Өңір тұрғындарының кітапқа қызығушылығын, рухани мәдениетін арттыру мақсатында қолға алынған «Оқы! Таны! Біл!» әлеуметтік жобасының екінші бағытымен жоспарлы түрде «Автопарк – 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен QR кодпен кітап оқу опциясы Тараз қаласындағы №38, 28, 46, 60 бағыттағы автобустардың салондарына орнатылды. Енді осы бағыттағы қоғамдық көлік жолаушылары QR кодталған кітапхана арқылы өздері қалаған ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің және елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың шығармаларын, еңбектерін қолындағы ұялы телефонымен-ақ оқи алады. Кітап оқу үшін жолаушылардың смартфондары ғаламтор желісіне қосулы болса жеткілікті.
– Несін жасырамыз, қазір адамдар тым жұмысбасты. Уақыт аса тығыз. Адамға әл-қуат үшін тамақтану қаншалықты қажет болса, жан дүниесін байытуға да рухани азық өте керек. Ол үшін көптеп кітап оқу керегі бәріне белгілі. Бірақ, жаңа айтқанымыздай, қазір көп кісілердің кітапханаға баруға уақыттары бола бермейді. Сондықтан, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған саябақтарға орнатқан кітапхана үйшігі мен автобустарда да оқуға болатын электронды кітаптар мүмкіндігі өте жақсы іс деп білемін. Адамдар өз шаруаларымен жолда бара жатып, автобуста отырып-ақ кітап оқып, жан байлығын арттырады әрі уақытын да тиімді пайдаланады, жол қысқартады. Халыққа осындай мүмкіндікті ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыс айтамын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Сәуле Абдибаева.
– Қазір жастар арасына кітап оқу біртіндеп дендеп келеді. Бұл қуанарлық жағдай. Өзім де кітапқұмарлардың бірімін. Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының тұрақты оқырманымын. Сүйікті кітапханамның кітаптардың электронды нұсқасын барлық жұрт оқи алатындай автобустарда да орнатқаны мені қуантты. Бұл – әсіресе мектеп оқушылары мен студенттерге қолайлылық туғызды деп ойлаймын. Себебі, күнделікті сабаққа барыпкелгенде қоғамдық көлікке мінеміз. Сол жерден QR код арқылы қалаған кітабымызға қол жеткізіп, жолға кеткен уақытымызды пайдалы іске арнаймыз. Сондай-ақ, бұл іс автобуста тұрып, бір-бірімен сөйлесіп шулап, басқалардың мазасын алатын балалардың бейберекет қылықтарына да тоқтау салатын шығар. Ең бастысы – білімімізді арттыруға үлкен көмек. Осындай істердің қатары көбейе берсе екен, – дейді №64 орта мектептің 9-сынып оқушысы Ақжан Амангелдиева.
Расында уақытты үнемдеп, жан азығын алуға қолжетімділікті арттырған іске қуана қолдау көрсетушілер аз емес. Енді тек аталған бағыттарда ғана емес, қаланың, аудандардың қоғамдық көліктерінде де осындай жылжымалы кітапханалар іске қосылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді