«Олимпиада ойындарында Елдос Сметовтің ерлігін қайталағым келеді»
- author «Ақ жол»
- 4 қараша, 2024
- 723
– Спорт жанкүйерлері есім-сойыңды естіген сәтте даңқты палуан Елдос Сметовтің басты қарсыласы деп айтатыны жасырын емес. Шын мәнінде, жазғы Олимпиада ойындарының қатарынан үш бірдей медалін иемденген Елдостай ерге қарсылас атану оңай болмаған шығар. Бұл бір жағы жетістік болғанымен, ең бастысы үлкен жауапкершілік. Осы жөнінде не айтасың? Жалпы, жерлес ағаңмен бозкілемде қанша рет белдестің?
– Төртжылдықтың басты додасында күміс алып, қола да иеленген, кейінірек алтын медаль алған қазақтың өр мінезді өрені Елдостай ағамызды мақтан тұтамыз. Рас, Олимпиада алдында дзюдо спортының басы-қасында жүрген мамандар бізді өзара күрестіруді ұйғарған еді. Нәтижесінде тәжірибелі тарланның алдында мен де, Мағжан да дәрменсіздік таныттық. Ол Астанада өткен жарыста кезекті рет өзінің сақа спортшы екенін дәлелдеді. Осылайша, Елдос ағамыз байрақты бәсекеде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Айта кетерлігі, өз басым көпті көрген палуан ағамызды қарсыласым деп санамаймын. Ол маған да, өзгелерге де білгенін үйретіп, мол тәжірибесімен бөлісуден шаршаған емес. Аға-бауыр палуанмен бұған дейін тек бір рет қана белдестім.
– 60 килограмм салмақта өнер көрсету өз қалауың ба? Әлде Елдос ағаңның жолын қуғың келді ме?
– Өздеріңізге мәлім, мен бұған дейін 50 килограмм салмақта белдесетінмін. Есейе келе, 60 килограмда өнер көрсете бастадым. Бұйырса, алдағы Олимпиада ойындарында Елдос Сметовтің ерлігін қайталағым келеді.
– Ташкент төрінде өткен әскерилер арасындағы тартысты бәсеке жөнінде не айтасың? Ақтық сында отандасымыз Шерзод Давлатовпен кездестің. Екеуіңнің қарымқатынастарың қалай?
– Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ұйымдастырылған жарыста 29 елден 200-ден аса спортшы қатысты. Бұдан бөлек, 16 ұлттық құраманың өкілі болды. Ең жеңіл салмақта өнер көрсетіп, әлем чемпионы атандым. Финалда тағы бір қазақстандық палуан Шерзод Давлатовпен жолығып, екеуміз бас жүлдені сарапқа салдық. Тартысты өткен белдесудің негізгі уақытында тең түстік. Ал, қосымша уақытты дзюдо тілінде голден-скор (golden score) дейді. Осылайша, жеңіс маған бұйырды. Иә, мұнда мықты палуандармен белдестім. Мәселен, бұған дейін өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған моңғол және кәріс палуанымен шықтым. Сосын италиялық палуанмен күш сынастым. Ал, ақтық сында қазақ бауырыммен кездестім. Атап өту керек, бұл жарыста біз тарихты жаңарттық. Әскери қызметкерлер арасындағы әлем біріншілігінде қос қазақтың ақтық сында белдесуі бұған дейін тіркелмеген еді. Бастысы, ол жігітпен сыйластығымыз зор. Өмірде дос болып араласамыз.
– Жыл басында Грузия Астанасы Тбилисиде түндігі түрілген әлемдік Grand Slam жарысында топ жардың. Дәл осы сында қай спортшы өзіңе лайықты қарсылық таныта білді? Бұл жарыста бас-аяғы бес кездесу өткізген едің...
– Аталған турнирге тас-түйін дайын болып бардым. Әрине, жеңіске жету оңай болған жоқ. Себебі, әрбір қарсыласым жоғары деңгейдегі мықты палуандар еді. Бірақ, мен барлық қарсыласымды қапыда қалдыратын әдіс-тәсілді терең меңгеріп, оларға қарсы тактиканы мұқият ойластырдым. Іріктеу кезеңінде колумбиялық Джохан Рожастан, израильдік Иехонатан Векслерден және украиндық Дильшот Халматовтан басым түстім. Ал, жартылай финалда Grand Slam жарысының үш дүркін жеңімпазы Балабай Агаевты ұттым. Ақтық сында Израиль елінің тағы бір спортшысы Ям Уолцакты тізе бүктірдім. Жалпы, бұл медаль – менің Grand Slam жарысындағы алғашқы алтын жүлдем. Осынау жеңіс әлемдік рейтингте қосымша 1000 ұпай еншілеуіме де мүмкіндік берді.
– 5 жыл бұрын оңтүстік астанамыз Алматы қаласында өткен Әлем чемпионатын ұмытпаған боларсың. Сол жарыста ел қоржынына алғашқы алтынды салған да өзің едің...
– Жалынды жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын қалай ұмытайын? «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде өткен сайыста небәрі 16 жаста болатынмын. Байрақты бәсекеде 17 жасқа дейінгі жеткіншектер бас-аяғы 16 салмақ дәрежесінде бақ сынадық. Жарысқа әлемнің 71 елінен 500-ге жуық татами шебері қатысты. Алғашқы белдесуімде Беларусь спортшысы Дмитрий Зелянконы жеңіп, екінші айналымда моңғол палуаны Мендсайхан Нямсуреннен айламды асырдым. Финалда франциялық дзюдошы Валадиер Пикард Ромайннан мықты екенімді дәлелдедім. Жақында ғана Ташкенттегі жарыста дәл осы қарсыласымды командалық белдесуде екінші мәрте ұттым.
– Алдағы жоспарларыңмен бөліссең. Дәл қазір қандай жарысқа дайындалып жатырсың?
– Осы айдың 14-ші жұлдызында Ақтөбе қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді деп күтілуде. Бүгінде сол сайысқа тыңғылықты дайындық үстіндемін. Ал, биылғы ең негізгі мақсатым – Әлем чемпионатында топ жару. Үздік атану үшін бар күш-жігерімді саламын. Бастысы, ата-анамның үкілеген үмітін ақтасам деймін. Мені 7 жасымда спортқа жетектеп әкелген әкем еді. Отбасымызда менен бөлек ағам мен қарындасым бар. Жалпы, маған дейін ағам да спортты жанына серік етті. Алайда, ол 9 сыныпты бітірген соң, басқа саланы таңдады. Қазіргі таңда ата-анам Тараз қаласында тұрады. Алла сәтін салса, спортта айтарлықтай жетістікке жетіп, әке-шешеме, отбасыма бүкіл әлемді аралатсам деген арманым бар. Ең бірінші кезекте ата-анамды қасиетті Меккеге апарғым келеді.
– Дүбірлі додаларда сәттілік серігің болсын!
Нұрқанат СЕРІКБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...
- 23 қараша, 2024
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді