«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кітапханадағы келелі кездесу

Кітапханадағы келелі кездесу
Ашық дереккөз
Ұлық мереке – Республика күніне орай Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Тарихы сырлы, ертеңі нұрлы ғажап ел» тақырыбында оқырмандар конференциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға Жамбыл ауданы Шекара басқармасы бөлімшесінің офицері, капитан Олжас Тұрсынбекұлы бастаған бірқатар әскери қызметшілермен қатар 81067 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты. Жиын барысында Олжас Тұрсынбекұлы азат ел атану үшін жасалған алғашқы қадам – Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, кітапхана оқырмандарына бұл күннің маңыздылығын түсіндіріп өтті.

– Ғасырлар бойы аңсап келген азаттық бәрімізге қымбат. Сол баға жетпес байлығымыздың айғағындай Республика күні – сан ғасырдан бері бабаларымыздың үміті, найзаның ұшымен, білектің күшімен келген мереке. Халқымыздың кеудесін қуанышқа толтырып, думандатып тойлайтын айтулы күн. Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді, осы күні тілегіміз – түзу, ниетіміз – ақ, көңіліміз кіршіксіз қалыпта Отанымызбен мақтанайық, бірлігімізді нығайтайық, елдігімізді танытайық, – деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, жиын барысында әр қазақ осы күннің бағасын білуі қажеттігі баса айтылды. Жиналғандар ұлттың мәдени өмірінің жаңа тынысы ашылғанына кеңінен тоқталды. Іс-шараға арнайы қатысқан мәдениет және өнер қайраткері, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Дүйсенәлі Бықыбаев, облыстық «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбек пен оның орынбасары Сәкен Мырзабай, Жамбыл облысы бойынша қорғаныс істер жөніндегі заң қызметі бастығының міндетін атқарушы Ерғали Бейсетайұлы, Жамбыл облысы және Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағының төрағасы Дүкенбай Сайлаубекұлы, Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясы тарих пәні мұғалімі Эльмира Қайырбаева ұлттың ұлы мерекесі – Республика күнін қарсы алған сайын толқитындарын жасырмады. Олардың пікірінше, ұлт санасын сілкіген сол күндер еске түскен сайын елдің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекет болып іргесінің бекуіне жол ашқан, болашағымызды айқындап, аласапыран дәуірлер дауылынан аман шығудың алғышарттарын белгілеп берген, еліміздің егемендігі мен мемлекеттің тәуелсіздігіне іргетас қалаған дәуірлік заңдарымыз бен реформаларымызға бастау болған Егемендік декларациясы – жаңа дәуірдің тамырын тап басып ұстауға мүмкіндік туғызған азаттықтың бойтұмары екені анық сезіледі.

Басқосу соңында кітапхана оқырмандары спикерлерге көкейлеріндегі сан сауалдарын қойып, осыдан 34 жыл бұрынғы тарихи сәт-сағаттардан хабардар еткендері үшін шынайы ризашылықтарын жеткізді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

Ұқсас жаңалықтар