«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өктемдікке өрлікпен жауап қайырған өжет Баукең

Өктемдікке өрлікпен жауап қайырған өжет Баукең
Ашық дереккөз
Биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ғасыр жасқа келген батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетов және Рахымжан Қошқарбаевтармен бірге, тағы бір қаһарман перзентіміз Бауыржан Момышұлының да ескеріліп, жаңа тағайындалып отырған «Айбын» орденінің үш дәрежесіне есімдері берілуін халқымыз зор қуанышпен қабылдады. Бұл халық көңілінен шыққан өте әділетті шешім болды.

Бұған айрықша мән беруіміздің өзіндік сыры да, әрине, түсінікті болар. Өйткені, бұрынғы одақ тұсында нақ осы батырларымызға қатысты әділетсіздіктер орын алып келгендігі белгілі. Ел басшысының жұртының шексіз махаббатына бөленген осы үш қаһарманымызды бөле-жармай, «Айбынның» үш дәрежесіне таңдап белгілеуінің де бір сыры осында жатыр ма деп болжаймыз. Империя қанша мойындағысы келмесе де, Бауыржан Момышұлы кеңестік саяси идеологияның тасқұрсау шынжырын тас-талқан қылып бұзғандығын, ел аясына сыймай, одақ деңгейі тұрмақ, шартарапты қамтыған екінші дүниежүзілік соғыстың әлем жұртшылығы мойындаған басты қаһарман тұлғаларының бірі емес, бірегейіне айналғандығын неге жар салып мақтанышпен айтпасқа?!

Бауыржан Момышұлының адамдық тұлғасымен азаматтық тұлғасын жарыстыра отырып, көп тараптан әңгіме қозғарлық мүмкіндігіміз бар. Тіпті, ол кісінің алысқа бармай-ақ, көркем әдебиеттегі тұлғасы мен кино әлеміндегі образына талдау жасай отырып та біраз жерге баруға болар. Оның бейнесі тіпті, өзін мойындағысы келмеген империялық ел шегінде жасалып, А.Бектің әйгілі «Волоколам тас жолы» повесі арқылы дүние жүзіне таралуы, қазақ әдебиетінің классик жазушылары Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндерде», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романдарында сомдалып, ел тарихынан мәңгілікке орын алар тұлғаға айналғандығын қалай дәріптесек те жарасады.

Б. Момышұлын, кейде, қос майданның – соғыс және бейбіт заманымыздың батыры деп те атайды. Ал, біз Бауыржан тұлғасын толықтыра түсіп, кеңестік қиянатшыл идеологиямен күрескен империялық саясат майданының да қас қаһарманы дер едік. Көлеңкесінен қорқатын көлгір саясаткерлер мұны ашық айтуға бата алмайды, ал бадырайып көрініп тұрған ақиқатты айтуға не кедергі, кім бөгет?!

Баукеңнің қан майдандағы көзсіз ерлігін дәріптеу, әрине, кемшін емес. Бірақ, осынау қаһармандық ерлікке сырт көзқарас тұрғысынан көз салып, баға берсек, халықтың сүйікті батырын өзгеше қырынан тани бастар едік. Баукеңе батыр атағын беру, бермеу кеңінен талқыланып жатқанда, әңгіме ол кісінің өзіне тірелген бір мезгілде, жоғарыдағылардың тілін табу керектігі, ол үшін кейбір ұстанымдардан бас тарту керектігі жиі айтыла бастағанда, оның нағыз ерге тән қайтпас мінезі жарқ етіп, көрініс берген. Әлдекімдер Баукеңе ашықтан-ашық жоғарыдағыларға бас ұру туралы айта бастағанда, ол кісі бір-ақ кесіп: «Сол жылтырақ темір үшін жоғарыдағыларға ешқашан бас ұрмаймын. Ендігәрі ондай мәселе қозғап, менің басымды қатырмаңдар!», – деп араға түсіп, жоғарыдағылардың сөзін жеткізушілерді бет қаратпай айдап шыққанына, яғни, атақмансаптан ар-ожданын әлдеқайда биік тұтқан тектілігіне қалай сүйсінбессің?!

Сол кездегі одақтың Қорғаныс Министрінің қабылдауында болғанда, оның: «почему вы Момышулы, а не Момышев?», – деген қитұрқы, аяр сұрағына айылын жимастан: «Я был, и есть Момышулы, и таким остаюсь навсегда!», – деп қасқая жауап беруі, империя алдында өр кеудесін бастырмай, өмірден туған халқының алдындағы тап-таза арын сақтап өтуінің жөн болғандығын, батырдың ұлы әруағының алдында бас ие отырып, көзімізді жеткізе түсеріміз анық.

Сол билік иелері қолдарында тұрған атақты бергізбеуге, империяның шоқпарымен соғуға, әрине, құдіреттері жеткен шығар, бірақ, ұлттың қас батырының, қаһарман ұлының рухын сындыра алмады, бас игізе алмады. Осының өзі нағыз жүрек жұтқан батырлық, қайтпас қайсарлық емес пе?!

Осы тұрғыдан келгенде, Бауыржан Момышұлы қас батырлық дегеннің, нағыз қаһарман деген ұғымның аясын әлдеқайда кеңейтіп, тұғырын биіктетіп өткен айрықша ел тұлғасы екендігін сараптап, сол тұрғыдан екшеуге тиістіміз. Ал, кезінде егер әділеттің жүзіне тура қарар болсақ, Баукеңді сөгіп, «қырсығып, қитықпаса, сол атақтардың бәрін иеленіп, Қызыл Жұлдызды да омырауына жарқыратып тағып жүрер еді ғой!», – деп сыртынан ғайбаттаушылар аз болмаған.

Әрине, арыстандай азулы батырдың бетіне келу қайда?! Бауыржан Момышұлына кеңес дәуірінде не себепті батыр атағының берілмеуі аз қозғалмаған тақырып, сондықтан, бұдан әркім де хабардар деп ойлаймыз.

Біреу білер, біреу білмес, Рахымжан Қошқарбаевқа да батыр атағының берілмегендігі кезінде одақ басшылығының алдына дейін жеткен айқай-шуға айналған. Тіпті, айтайын дегеніміз ол емес, мәселе – осы мәселені ең алдымен Бауыржан Момышұлының көтергендігінде! Иманды болғыр, Рахымжан ағамыз Баукеңдей мінезді, бұзып-жарып жүретін кісі болмаған, көзкөргендердің естелігі бойынша, табиғатында жуас адам болған.

Баукеңмен жақсы достық шыраймен араласқан, әрине, олай болмайтын жөні де жоқ, екеуі де майдангер, мұң-сырлары бір дегендей. Баукең майдангер жолдасына: «ау, маған батырлықты бермеуінің себебі көп, өзімнің тілімнен тауып жүргендігім де бар. Ал, саған берілмеуінің не қисыны бар? Мен мұны жай қалдырмаймын. Жүр екеуміз Қонаевтың алдына барамыз» деген.

Сол кезде Рахымжан досы ат-тонын ала қашқан: «Бауке, қайтесіз, өтер іс өтті, уақытында алмағаннан кейін оның не құны бар?», – дегендей болуы керек. Оған көне қоятын, алған бетінен қайтатын Баукең бе, «жоқ, мен мұны түбірлетпей қоймаймын!», – деп салып ұрып сол кезде идеология бөлімін басқарып отырған Кәкімжан Қазыбаев пен Жазушылар одағын басқарған Ғабит Мүсіреповке барады: «Осылай да осылай, менің батырлығым үшін қам жемей-ақ қойыңдар, ау, бірақ анау Рахымжанға обал емес пе, ол Советтер Одағы армиясының ішінен суырылып шығып, қасқайтып тұрып Рейхстагке даусыз ту тіккен қазақ, бұған бүкіл майдан даласы куә, бәрі құлақтанып шулап кеткен, өзіміз де сол заматта-ақ естіп, мұны мақтан тұттық, мұны Кремльдің айналасы да біледі, бірақ неге көзін жұматыны түсінікті, Қонаев одақтың бірінші хатшысы Л.И.Брежневпен дос-жар адам, бұл мәселені шешсе, тек сол ғана шеше алады, мені тентек, бірдеңені бүлдіреді деп тыңдамауы мүмкін, сен екеуіңді тыңдайды» деп, сөздің қысқасы, тағы біраз зиялы қауым өкілдері қол қойып, әлгі екі басшыға салмақ-беделін салып отырып, осы мәселемен Д.А.Қонаевтың алдына баруға мәжбүрлепті.

Әрине, ол екі кісі де халықшыл адамдар, Баукеңнің сөзінің жөн екендігін де жақсы түсінген. Д.А.Қонаев ол кісілердің өтінішін аяқасты қылмай, Л.И.Брежневке барған. Сөйтсе, ол кісі «бұған, тіпті, менің еш қатысым жоқ, дәл сол уақыттарда шешіліп қойылған мәселе, шығар жарлық шығып кеткен, әлдеқашан жарияланып кеткен жарлықты бұзуға менің өзімнің құдіретім жетпейді» дегендей әңгіме айтқан.

Шынында да, бұл кезде болар іс болып, бояуы сіңген, «Рейхстагке ту тіккен орыс солдаты Егоров пен грузин солдаты Кантария» деп барлық құжатдокументтер, тарихи жылнамалар толтырылып кеткен уақыт, оны кері қайтарып алудың мүмкін еместігі басы ашық, айқын жағдай. Бірақ, ол солай болсын дейік, бізді қызықтырғаны мүлде басқа мәселе, нақты айтқанда, осы мәселеге бел шешіп кірісіп, одақ басшылығының алдына дейін жеткізіп, дабыл қақтырған Бауыржан Момышұлының биік азаматтығы, ардың ісін атқаруы еді.

Әйтпесе, өзі де сол, саясат қорлығынан талай «таяқ жеген», өзі де сол заңды батырлығынан құралақан қала отырып, Рахымжандай жолдасының, елінің адал азаматының батырлығына араша түсуі, тіпті, өзі үшін күреспей, оның атағын шырылдап қорғаштауы – Баукеңнің таудай биік адамгершілігін, арының әппақ кіршіксіз тазалығын танытып тұрған жоқ па?! Бұдан өзге қандай қорытынды жасауға болар?! Халық ерекше сүйіп «Баукең» деп атап кеткен қазақтың біртуар азаматы ел жүрегінде аңыз болып қалды.

 Қарап отырсақ, оның да себепсалдары жеткілікті, Б.Момышұлы қан майданның қас батыры ретінде ғана тарихта аты қалған жоқ, ол бейбіт күннің де үлкен тұлғасына айналды, өзге батырлардан ерекшелігі, өзінің қаһармандық жолдарын мемуарлық шежіреге айналдырып, басынан өткен соғыс хикаялары туралы прозалық көптеген шығармалар жазды. Тіпті, оның ғажайып ерлік жолдары орыс әдебиеті өкілдерін де қызықтырып, Александр Бек Б.Момышұлына арнап, «Волоколам тас жолы» деген повесть жазды. Осы шығарма желісімен кинофильм де түсірілді.

Қалай десек те, орыстың классик жазушысы А.Бектің «Волоколам тас жолы» шығармасы және ол туралы түсірілген кинофильм арқылы, біздің қаһарманымыздың атақ-даңқы Кеңес Одағы шегінде ғана емес, дүние жүзі елдерін шарлап кетті. Республикамызда танымал режиссер Мәжит Бегалиннің түсірген «Ел басына күн туса» деп аталатын фильмі де одақ кинотеатрларында бірнеше жыл бойы табысты көрсетілген. Мұның бәрінің, әрине, басты себебі – батырдың атағының сол кезде дүрілдеп шығуына байланысты болғаны анық. Оның үстіне, сол кездерде, халықтың соғыс туралы киноға махаббаты аса күшті болғандығының да әсері бар.

Қазақтың көрнекті жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың Баукеңмен сұхбаттаса отырып, диалог-роман түрінде жазған «Ақиқат пен аңыз» шығармасы да халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Міне, осындай халықтың Баукеңе деген шексіз ықыласын танытқан туындылар ол кісінің атағын шартарапқа жая түсті.

Аңыз адамды көргісі келген көптеген әлем елдерінен шақыртулар алған Баукең бірталай елдерге сапар шегеді. Соның ішінде, әсіресе, Кубаға сапары жайлы айрықша атап өтуге болады. Куба басшысы Фидель Кастро Б.Момышұлының өзінің келісімін ала отырып, өз еліндегі әскери оқу орындарына оның оқулықтарын оқытуды міндеттеген және автордың өзін арнайы шақырып, біраз лекциялар жүргізген.

Әлдебір оқу орны немесе әскери бөлім ғана емес, тұтас бір мемлекеттің осыншама құрметі мен ықыласына бөленудің салмағын өзіңіз байыптап, ой жүгіртіп көріңіз. Астамшыл Кремль мойындағысы келмеген, батыр атағын қызғанған Баукеңнің атағы осылайша дүрілдеп кеткен. Бұл тұрғыдан тек айтарымыз, оның басқарған батальонына Мәскеуді қорғау жауапкершілігінің жүктелуінің өзі көп жайды айқындап тұр.

Соғыстың алғашқы айларында Б.Момышұлының жеке құрамы, қақаған қыс ішінде Мәскеу түбіне бар күшін аямай төккен неміс фашистерінің тас қоршауын бес рет бұзып, әскерін аман алып шыққан оқиғасы аңыз болып тарап кеткен. Бұл Б.Момышұлының әскери-тактикалық үздік шеберлігін, ұйымдастырушылық қабілетін айқындайтын бір ғана мысал. Ол Мәскеу түбінде осыдан кейін де әлденеше сәтті операциялар жүргізген. Мұның бәрі майдан даласына заматта тарап жатқан.

Егер осы Б.Момышұлы басқарған әскери бөлімшенің жанқиярлықпен жүргізген ерлігі болмаса, ел астанасының халі мүшкілге айналуы әбден мүмкін жағдай еді. Осыған шексіз риза болған дивизия командирі генерал И.В.Панфилов қатты толқығаннан көзіне жас алып: «Жарайсың, сұңқарым!» деп, әкелік мейірбандықпен елжіреп құшағына алған екен. Өкінішке қарай, әкесіндей болған осы кісі көп ұзамай, соғыстың бастапқы кезеңінде-ақ, 1941 жылдың аяғына қарай қаза болды. Б.Момышұлының әскери амалайласы, неше түрлі ұтымды тәсілдерді іс жүзінде, яғни, сол жан алысып, жан беріскен, ажал оғы жауып тұрған майдан даласында қолдана білуі – ол басқарған құрамды үнемі жеңіске бастап отырды.

Бұл жағдайды, өзге тұрмақ бас қолбасшы И.В.Сталиннің өзі өте жақсы біліп отырған. Әрине, өзі Мәскеуде шыбын жанын шүберекке түйіп отырып, өзі барлық армияға басшылық жасап отырып, өзі отырған астананы кімдер қорғап жатқанын қалайша білмей қалсын?!

Тек өкініштісі, Бауыржан Момышұлындай, қолма-қол ұрыс жүргізудің шебері, ұлы тактикстратегтің соғыс амал-тәсілдерін жетік меңгерген сирек кездесетін майдангерлік дарынын танып, бағалауға келгенде Кремль басшылығы көздерін тарс жұмған!

Кейінірек, соғысқа үлкен дайындықпен кірісіп, өздерінің жеңісіне өте сенімді болған, «Мәскеуді үш-ақ күннің ішінде басып аламын!» деген Гитлердің жоспарының күлі көкке ұшып, кеңестік армияның таңғаларлық ғажайып жеңісі сөз болғанда, алдымен ауызға алынған ең қабілетті әскери командирлер қатарында Б.Момышұлының есімі жиі аталып, әлем назарын аударған, шартараптағы елдер құлақтанған. Мұны Куба басшысы Ф.Кастро ғана емес, тіпті, тәкаппар Мәскеудің өзі тәнті болып, мойындаған. Олай дейтініміз, соғыстан кейін шақырту алып, Баукеңнің біраз жыл сонда әскери академиялық жоғары оқу орындарында сабақ бергендігі белгілі. Өзінің кім екендігін, қарым-қабілетінің қай деңгейде екендігін бұдан артық қалайша мойындатуға болмақ?!

Бауыржан Момышұлының соғыс өнерін меңгеру тактикасы әлемде әскери ғылымның үздік үлгісі ретінде мойындалған, дүние жүзі елдерінің назар аударуының басты себебі де осында. Әсіресе, Куба сияқты, соғыс жағдайында болған, әскери күштерінің қуаттылығына, қорғанысына, жас ұрпағының патриоттық тәлімтәрбиесіне көңіл бөлген, зор мән берген елдер Баукеңнің бай тәжірибесінен өнеге алған.

Тағы бір үлкен маңызды мәселе, Б.Момышұлының атағы шарықтап көтерілуінің себебі, ол кісінің жазушылығы мен әдебиетшілдігі, сыншылығы жай ғана әуесқойлық деңгейден әлдеқайда биік профессионалдық дәрежеде танылған, яғни ол әскери соғыс кезеңінің естелігін жалаң баяндаушы журналист-очеркист, мемуарист қана емес, дүние жүзіне даңқы шыққан әскери жазушы ретінде аты шыққан.

Мәселен, сол өзі туралы жазған А.Бек, В.Катаев, Б.Полевой, тағы басқа әскери майдангер жазушылар секілді. Мұның ішінде, Б.Полевой да Б.Момышұлы туралы жазғандығы белгілі. Баукең өзі де майдан өмірінен жазылған үздік шығармаларға кейіпкер бола отырып, көзімен көрген қанды соғыс туралы өзі де жүрек тебірентерлік майдан оқиғаларын шыншылдықпен шерткен әскери мемуарист-жазушы ретінде де атағы кеңінен мәлім болған. Оның дәлелі сол, оның ақиқатпен суарылған шыншыл әрі көркем шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

Әдебиетшілдігі мен сыншылығы туралы да кездейсоқ айтып отырғанымыз жоқ, ол қазақ әдебиетінің даму барысын талғампаздықпен бақылап, өз бағасын беріп отырған, оның қазақ ақындары мен жазушыларына еңбектері арқылы баға берген мақалалары жарық көрген. Баукеңнің биік талғампаздығы соншалық, оның мысалы Алаш қайраткерлері Әлихан, Ахмет, Міржақып, Әлімхандарды құдірет тұтып өткені таңғалдырады. Әлімхан Ермеков дүниеден өткенде: «Беу, дүние-ай, Алаштың соңғы арысы Әли ұстаз да өмірден өткен екен!» деп қатты қайғырып, аза тұтып отырып қалған екен дейді. Өзгелерге келгенде сыншыл, тіпті, міншіл Баукең Алаш арыстарын өле-өлгенше қастерлеп, жүрегінде аялап өткен.

Алаш арыстарына саясат көзқарасынан еш қорқып, үрікпеген, қисыны келгенде, олардың еліне адал болғандары туралы, шығармаларындағы шынайылық, тазалық туралы ойларын ашық білдірген. Әрине, Баукеңнің мұндай, саясатқа қарамақайшы «теріс» пиғылын сол кездегі «тіміскі» қызметтегілер жақсы біліп, тиісті органдарға мәліметтер түсіріп отырғаны айтпай-ақ түсінікті жағдай болса керек.

Бұл – ол кісінің туған халқын дәл сол арыстарымыз секілді алашшыл махаббатпен, жалындаған жүрекпен сүйгендігін танытпай ма?!

Мағжан Жұмабаев пен Қасым Аманжоловтың ақындығына жоғары баға беруі, прозада Ж.Аймауытов пен М.Әуезовті пір тұтқаны оның қаншалықты ой-өрісінің жоғары болғандығын, әдебиетті ермек деп қана ұқпай, талғампаз, сарашылдықпен үңіліп отырғандығын білдіреді. Сонымен бірге, бұл оның әскери мәселелерде ғана емес, жан-жақты ізденісінің айғағы.

Дарын-қабілетінің санқырлығына, әрине, Баукеңнің даналық ұшқыр ойлары да дәлел. Олар тақырып жағынан саналуан, тек әскери стратегиялық соғыс тәсілдеріне байланысты, жауынгерлік мұратмүддеден қорытылған тұжырымдары ғана емес, онда адамгершілік, адалдық, Отан, туған жерге деген сүйіспеншілік, ар-ұят, тазалық, достық, махаббат, кісі ақысын жемеу, өтірік, қулық-сұмдықтан ада болу секілді көптеген тақырыптар қамтылған.

Турасын айтқанда бұл ғибратты даналық ой-көзқарастар біздің өткен ғасырларда өмір сүрген әйгілі би-шешендеріміздің ұлағатты ойларынан бірде-бір кем емес. Кейде, адамзаттық асыл ойлардың дер кезінде өз бағасын алмай, белгілі бір уақыттардан кейін мойындалып жататыны аз емес, сондықтан, Баукеңнің даналық тағылымына әділ баға беру уақыт еншісінде деп ойлаймыз. Баукеңнің үздік талант иесі, талғампаз да ұшқыр ойлылығының тағы бір сипаты, ел ауызында кейде бірқақпай түрінде, тіпті болмаса, «Баукең қалжыңдары» деген атпен әрқилы айтыла беретін ел арасындағы күлдіргі әңгімелерде тіпті есеп жоқ деуге болады.

Күлдіргі дегенімізбен оның мұндай әңгімелері шымбайға батардай ауыр, кейде, тіпті, уыты ащы, кейде, ащы мысқылды сарказммен, ирониялы әжуамен айтылған. Осылардың өзін тиянақтап, жинақтаған жан болса, бір емес бірнеше кітапқа жүк болар еді-ау деп ойлаймыз. Өйткені,

Баукеңнің ойының ұшқырлығы соншалық, аяқасты найзағайдай жарқылдаған өткір ойларымен кез келген адамды есеңгіретіп кететін жағдайлары болған. Баукеңнің удай зәрлі тілінен, кейде, тұздықтылау болып келетін қалжыңынан әріптестері, жолдас, замандастары үркіп, қашып, әлдеқалай сөз естіп қалудан жасқанып жүреді екен.

Басқа-басқа, көзкөргендердің айтуы бойынша, Баукеңмен сөз қағысып қалудан, өзгелерді былай қойып, атақты сөз зергерлері, классик жазушыларымыз Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтердің өзі жасқанып, қаймығып отыратыны туралы естеліктер оқып-естіп өстік.

Әрине, бұл арада ұлы жазушыларымыздың қадірін түсіргіміз келіп отырған жоқ, керісінше, олармен сөз жарыстырар деңгейден табылған батыр қолбасшы тұлғасының тұғырын көтергіміз келген ниетіміз. Міне, батыр қаһармандығының үстіне, осындай сан қырлы талантты, тұла бойы толған дарынды Баукеңнің бойынан кінәрат, мін іздегенімізден гөрі, оның бойындағы үлкен қасиеттерді ұрпаққа ұлағат тұтып, әсіресе, тәуелді заманда тәуелсіз өмір сүріп, кімге де болса басын имей өткен өр қасиетін ұлықтап, оның ар-ұят тазалығын ұлағат қылып ұсынудан шаршамасақ болар еді.

Батыр Бауыржан тіл тазалығын қазағының арымен қатар қойып өткен бірден бір тұлға еді. Ешбір ғалым немесе ақын, жазушы немесе басшы, зиялылар тіл туралы жақ аша алмай жүргенде, ана тілі туралы шырылдап, үлкен мінберден жоғарыдағылардың көзін шұқып айтқанын, көзіміз көрмесе де оқып та, естіп те өстік. Тіпті, түсіне білгенге, тегінің өзінде оның сол заманда-ақ, ешкімнен қаймықпаған, елі мен тарихына, тіліне деген құрметі тұрған жоқ па еді?!

 

Досжан ӘМІР

ҚР Жоғарғы Сотының судьясы,

ҚР Судьялар одағының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар