«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараздықтар Республика күнін атап өтті

Тараздықтар Республика күнін атап өтті
Ашық дереккөз
Еліміз үшін елдігіміздің нышаны болған Ұлттық мереке – Республика күнін Тараз халқы сәнсалтанатымен атап өтті. Мереке қарсаңында шаһар аумағында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, көпшілік мерекелік думанға бөленді.

Ал, Республика күніне орай қаланың басты жиынын атап өту үшін көпшілік Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйіне жиналды. Мерекелік іс-шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Әуелі сөз алған шаһар басшысы жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Осыдан тура 34 жыл бұрын, яғни 1990 жылы еліміздің егемендігін айғақтайтын арнайы Декларация қабылданып, тәу етер Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадам жасалғаны тарихтан мәлім. Соның арқасында бабаларымыз аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, зайырлы да дербес мемлекет атандық. Содан бері еліміз дамудың даңғыл жолына бет түзеп, әлемдік өркениет көшіндегі өз орнын айқындап келеді. Осы уақыт аралығында толайым табысқа кенеліп, барлық салада биік белестерді бағындырдық. Еңселі егемендігіміз өңірлердің де өркендеуіне тың серпін беріп, халқымыздың әл-ауқатының артуына оң септігін тигізді. Тәуелсіздікпен бірге түлеген көне шаһар – Тараз қаласында да баянды бастамалар мен жарқын жобалар жүзеге асты. Бұл бағытта атқарылған ауқымды жұмыстар жұртшылықтың көз алдында. Айталық өнеркәсіп, білім, инфрақұрылым, экономика салаларында ілкімді істер қолға алынды. Сондықтан бұл ұлық мерекенің баршамыз үшін тағылымы терең, мазмұны зор, – деген Бақытжан Әмірбекұлы қаланың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы мен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, арнайы Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыстады. Ресми бөлімнен соң мерекелік іс-шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар