Апта ортасында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «ГРЭС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде, атап айтқанда, «Шөлдала» тұрғын алабында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жылыту маусымында қатты отынмен немесе табиғи газбен жұмыс істейтін қазандықтардың мұржаларын уақытында тазарту қажеттігі туралы алдын алу жұмыстарын жүргізді. Рейдке өрт сөндіру қызметі, «QasaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының мамандары, полиция қызметкерлері және еріктілер қатысты.
– Жылыту маусымы – өрт шығу ықтималдығы әдеттегіден әлдеқайда көп болатын кезең. Облыста маңызды науқан басталған екі күннің ішінде 3 қайғылы жағдай орын алды. Салдарынан 6 адам қаза тауып, екі адам ауыр халде ауруханаға түсті. Сондықтан, қала тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, газ құбырынан шыққан ақауларды жөндеп, кемшіліктерді ескертіп жатырмыз. Егер тұрғындар өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаса, қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады, – дейді Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ербол Әміров.
Өрт сөндіру қызметкерлері мен басқа да рейдке қатысушылар межелі жерге келген бетте бірнеше топқа бөлініп, қауіпсіздік ережесі жазылған қағазды көше-көшелерге таратуға кірісті. Мәселен, «Шөлдала» тұрғын алабының Арна көшесінде шамамен 50 шақты түтін бар. Өрт сөндіру қызметкерлері мен газ саласының мамандары әр шаңыраққа кіріп, газ құрылғысының жағдайын бақылап, үй иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қауіпті жағдайда тұрған мұржалар мен газ құбырларын қалпына келтіруді де ескертті.
– Тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы, тұрмыстық техникалар мен электр сымдарын пайдалану қауіпсіздігінің бұзылуы, пеш мұржаларының ақауы, балалардың отпен ойнауы секілді салғырттықтар – өрттің басты себептері. Сондай-ақ, кейде адамдардың мас күйінде темекі шегуінен де от тұтанады. Статистикалық мәлімет бойынша, әр үш өрттің бірі пештің ақауынан шығады. Ал, өрт салдары адамдардың денсаулығы мен өміріне орны толмас зиян, материалдық шығын әкеледі. Сондықтан, осындай профилактикалық жұмыстардың маңызы зор, – дейді төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Бақытжан Өтешов.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді