Жиналған көпшілік атақты бидің аудан орталығында орналасқан еңселі ескерткіші алдында жиналып, би рухына тағзым етті. Осыдан кейін мерекелі іс-шара орталық стадионда жалғасты. Киіз үйлер тігіліп, үлкен сахна орнатылған стадион аумағы думанды шараның ауқымын бір көргеннен байқатады.
Бірнеше тақырыптық бағытта өрбіген мәдениет күндерін қонақтар аудан басшысы Бегзат Болатбековпен бірге жекелей аралап көрді. Қонақтар қатарында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, атақты «Досмұқасан» ансамблінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының халық артисі Мұрат Құсайынов болды. Қонақтарды қарсы алған көрмеге аздап тоқтала кетсек.
Мәселен, «Көне қалашықтар – мәдениет бастауы» тақырыбында аудан тарихынан сыр шертетін музей көрмесін жайса, «Сауда жолы – киелі Қордайдағы өркениет тоғысы», «Әдетғұрып – қазақ мәдениетінің негізгі қайнар көзі», «Ат әбзелдері – ел қорғаны», «Спорт саңлақтарының жетістігі – ұлттық мақтанышымыз», «Ата салтым – асыл қазынам», «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы», «Бірлік пен ынтымақ – Ұлы көш» және тағы да басқа көркі көз тартатын көрмелер қонақтар назарына ұсынылып, лайықты бағасын да алды.
Көрме жаюды бөлімдер мен мекемелер, колледждер мен этно-мәдени бірлестіктердің тікелей атсалысуымен болғанын айта кеткен жөн болар. Ал, көпшілік көзайымына айналған, ақшаңқан боз үйлермен думанды іс-шараның шаңырағы іспетті – этноауыл жанынан дүбірлі той басталып та кеткен болатын.
Өтеген батыр, Кебекбай шешен, Ноғайбай би және Кенен ақын ауылы дәстүрімізден сыр шертетін көріністерді ұсынып, ақ сақалды қариялар мен кимешекті әжелер, ақ жаулықты аналар, бозбалалар мен бойжеткендер тоғысқан этноауыл жанындағы мерекелі іс-шара жалпының көңілінен шықты. Одан әріде ұлттық спорт ойындары мереке көрігін қыздырып, белді де білекті жігіттер аударыспақ, теңге ілу, қазақша күрестен сынға түсіп, ойшылдар ойыны саналатын тоғызқұмалақтан жастар кім мықтыны анықтады.
Қордайдан шыққан және жалпы елімізге танымал қаламгерлер кітабынан жасалған көрме де көпшілік назарын аударды. Көкөніс жәрмеңкесін жайған «Азық-түлік қалашығына» қызыққандар саны да жетерлік болды. Ал, осыдан кейін «Қордайым – құт мекенім» атты концерттік бағдарламада өңірімізден шыққан эстрада жұлдыздарымен бір сахнада аудан өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.
Ал, ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қордай ауданының әкімі аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамудың даңғыл жолына түскен ауданымыздың бүгініне тоқталып, сән-салтанаты келіскен мәдениет күндерінің Қордайда ерекше өтуінің де заңды екенін айтты.
Жандос ОМАРОВ
Журналист
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді