әсерін тигізеді деген сенімде. Бұл отбасылармен мемлекет қиын жағдайдағы отбасыларда өсіп жатқан балаларды уақытша тәрбиелеу мақсатында келісімшарт жасасады.
Аталған қызмет түрі ба ланың отбасылық ортада өмір сүру құқығын іске асыруға ықпал етеді. Баланы мұндай жолмен орналастыру туған отбасын сақтап қалуға бағытталған. Балаларды қолдау орталықтары және қорғаншылық органдарының кәсіби қызметкерлерімен, сондай-ақ баланың биологиялық атааналарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Халықаралық тәжірибеде баланың кәсіби қабылдаушы отбасында өмір сүру ұзақтығы – 13,5 ай. Мекемелермен салыстырғанда балаларды отбасында тәрбиелеп өсіру шығындары әлдеқайда төменірек. Жоба баланың жақын ортасымен әлеуметтік, бауырларымен туыстық байланысты, мәдениет пен тілдік ортасын сақтап қалу мен оқу орындарын өзгертпеуді көздейді. Кәсіби қабылдаушы отбасылар мемлекетпен көзделген барлық әлеуметтік жәрдемақы түрлеріне ие болады.
Белгілі қажеттіліктеріне сай қосымша жабдықтар ала алады. Емханалар, клиникалар мен аурухана ларда қаралады. Балабақшалар мен мектеп, колледждерде білім алады. Мәдени-ойын сауық, спорттық ұйымдарға еркін бара алады. Одан бөлек, инклюзивті балабақшалар мен мектептер, санаторлық-курорттар сияқты мамандандырылған қызмет түрлерін де ала алады.
– Кәсіби қабылдаушы отбасылар балаларды олардың ата-аналарын, туыстарын іздеу және туған отбасына қайтару үшін 72 сағаттан аспайтын шұғыл түрде, баланың құқықтың мәртебесін айқындау және отбасына орналастыру үшін 6 айға қысқа мерзімге немесе балалар кәмелетке толғанға дейінгі ұзақ мерзімді орналастыруға мүмкіндік ала алады. Мұндай отбасыға балаларды енгізу үшін алдымен қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасымен кейсменеджмент технологиясы аясында жұмыс жүргізіледі. Кейін осы отбасының балаларына асырап алатын кәсіби қабылдау отбасылары іріктеледі. Үміткер жанұяларға диагностика жүргізіліп, оларды балаларды қабылдауға тереңдете дайындайды. Одан соң қорғаншылық органның кәсіби қабылдау отбасы болу мүмкіндігі туралы қорытындысы жүргізіліп, шарт жасалады. Нәтижесінде балалар тағайындалған кәсіби қабылдау отбасына орналастырылып бейімделуі мен дамуына ұдайы мониторинг жүргізіліп отырады, – дейді Фарида Мырзаханқызы.
Жоба аясында баланы қабылдаушы отбасыға ай сайын 70 АЕК қаржы төленеді. Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі мамандарының мақсаты–балаларды отбасына орналастыру. Кәсіби қабылдаушы отбасы мен асырап алушылардың басты айырмашылығы – ата-ана қарауынсыз қалғанбала жетімдер үйіне жіберілмей, бірден осы жанұяға беріледі. Бұл өз кезегінде баланың психологиясына оң әсер етеді.
Айта кету керек, Қазақстанның 20 қаласында балалар үйлері мен сәби үйлерінен балаларды өз отбасыларына қабылдағысы келетін азаматтарға кеңес беретін консультациялық кабинеттер жұмыс істейді.
Психологтар қабылдаушы ата-аналар мектептерінде әлеуетті асырап алушыларды дайындайды. Бүгінгі таңда ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен 1318 қазақстандық отбасына 1966 бала орналастырылды. Барлығы 18112 азаматқа кеңес беріліп, олардың 6048-і қабылдаушы ата-аналар мектебінен өткен.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді