«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайта жаңғырғанұлттық мереке

Қайта жаңғырғанұлттық мереке
Ашық дереккөз
Биыл Республика күнін қайта жаңғырған ұлттық мереке ретінде үшінші жыл атап өтеміз. Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын.

Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын кұру құқығына ие болды. Ал, Президент елдің басшысына айналды. «Декларация» сөзінің мәні «жариялау» дегенді білдіреді. Декларация дегеніміз заң емес. Бұл саяси құжаттың заңды күші жоқ. Оның мақсаты – барша әлемге, халықаралық қауымдастыққа, одақтас мемлекеттерге Кеңестер Одағынан шығу шешімін қабылдағаны туралы жариялау, паш ету. Демек, декларация тәуелсіздікті алудағы жолдың бірінші қадамы болды.

Егемендіктің саяси-құқықтық негізін қалады. Декларацияда ұсынылған қағидалар 1991 жылы 16-шы желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңда бекітілді. Сондықтан, бұл екі тарихи дата әр қазақстандық үшін тарихи мәні, тағдырлы мағынасы бар күндер. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда, 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал, 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ. Алдыңғы жылдың кыркүйек айында, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Президенттің бастамасы халықтың қолдауына ие болып, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына өзгерістер енгізілді: яғни, 25 қазан – Республика күні – ұлттық мереке, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні – мемлекеттік мереке, 17-18 желтоқсан – 1986 жылы желтоқсан оқиғаларында құрбан болған ұлт батырларын еске алу, оларға тағзым ету күндері болды.

Халықаралық тәжірибені алсақ та, көп мемлекеттерде тәуелсіздік туралы декларация қабылдаған күн жалғыз ұлттық мереке болып есептеледі. Мәселен, АҚШ-ты алайық. Оларда тәуелсіздік туралы заң жоқ. Олар тәуелсіздік туралы декларацияны 1776 жылы қабылдады. Сол күн АҚШ-тың тәуелсіздік күні, басты мерекесі болып есептеледі. Сол сияқты 1990 жылы 12 маусымда Ресейдің Жоғарғы кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдады. Осылайша Б.Ельцин басқарған Ресей Федерациясы Кремльден бөлініп кетті. Кейін Путин билікке келгеннен кейін ол күнді «Ресей күні» деп өзгертті. Сондықтан, Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Уақыт өткен сайын, 90-жылдары орын алған саяси өзгерістер мен тарихи оқиғаларға оралып, қайта баға беретін болдық. 90-жылдарға дейін КСРО атты темір құрсаудан босанып шығу, тәуелсіз ел болу ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін.

Алайда, 80-жылдардың аяғында жағдай күрт өзгеріп, азаттық ұрандары жиі көтеріле бастады. Бұған не түрткі болды деген сұрақ туады. Кеңес одағын ұстап тұрған негізгі үш күш болғаны белгілі.

Біріншісі – Коммунистік партия. Ол елдегі жалғыз партия болды, кадрдың бәрі соның қолында.

Екіншісі – Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі. Кеңес одағына қарсы шыққан адамның бәрін аяусыз жазалап отырды.

Үшінші күш – армия.

Тоталитаризм жүйесі осы үш күшке сүйеніп тұрды. 1985 жылы ел басына Горбачев келгеннен кейін қиын халді басынан кешіп отырған КСРО-ның саяси жүйесін реформалап, қайта құруды бастап, елді демократияландыруға бағыт алғанын білесіздер. Осы жолда Горбачевтің үлкен еңбегі бар екенін айту керек. Өйткені, ол шын мәнінде білімді әрі демократ адам болатын. Бір партия басқарған тоталитаризм жүйесінің қате екенін түсінді. Себебі, Карл Маркстің өзі: «Социализмде көппартиялық жүйе болады» деп айтып кеткен еді. Горбачев соның сөзіне сүйене отырып көппартиялы жүйе жасады. Артынша Кеңес одағын ұстап тұрған үш күш біртіндеп бөлшектеліп, әр одақтас республика өз партияларын, қоғамдық-саяси ұйымдарын құрып, азаттық жолындағы қозғалыстар пайда болды. Міне, осы кезде бұл өзгерістер бостандыққа жол ашып берді. Қазір көп адамдар Горбачевті «КСРО-ны құрдымға жіберді» деп кінәлайды. Алайда, ол елді құлатқысы келген жоқ, мақсаты коммунистік партияның диктатурасынсыз демократиялық социализм құрмақшы еді және КСРО-ның атын Суверенді (Егемен) Республикалар Одағы деп өзгертуді қалады. Егер елде демократия орнап, одақтас республикалар егемендік алса, өздері-ақ одақ құрамында қалады деп ойлады. Бірақ одақтас республикалардың басшылары Горбачевқа сенімсіздік білдірді.

Суверенді Республика деп аталғанымен, Ресейге тәуелді болып қалатынын білді. Осы оқиғалардың барлығы жаппай егемендік жариялануына алып келді. Негізі бұған дейін де әр республиканың Конституциясында «суверенді республика» деген сөз бар болатын. Біз кейін «суверенді» деген сөзді «егемен» деп аудардық. Алайда, ол кезде «мемлекет» деген сөз жоқ еді. Ал, 1990 жылғы декларацияның ерекшелігі «мемлекеттік егемендік» туралы құжат болғандығы. Яғни, біз империя құрамындағы жай республика емес, жеке-дара мемлекет атандық. Бұл үлкен айырмашылық. Ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа жетер жолымыз осылайша басталды. КСРО құрамынан шығып, азаттық алуды ең алдымен Балтық жағалауы елдері, яғни Литва, Латвия, Эстония бастады. Олар одақтан шығуды заң жүзінде, халықаралық құқыққа, Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сай өте шеберлікпен кезең-кезеңімен жүзеге асырды. – Біріншіден, олар Еуропаны КСРО мен Германия арасында бөліске салған МолотовРиббентроп пактін қайта көтеріп, оның заңсыздығын сынға алды.

Аталған құжаттың көпшілікке жарияланбаған құпия баптарында Литва аумағы КСРО-ның мүддесіне кіретін жерлер ретінде көрсетілген еді. Литвалықтар Мәскеуде Жоғарғы кеңестің сессиясында мәселе көтеріп, осы пактінің халыққа, егемендікке, Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысына, халықаралық құқыққа қарсы жасалған қылмыс екенін дәлелдеді. Екіншіден, 1940 жылы КСРО әскерлерінің Литва жеріне кіргізіліп, одаққа қосылуын оккупация деп айыптап, КСРО-ға өз еріктерімен кірмегендерін алға тартты. Олар Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысындағы «әр ұлт өз мемлекетін құруға құқылы» деген сөзді және КСРО Конституциясындағы «кез келген республика КСРО құрамынан шыға алады» деген бапты негізге алып, барлығын заң жүзінде жасады. Содан кейін тәуелсіздіктерін жариялап, одақ құрамынан шығып кетті. Алып империяның іргесі сөгілуі осылай басталды. Біз одақтас республикалардың ішінде ең соңғы болып егемендікті алдық. Оның өзіндік себептері бар. Азаттық алуды қаламадық емес, қаладық, әрине. Алайда, еліміздегі демографиялық ахуалға, яғни жергілікті ұлт өкілдерінің аздығына байланысты әліптің артын бағуға тура келді. Өздеріңіз білесіздер, 20-жылдардағы азамат соғысы, 30-жылдардағы аштық пен қуғын-сүргін, одан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан халқымыздың саны айтарлықтай азайды. Солтүстік өңірлер тіпті бос қалды десе де болады. Соғыс аяқталған соң тың жерлерді игеру басталғанда сол жердің бәріне Ресейдің ішкі жақтарынан халықты әкеліп қоныстандырды.

Міне, осындай саясаттың негізінде 90-жылдардың басында біз өз жерімізде 44 пайызды ғана кұрасақ, солтүстік облыстарда 25 пайызға да жетпейтін едік. Оның үстіне қазақтардың көпшілігі ауылдарда тұрды. Ал, саясатқа араласып, саясатты жасайтындар негізінен қалада тұратыны белгілі. Еліміздің үлкен қалаларында негізінен өзге ұлт өкілдері көп болды. Бізден басқа 15 одақтас республиканың ешқайсысында мұндай күрделі демографиялық ахуал болған емес. Сол кездері тіпті солтүстіктегі кейбір қалаларымызда жұмысшылар көшеге шығып: «Егер Қазақстан КСРО құрамынан шығатын болса, біз өз жерімізбен бірге Ресейге қосыламыз» деп ұрандатқан митингілер де болды. Қазір ол жайында көп айтылмайды, алайда сол уақытта солтүстік аймақта сепаратизм көріністері өте күшті еді. Егер біз елден бұрын тәуелсіз боламыз деп әрекет еткенде әлгі сепаратистер көтеріліп, азамат соғысы болып кетуі мүмкін еді. 1991 жылы қыркүйек айында КСРО-ның жан-жағынан жиылған казактар жиын жасап, Орал автономиялық республикасын құрғысы келді. Сол кезде біздің Үкімет тарапынан арнайы комиссия құрылып, оған Серікболсын Әбділдин төраға болып, казактар бүлігі басылды.

Міне, ел ішіндегі қауіп-қатердің салдарынан әліптің артын бағуға тура келді деген осы. Біздің егемендікті де, тәуелсіздікті де кеш жариялауымыз үлкен саясатпен жүзеге асырылған дүние. Соның арқасында біз жерімізді шашау шығармай, қақтығысқа, азамат соғысына жол бермей, біртұтас күйде азаттық ала алдық. Тәуелсіздік алғанымыз – біздің атабабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы. Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік, дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық. Ұлттық жаңғыртуды жүзеге асырып, жаңа құндылықтар қалыптастырдық. Ғасырлар қойнауынан асылдарымызды аршып алдық.

Республика сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына береді. Тәуелсіздікке қол жеткізу оңай болған жоқ. Ал, тәуелсіздікті қорғау, мемлекеттік егемендігімізді дамыту біздің ортақ ісіміз. Еліміздің басты мерекесі, ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Еліміздің егемендігі баянды болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттілігіміз ғұмырлы болсын!

 

Махметғали САРЫБЕКОВ

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры

Ұқсас жаңалықтар