«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Знамя труда» да қазақша хабар таратқан

«Знамя труда» да қазақша хабар таратқан
Ашық дереккөз
«Газет оқу – зиялылықтың белгісі» деп білетін біздің көзіқарақты оқырман биыл 105 жылдығын кең көлемде атап өтіп жатқан «Знамя Труда» газетінің бір кезеңде мемлекеттік тілде хабар таратқанын жақсы біледі. Оқырманның сұранысымен көптің түпсанасына шырақ алып түскен шежірелі сәт турасында сол «тарихтың» басынан табылған тілші ретінде кеңірек баяндап беруді жөн көрдім.

2018 жыл. Сол тұстағы аталған газеттің Бас редакторы, жазушы-журналист Бекет Момынқұл жоғарғы оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген мына мені редакцияға алдыртты.

Екеуара диалог барысында қазақ журналистикасының корифейі Шерхан Мұртазаның батасын алып, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының ізін басқан қарымды қаламгердің оқырманның өтінішін негізінде газеттің бір бетін қазақ тілінде шығаруды жолға қойып жатқанын, сол ізгі істі маған сеніп тапсырғысы келетінін айтты.

Үлкен сенім жүгін іштей сезінген мен, алғашқыда жүрексіндім. Бірақ, жорға болар тұлпарды тай күнінен танып, талай талантты түлекті түлеткен ұлағатты ұстаздың үміт үдесін үлкен абыроймен қабылдадым. Осылайша, ағайдың «Алғысөзімен» алғашқы газет беті наурыз айының мерекелік санында жарық көрді. Бұл жағымды жаңалықты алғашқылардың бірі болып, облыстық «Aq jol» газеті оқырманмен бөлісті.

«Облыстық «Знамя труда» газеті көктем маусымын ерекше жаңалықпен бастады. Он мыңға тарта орыстілді оқырманның жаршысына айналған басылым алдағы уақытта өзінің бір бетін мемлекеттік тілде жарыққа шығарып тұрмақ. Бұл оқырман қауымның тілегі екен. Әсіресе, облыс орталығынан алыс аудан, ауыл тұрғындары аталмыш газет басшылығымен кездескенде осындай өтініш, пікірлерін жеткізген-ді. Міне, ауылдықтардың бұйымтайы орындалды деуге де болады.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жарық көрген №28 газеттің төртінші бетін түгел қазақ тіліндегі мақалаларға арнаған.

Тілші Нұрсұлтан Рахымбай дайындаған арнайы беттің алғашқы жарияланымында арулар мерекесінің лебі есіп тұр. Айталық, «Жүз сегізінші көктем», «Таксиден тапқан табысын...», «Бала сүю бақытын сыйлаған», «Пошташы апа», «Білектей арқасында өрген бұрым...» секілді тартымды дүниелер газет оқырмандарына жақсы көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз.

Арнайы беттің алғысөзінде жазылғандай, әзірге бір айда екі бет жасау жоспарланып отыр екен. Демек, «Знамя труданың» әр айдағы екі нөмірінен қазақтілді мақалалар топтастырылған арнайы бетті оқып, таныса аласыздар. Оқырмандардың ұсынысын қабыл көріп, тың бастаманы қолға алған әріптес ұжымға сәттілік тілеп, жазар көп болсын дегіміз келеді», – делінген хабарламада.

Иә, бірі – білсе, бірі – білмес қанатқақты жобаға «Серпін» деп ат қойып, орыстілді басылымдағы қазақ бетінің қызықты шығуына біркісідей атсалысқан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Несіпбек Дәутайұлы болатын. Дәл осылай «Знамя Труданың» «Серпін» беті қоғамдағы өзекті мәселелерге терең бойлаған және тарихи-танымдық тың деректерге толы материалдарды жыл он екі ай үздіксіз беріп келді.

 

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ

«Aulieata-media» ЖШС цифрлық контент орталығының жетекшісі.

Ұқсас жаңалықтар