«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кентаврлар, желдей ескен, жер жоқ олар жетпеген

Кентаврлар, желдей ескен, жер жоқ олар жетпеген
Ашық дереккөз
Өлең – өмір

КЕНТАВРЛАР – САЛТ АТТЫЛАР

Ізгіліктен үзбей көңіл, үмітті,

Кентаврлар еркін өмір сүріпті.

Батылдықты бойға ерте сіңіріп,

Болашақты да ерте ойлай біліпті.

 

Көктем келсе қарғын судай ағыпты,

Бұл салттары өздеріне жағыпты.

Тәуекелге – тың сапарға барыпты,

Жоғалтпапты жортып жүрер қалыпты.

 

Өз бірлігін нығайта алған, сақтаған,

Сөзге орынды басын изеп, тоқтаған.

Әлпештеген ата-ананы сөзбен де,

Ал, қыздардың бетін олар қақпаған.

 

Кентаврлар – салт аттылар шұбаған,

Жолдарда алыс төзімдерін сынаған.

Алыстардан, сірә, достар іздеген,

Төс қағысқан досын төрге шығарған.

 

Кентаврлар құштар болған кеңдікке,

Құлаш ұрған талай жерге, ендікке.

Ертеңіне құштарлықпен қараған,

Өмірлері тартады өрге, ерлікке!

 

* * *

Күн болмаған кентаврлар жайланған,

Көңілге алып көрмепті олар күдікті.

Әділетті адал жол деп ұйғарған,

Туған жерін сүйе де тым біліпті.

 

Қатынаста болған сергек, шынайы,

Асығыпты алыстарды көруге.

Табиғатын самал тербеп ұдайы,

Таза ұстапты дала, суы, көлін де.

 

Салт-дәстүрі майдай жағып көңілге,

Сол әдеппен өніп-өсіп, көктеген.

Төзімділік қажет болар өмірде,

Үлкенінің алдын кесіп өтпеген.

 

Кентаврға өрге ұмтылу – жақындау,

Сезгендеймін мен де олардың ізгі үнін.

Армандаймын солардай боп батылдау,

Ұстасам деп әр ісімнің тізгінін?!

 

ДАЛАДАЙ ЕР МІНЕЗДІ

Кентаврлар болған еркін, көрікті,

Қиындықты өр мінезбен жеңіпті.

Татулықты ұйытқы етіп өздері,

Береріне болашақтың сеніпті.

 

Атқа қонып шығады екен жарасып,

Айналаға ғашық көзбен қарасып.

Көкжиекке кетеді екен жұтылып,

Сеңгір-сеңгір асулардан ары асып.

 

Сүйектері жаралғандай темірден,

Жөңкиді екен бақыт іздеп өмірден.

Бәрін соның білген екен Геродот,

Жазған және шынайы, адал көңілмен.

 

Желе шығып төбе ұшына бір лезде,

Жоқ болып та кетеді екен бір лезде.

Кентаврлар – перзенттері даланың,

Бай болған-ау салмақты-өр мінезге?!

 

ЖЕРДІ ШАРЛАП КЕТСЕ ДЕ...

Кентаврлар желге кеуде ашыпты,

Ынтымақпен алға қадам басыпты.

Алақандары мейірімге толы боп,

Айналаға тек ізгілік шашыпты.

 

Жан-тәнімен сүйеді екен өз жерін,

Бар уақытта қалыпты ұстап өздерін.

Айта білген көргендерін суреттеп,

Көңіліне тоқи білген сезгенін.

 

Кең даланың ауасынан жаралып,

Өскен сынды сағыныштан нәр алып.

Жердің бетін қанша шарлап кетсе де,

Сүріпті өмір даласына оралып.

 

Шарлап жүріп жердің жүзін боп бекем,

Өздеріне қандай жүкті артты екен?

Кентаврлар жайлы сырлар тербейді,

Даласына қандай күш деп тартты екен!

 

ОЙДАҒЫ СЫР

Арғымаққа қараушы едім мінсем деп,

Білегіме қамшы бауын ілсем деп.

Ойлайтынмын шығып алыс сапарға,

Әлем жайлы көп нәрсені білсем деп.

 

Асығушы ем көрмегенді көрсем деп,

Қиындықты қысқы ызғардай жеңсем деп.

Кең даланың жұтып мақпал ауасын,

Кентаврдай терең ойлар терсем деп.

 

Кеуде кердім өзімді өрге салсам деп,

Керек болса, сынақтарға барсам деп.

Маңдайымнан шүпілдетіп тер төгіп,

Алынбаған асуларды алсам деп!

 

Тапсам деуші ем өз шыңымды, бағымды,

Болсам деуші ем айналама жағымды.

Шын сағынып жүргендеймін мен бүгін

Сондай асыл, албырт бала шағымды.

 

Шешкем серпіп бастау – көңіл тұсауын,

Келеді шын серілерге ұқсағым.

Қиын сәттер жасай қалса торуыл,

Кентаврлар қасиеттерінен күш алдым!

 

Байтанағали ТӨЛЕНТАЕВ,

ақын, журналист.

Аса ауылы

Ұқсас жаңалықтар