Бүгінде облысымызда 45571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 4586 адам 1-ші топтағы, 16534 кісі 2-ші топтағы болса, 3-ші топта 17629 адам бар, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6822 жасөспірім. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларының орындалуы 97,9 пайызды құраған. Порталда 27089 өтініш тіркеліп, 26512 өтініш қанағаттандырылыпты.
– Биыл мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына, яғни сурдо-тифло құралдар, санаторлық-курорттық және протез-ортопедиялық бұйымдар, кресло-арбалар алып беру үшін бюджеттен 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 1,4 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен болса, 0,7 миллиард теңге облыстық бюджеттен қарастырылды. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтерге, яғни жеке көмекші қызметі, ымдау тілі маманы, үйде көмек және гигиеналық құралдар бойынша 2,2 миллиард теңге бөлінді. Биылғы 8 айда әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 91 пайызды құрап отыр. Яғни, порталға тіркелген 24009 өтініштің 21843-і қанағаттандырылды. Дегенмен, техникалық оңалту құралдарының жекелеген түрлері бойынша төмен көрсеткіштер санаторлы-курорттық емделумен және протез-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету бағыттарында кездеседі. Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген «Жол картасының» 84-тармағына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланып, ағымдағы жылдың 9 айында 173 нысанға 132 225,8 мың теңге қаржы бөлініп, 156 нысанда бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Өткен жылы басқармаға қарасты 20 медициналық-әлеуметтік мекемелерде 2098 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз деңгейінде жалғастырылуда, қазіргі кезеңде 2687 адам қызмет алды, – дейді басқарма басшысы Еркін Келесов.
Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1008 адамға 1488,6 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Есепті кезеңде 1008 адамға грант беру туралы комиссияның оң шешімі қабылданып, қаражаттары толығымен игерілген. Қоғамның әлсіз тобына жұмыссыздар да кіретінін ескерсек, облысымызда жұмыспен қамту іс-шаралары қалай жүргізіліп жатқанын да аталған басқарма басшысынан сұрадық.
– Негізі халықты жұмыспен қамту мәселелері биылдан бастап еліміздің еңбек нарығын дамытудың 2024- 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске асырылуда. Биыл тұжырымдама аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 60661 адамды тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан жоспар 84,5 пайызға орындалып, 51286 адам белсенді шараларға тартылды. Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 46943 адам болса, есепті кезеңге 42044 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 89,6 пайызға орындалды. Сонымен қатар, тұрақты жұмысқа 31746 адамды орналастыру жоспарланып, барлығы 25528 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, жоспардың 80,4 пайызы орындалды. Ұлттық жобалар аясында электронды еңбек биржасына енгізілуі тиіс жобалар саны 309 нысан болса, сол жобаларда 3172 жұмыс орны ашылуы тиіс болған. Өңірлік карта аясында жоспарланған жобалардың бүгінге 259-ы электрондық еңбек биржасына енгізілді. Іске асырылатын жобалар аясында электрондық еңбек биржасы арқылы жарияланған бос жұмыс орындарының саны 2335 бірлікті құраса, оларға 2179 адам жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, жұмысқа орналасқан адамның тек 1207-не зейнетақы жарналары аударылған. Электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасқандардың 99,8 пайызына еңбек шарты тіркелді. Президенттің тапсырмасына сәйкес 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құрудың облыстық жоспары 8,8 мың жұмыс орны болып белгіленді. Осы тапсырманы орындау аясында 8,8 мың жұмыс орны құрылды. Ел Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, осы жылы жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беруге облыс бойынша 362 адамға 1810 миллион теңге көлемінде қаражат қаралды, – дейді Еркін Егембердіұлы.
Елімізде жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмыссыз азаматтарды қоныстандыру шаралары да жүзеге асырылып келеді. Бұл тұрғыда айтар болсақ, облысымыздан 123 отбасы, яғни 376 адам өзге өңірлерге көшірілген. Атап айтсақ, Павлодар облысына 54 отбасы, 175 адам, Солтүстік Қазақстанға 45 отбасы, 126 адам, Шығыс Қазақстанға 11 отбасы, 34 адам, Абай облысына 5 отбасы, 13 адам, Қостанайға 5 отбасы, 21 адам, Ұлытауға 3 отбасы, 7 адам қоныс аударған. Қоныс аударушы отбасылары толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленіп, жалдамалы тұрғын үймен қамтылған. Ал, атаулы әлеуметтік көмекке келсек, биыл облысымыздың 55423 тұрғынын қамту жоспарланып, оларға барлығы 4,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда көмек алушылар саны 9517 адамға азайыпты.
Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда ай сайынғы қосымша төлемге 980,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, 15786 баланы қамту жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 қазанына осы көмекті алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 9320 балаға 328,3 миллион теңге тағайындалып, 9278 балаға 295,9 миллион теңгесі төленген.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді