Салима Бекмұрзаева бизнес саласында талай жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер. Сондықтан жаңа іс бастауда нартәуекелге бел буудың қаншалықты күрделі екенін жақсы біледі. Бірақ, жетістікке тек қиындықтарға мойынсұнбайтындар жетеді деген қағидаға сүйенетін кәсіпкер, жолдасы Мадияр Жусамбаевтың қолдауымен мақсатын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Оның бастамаларына сенім артқан жандардың бірі – көпжылдық серіктесі әрі құрбысы Жанара Жұмағұлова да бар.
– Жастардың ауылдан кетуіне бірнеше себеп бар. Жұмыс табудың қиындығымен қатар, мәдени демалыстың жоқтығы да осы себептердің бірі деген ой мені көп уақыттан бері мазалайтын. Мүмкін менің жоспарымды тым батыл шешім дейтіндер де болар, кинотеатрдың ашылуы бұл процестерге әсер етер деп үміттенемін, – дейді Салима Бекмұрзаева.
Кәсіпкер бұл мәселені мұқият зерттеген. Бизнес – үлкен жауапкершілік, сондықтан әр қадамды салмақтап, саралап алу қажет. Ең маңыздысы – отбасының қолдауы болды. Кеңес беру функциясын медиасалада продюсер болып жұмыс істейтін абысыны өз мойнына алды. Оның кеңестері мен бағыттары жобаға үлкен көмек көрсеткені сөзсіз. 96 орынға арналған кинотеатр Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан.
Ғимарат заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, мұнда әлемдік киноиндустрияның соңғы жаңалықтарын тамашалап, шетелдік және отандық фильмдердің премьераларын көруге барлық жағдайлар жасалған. Қысқасы, «Korday Cinema» қалалық кинотеатрлардан еш кем түспейді. Кең, жайлы креслолар қойылған зал әрбір сеанстан рахат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кинотеатр ғимаратында балаларға арналған ойын алаңы мен шағын фудкорттың орны да қарастырылған. Ең табысты жобалар қарапайым арманнан басталады. Арманынан күш алған адамда күш, жігер пайда болады, өз арманын Салима Бекмұрзаева жүзеге асырды.
«Ең бастысы – өзіңе сену және қиындықтарға мойымау», – дейді кәсіпкер.
Кинотеатрдың салтанатты ашылуына Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа мәдени нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
«Заманауи мәдениет ошағына ие болған Қордай ауылы бүгінде бұрынғыдан да көркейе түсті. Мұнда әркім салт-дәстүріміз бен мәдени құндылықтарымызды насихаттайтын отандық фильмдерді тамашалай алады. Ауылымыздың көркеюіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына өз үлесін қосып жатқан жергілікті кәсіпкерлердің қатары артып келе жатқаны қуантады. Осыған жағдай жасаған жандарға барша тұрғындар атынан шын жүректен алғыс айтамын», – деді Әділет Меделбекұлы.
Жаңа кинотеатрдың лентасын іс-шараның құрметті қонақтары Олжас Абай мен Дариға Бадықова қиды. Бүкіл отбасы үшін жайлы демалыс орны «Qorday Cinema» кинотеатрында келушілердің жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. 96 орынға арналған көрермен залы кең форматты экранмен және заманауи дыбыстық аппаратурамен жабдықталған, бұл көрсетілімнің тамаша сапасын қамтамасыз етеді. Қойылымның басталуын күтіп, демалыс аймағында түрлі сусындар мен жеңіл тағамдар сатып алуға болады. Кинотеатрға бару бүкіл отбасына шағын мерекеге айналуы үшін мұнда барлық жағдай жасалған.
Салтанатты іс-шара режиссер Әнуар Мәтжановтың «Таптым-ау сені-2» жаңа комедиясының трейлерін көрсетумен аяқталды. Көрермендер 28 қарашадан бастап еліміздің түкпір-түкпіріндегі кинотеатр экрандары арқылы көрсетіле бастайтын фильмнің үзінділерін бірінші болып көру мүмкіндігіне ие болды. Бұл нысан жас көрермендер үшін ерекше қуаныш, енді олар өздерінің сүйікті мультфильмдерін тек теледидар экранынан ғана емес, сонымен бірге кинозалда достарымен және отбасымен бірге тамашалай алады. Енді қордайлықтар премьералар мен танымал фильмдерді ауылдан шықпай-ақ көре алады.
Апта сайын «Qorday Cinema» көрермендерін отандық және әлемдік фильмдердің жаңа көрсетілімдерімен қуантуға ниеттеніп отыр. Бұл нысан ауыл өміріндегі мәдениеттің маңызды қадамы болумен қатар, сапалы инфрақұрылымның ауылдық жерлерде де қолжетімді болатынын көрсетті.
Бизнес идеясын жүзеге асыру үшін Салима Бекмұрзаева өз қаражатын салды. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекет тарапынан көмек болса, оның бизнесі одан да жоғары деңгейге жетуі әбден мүмкін. Мысалы, 2019 жылы Атырау облысының бір ауданында әкімдік пен жеке компанияның бірлескен жобасы аясында Қазақстандағы алғашқы ауылдық кинотеатр ашылған.
2021 жылы Жамбыл облысындағы Құлан ауылында облыс әкімінің қатысуымен ауылдық кинотеатрдың жұмысы басталған. Қысқасы, Қордай ауданы үшін жаңа бастама, қажет болған жағдайда ауыл тұрғындары мен жергілікті биліктің қолдауына ие болады деп үміттенеміз. Өйткені, үйреншікті дүкендер мен кафелерден айырмашылығы, бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор.
Шолпан САБАНОВА
журналист.
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қоғамдық бірлестіктер қолдаудан қалыс қалмайды
- Бүгін, 03:38
Металлургиялық кәсіпорын іске қосылады
- Бүгін, 03:28
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді