Иә, әр ұлттың атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық медицинасы бар. Кез келген елдің тарихында медициналық әдістәсіл бар. Қазақтың әр өңірінде көптің аузында жүрген керемет қолы икемді, шебер сынықшылар, халық емшілері, тәуіптер мен бақсыбалгерлер болған. Мысалы, қазақта шөппен емдеу, сүлік салу, терлету, бұлау салу, түшкіру және де басқа тәсілдер кеңінен қолданылған. Бала кезімізде кәріқұлақ аталарымыз бен апаларымыздың «Әй, мына бала жөтеліп қалыпты ғой. Мынадай шөпті тұндырып бер, арқасын борсық майымен сыла» немесе «Іші өтіп, көзі кілдіреп қалыпты. Оған мына шөпдәріні бер...» деп жататыны есімізде.
Асқазан ауырғанда емшілер науқасқа рауғаш сияқты шөптер берген. Іш өткенде науқасқа жұпар жаңғағы шайының қою тұндырмасын, қарақат тұндырмасын берген. Қатты жөтел кезінде шайға немесе сорпаға салынған бұршаққынды бұрыш тұндырмасын қолданған. Қазақтың халық емшілері қымызды негізінен туберкулезді, құрқұлақты, хлорозды, қаназдықты, жүрек-қан тамыры және асқазан-ішек сырқаттарын емдеуге пайдаланған. Тістің ауруын меңдуана мен май қоспасымен емдеген, кейде құрғақ меңдуана басқан. Әлі де халық арасында кейбір ауруларды шөп тұнбаларымен, майлармен және де басқа жолдармен емдеу-сауықтыру сақталып келеді. Адыраспан шөбін және оның түтінін ауадағы инфекцияны жою үшін бүгінге дейін пайдаланады. Егер сынған сүйек қисық бітіп қалса, жылқының қазысын орап отырып, қайта шығарып, қайта салатын шебер сынықшылар бар. Бел омыртқа сырқаттарын емдеудің де өз тәсілдері сақталған. Бірақ, оларды «бұрынғының қалдығы» деп күмәнмен қарап, мойындамайтындар жоқ емес. Қазіргі пайдаланып жүрген біраз дәрі-дәрмектер сол шөптерден дайындалғанын көпшілік терең ұға бермейді. Химия жолымен алынған дәрі-дәрмектер бір ағзаға жәрдем берсе, екінші бір ағзасына кері әсер етіп жататынын білеміз. Соған қарамай, «қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, емдік шөптерді пайдалану ісі бізде жыл өткен сайын кенжелеп барады.
Дәрідәрмектердің 70-80 пайызы шетелдік фармацевтикалық компаниялардан миллиондаған долларға сатып алынуда. Егер өзімізде өсетін дәрілік өсімдіктерді орынды пайдалансақ, біраз қаржыны үнемдеуге болмас па еді? Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде (15 мамыр 2024 жыл) белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 1929 жылы іссапарда Қызылорда өңіріндегі Қармақшыда жүргенде өкпесіне суық тиіп ауырып, жергілікті емші Садық ахун Қодыровта емделгенін, әлгі емші сырқаттарды 400 түрлі шөптен дәрі жасап емдейтінін, Бұқарада білім алып, Әбу Ғали ибн Сина ілімдерін меңгерген діни қайраткер әрі емші болғаны жайлы деректер келтірілген. Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 10 мыңнан астам шөп бар екен. Олардың біразы таптырмайтын дәрілік шөптер. Қәдімгі жусанның 150 түрі өседі және оның бір тобының емдік қасиеті бар. Мысалы, еліміздің оңтүстігінде өсетін дермене жусаны ежелден-ақ гельминтоздарға, яғни ішек құрттарына қарсы қолданылған.
Бүгіндері одан «сантонин» деген дәрі жасалынуда. Біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде дермене жусаны Жерорта, Каспий және Қара теңіздерінің жағалауларында, Орта Азия мен Қазақстан аумағында өскен. Дермене жусанының ежелгі отаны Палестина мен Мысыр аймағы деп есептелінеді. XIX ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан өңірінде өсетін дермене жусаны әлемге әйгілі болып, оны өндірістік негізде кеңінен пайдалану қолға алынған. Бұл өсімдіктің шипалық қасиетін қазақ халқы ерте кездерден-ақ біліп, оның қайнатылған тұнбасын, қоспасын түрлі ауруларға қарсы, әсіресе ішектегі құрттарды түсіру үшін пайдаланған. Ғылыми тұрғыда 1830 жылы дермене жусанының құрамынан алғаш рет кристалды «сантонин» деп аталатын шипалық қасиеті өте жоғары препарат алынды. Бұл препарат тек қана дермене жусанынан ғана алынады. Оны Калер мен Алемс деген ғалымдар арнайы зерттеп, дәлелдеген. Ал, 1880 жылы орыс көпесі Савинков қазақ жерінде аса бағалы дәрілік шөптің өсетіндігін естіген екен. Артынша Шымкент қаласында дермене жусанынан сантонин өндіретін арнайы зауыт салынып, оның өнімі бүкіл Еуропаға экспорттала бастайды. Кеңес өкіметі жылдарында дерменені жинау және өңдеу бойынша бірнеше ірі шаруашылықтар құрылған. Дәрілік шөпті жинап, сырт елдерге тасымалдау XX ғасырдың 90-жылдарына дейін жалғасты.
Дермене – асыл шөп. Бойы 50 сантиметрге дейін өсетін жартылай бұталы, көпжылдық өсімдік. Оңтүстік Қазақстанда, Арыс, Түркістан, Шаян аймағында жиі кездеседі. Улы өсімдік. Әсіресе, гүл жармай тұрғанда, жапырақтарында улы зат – сантонин пайда болады. Сол себепті одан жасалған дәріні дәрігердің кеңесінсіз пайдалануға болмайды. Халық медицинасында оны жүрек талмасы бар науқастарға пайдаланады. Алдымен оның сабағының жоғары тұсындағы жапырақтарын гүлі ашылмай тұрған кезде жинап алады. Содан кейін гүлі мен сабақтарын жинайды. Демікпе, бронхит, қабыну ауруларын емдеу үшін дермене тұқымын қайнатып ішкен. Ауру адам тез арада сауығып отырған. Дермене тұқымын мейізбен қосып, жаншып араластырып та пайдаланса, өкпе ауруына бірден-бір ем болып табылады. Дәрілік өсімдіктерді арнайы зерттеген көрнекті орыс ғалымы П.С.Массагетов 1924 жылы Қазақстанның шығыс өңірінен оңтүстік алқабына жасаған арнайы ғылыми сапарында қазақ халқының жергілікті жерде өсетін дәрілік өсімдіктердің шипалық қасиеттерін өте жетік білетіндіктеріне таңғалып: «Қазақтар өсімдік атаулыны қатты бағалайды, оған өте мән бере қарайды» деп жазған. Ол Қазақстанның оңтүстік аймағында өсетін дермене жусанын сипаттай келе, «Дермене – әсемдік пен сұлулықтың үлгісі…
Көп жусанның ішінде дермене жусаны әртүрлі боз жылқының арасындағы асыл тұқымы сияқты» деп бағалаған. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің «Дермене» атты повесінде де осы шөптің аты аталады. «Жаңа жерге келгелі екі күн өткенімен, екеуі бір десте дермене ора алмады. Салқындау болар деп шайланы тігіп еді, түн баласы екеуі де елегізіп шықты. Бұл адырда ұры да, қасқыр да, жын-жыбыр, дию-пері де атымен жоқ деп, өзіне тығыла түскен немересінің көңілін қанша алдаусыратқанмен, шалдың өз басы әрбір тысырға құлақ түріп, бозторғай шырылдағанша көз іле алмады» деп, емдік шөпке деген қызығушылықты арттыра түскен болатын. 1978 жылы бұл шығармасы «Полынь» атауымен орыс тіліне аударылады. Дермененің орысшасы «дармина» не «полынь» деп аударылады. Оның дермене деп аталып кетуі де қызық.
Ерте кездерде дәрілік өсімдіктерді іздеп келген басқа ұлт өкілдері жергілікті тұрғындардан «қандай дәрілік өсімдіктерді білесіңдер?» деп сұраған кезде, «дәрі міне» деп, дермене жусанын көрсеткен екенміс. Оның атауы «дәрі міне» сөз тіркесінен алынып «дермене» деп аталып кеткен. Жалпы, дүниежүзінде өсетін жусанның 500-дей түрінің 81 түрі Қазақстан аумағында өседі. Дәрілік шикізат ретінде тамырымен есепсіз жұлынғандықтан, бүгінде дермененің қатары қатты сиреген. Елімізде шағын алқапта өсетіндіктен әрі сирек кездесетіндіктен 1981 және 2014 жылдары Қазақстанның Қызыл кітабына жойылып кету қаупі төнген түр ретінде тіркелді. Бұл өсімдік түрін қорғау және сақтап қалу, қорын молайту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысында 1967 жылы республикалық мәні бар арнайы Задария, Ақдала (Арыс ауданы), Жамбыл (Бәйдібек ауданы) және Темір (Отырар ауданы) ботаникалық табиғи қорықшылары ұйымдастырылған. Арыс өзенінің бойында Дермене деп аталатын ауыл да бар. Оның Дермене деп аталуы да дәрілік жусанның арқасында. 1974-78 жылдар аралығында сол кеңшар фармацевтикалық өндірістің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін КСРО аймағына танымал болған, миллионер ауыл атанған. Ауыл маңында өсетін дәрілік шөптер кеңестік кезеңнің өзінде Қызыл кітапқа енгізілген. Бүгінде дермененің табиғи өсімі тіптен азайып кеткен, өсімдік мемлекет қорғауына алынған. Арқада өсетін тықыр жусаннан Қарағанды қаласындағы фармкомпания қатерлі ісікке (ракқа) қарсы қолданатын дәрінің бірі «Арглабин» препаратын біраз жылдардан бері, яғни 1997 жылдан бері шығарып келеді. «Арглабин» препаратының жасалуы Қазақстан үшін үлкен жаңалық болған еді.
Алғашқы сынақ барысында дәріні қабылдаған 72 аурудың 44 пайызында ісіктің өсуі тоқтаған екен. Қарағанды зауытында шығарылатын «Арглабиннің» әр ампуласы 3 долларға бағаланып отыр. Бұл препарат ТМД кеңістігінде онкологтармен біраз жылдардан бері қолданып келеді. Бүгіндері «арглабин» дәрісі Еуропа елдерінде де қолдау тауып отыр. Осы уақытқа дейін қатерлі ісік ауруларына қолданылатын бұл дәріге шет елдерден 11 миллион данаға тапсырыс түссе, ішкі сұраным 2 миллион данаға жетіп отыр. Жусанның басқа да емдік қасиеттері аз емес. Міне, көріп отырсыздар, табыс көзі «табанымыздың астында» жаншылып жатыр емес пе? Бұл бір ғана өсімдіктің төңірегіндегі мысал. Ал, басқа айтылмаған дәрілік өсімдіктер қаншама?! Көршілеріміз – қытайлар «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры», «мәңгілік жастықтың символикасы» деп жүрген мия өсімдігінің емдік қасиеттері жайлы да көптеген мәліметтер ұшырасады. Мия – қазақ даласында ертеден емдік қасиетімен танылған өсімдіктің бірі. Елімізде емдік шөптің есек мия, ақ мия, жалаң мия, қызыл мия, миятамыр сынды бес түрі кездеседі екен. Зерттеушілердің мәліметіне сәйкес, мия тамыры косметологияда, медицинада, тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылып, терінің қартаюының да алдын алады екен. Осы қасиеті үшін «сұлулық сиқыры» деген атауға ие өсімдік бүгінде еліміздің оңтүстік, оңтүстікшығыс аймақтарында, Сырдария, Іле, Шу өзенінің аңғарларында өседі. Бұл өсімдіктің қасиетін әлемнің көп елдері ертеден-ақ анықтаған.
Мия тамыры, тіпті Тутанхамон қабірінен табылған, яғни ежелгі мысырлықтар емдік шөптің фармацевтикалық қасиеттерін жақсы білген. Қазір оны тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданбайтын елдер кемде-кем. Мәселен, Германияда мия тамырынан жақпа майлардың 20-30 пайызы жасалады. Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп атайды, жастық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал, Қытайда мия тамырының адамды жасартатын қасиеті үш мың жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тері қартаюының алдын алатын қасиетін бағалап, қытайлықтар оны мәңгілік жастықтың символикасы санаған. Тіпті, шикізат тапшылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген. Яғни, Қытай миядан 70-80 пайызға дейін пайдалы заттарды өндіріп алады. Бұдан бөлек, Үндістаннан Моңғолияға дейінгі аумақты мекендеген көшпенді скифтер де қызылмия тамырын пайдаланған. Ал, гректер кезінде Дон өзенінің төменгі жағалауын мекендеген халықтан және Дунайдағы көшпелілерден қызыл мия тамырын сатып алатын болған.
Бұл туралы 1778 жылы шыққан алғашқы орыс фармакопеясында жазбалар бар. Косметологияда көші ілгерілеп отырған Оңтүстік Корея да емдік шөп тамырын ұдайы қолданушылардың қатарында. Алайда, шикізат тапшылығынан олар мияны бүгінде қолдан өсіруге көшкен. Ал, қызыл мия тамырын халық медицинасында көптеген ауруларды емдеу үшін, мәселен стресс алғанда және күрделі оталардан кейін, іріңді жараларды, ұмытшақтық, қалқанша без ауруларын емдеуге ұдайы қолданған. Сондай-ақ, мия тамырын ауыр өнеркәсіпте де, оның ішінде, темірдің қуатын күшейтуге, тоқыма өнеркәсібінде де қолданады. Соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша мия тамырының құрамындағы флавоноидтар асқазан-ішек жолдарының ауыр ауруларын тудыратын Helicobacter бактериясымен күресуге қабілетті екенін көрсеткен. Күн сайын шамамен 100 миллиграмм мия тамыры қандағы холестеринді төмендетіп, денсаулық пен өмірді ұзарта отырып, жүрекқан тамырлары жүйесінің жақсы жұмысын қамтамасыз ете алады.
Мия тамыры өзінің негізгі компоненті – глициризинге бай. Тәтті дәмге ие бұл компонент асқазанның шырышты қабаттарына қабынуға қарсы әсер етеді, осылайша ауырсынуды жеңілдетеді және қабыну процестерін басады. Глициризин қарапайым қантқа қарағанда 50 есе тәтті, сол үшін де қанттың орнын алмастыруға қабілетті. Бұл өз кезегінде қант диабетіне шалдыққандар үшін өте пайдалы. Осы қасиеттері үшін де әлемнің жетекші елдерінде кең сұранысқа ие мия тамыры қайсыбір жылдары заңсыз түрде жаппай экспортталған. Мәселен, Қытайда «алтын шөп» деп аталған бұл өсімдік тамыры қымбатқа бағаланады. Сол үшін де емдік шөптің мәртебесіне мемлекеттік деңгейде сан мәрте сауал тасталған. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде мия тамыры бүгінде ерекше қорғауды қажет ететін дәрілік өсімдіктер қатарына енгізілген. Міне, осы мәліметтерден-ақ емдік шөптердің, олардың тамырларының адам денсаулығын жақсартуға, өмірін ұзартуға қаншалықты пайдалы екенін түсінуге болады. Қазақтар арасында жиі айтылатын тағы бір қасиетті өсімдік – адыраспан. Адыраспанның түтінімен үйді аластап, көз тиюден, жын-шайтаннан қорғану үшін бабаларымыз жиі пайдаланған әлі де пайдаланылуда. Адыраспан қайнатпасы буын ауруларын емдеуде және денені тазартып, ауруларды жазуға көмектескен. Адыраспанды қазір де халық емшілері пайдаланып келеді.
Өкініштісі, Ұлы Даламызда өсіп тұрған сол көптеген дәрілік өсімдіктердің қасиетін терең білмей, қолда бар мүмкіндікті толық, тиімді пайдалана алмай отырғанымыз. Анау қорғауға алынған Ұлттық парктерде, қорықтарда қаншама дәрілік өсімдіктер бар екенін білсек те, халық олардың пайдасын көріп отырған жоқ. Дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорындарда олардан дәрі-дәрмек жасауға аса ынталары жоқ. Оны іске асыруға бізге не қолбайлау болып отыр?
Ежелден қазақтың ұлттық медицинасында ыстық құмға көміп терлету, тұзды батпақ көлге, тұзға түсіріп емдеу, арамен және оның балымен емдеу тәсілдері болған. Қазір де кейбір аймақтарда олар пайдаланылады. Бірақ, жалпы көпшілік бұл тәсілдерді бірте-бірте ұмытып барады. Әртүрлі ауруларды емдеу үшін сүлік салу тәсілі – ежелден келе жатқан халық емінің бірі. Сүліктен 40-тан аса емдік фермент бөлініп, ол науқастың ауруынан сауығып кетуіне септігі зор екен. Сүлік салдыру – шығыс медицинасында «герудотерапия» деген атаумен белгілі. Медициналық сүлік ретінде қолданылатын, арқасында өрнегі бар сүлік туралы аңыз бар екен. Ертеде Сүлеймен пайғамбар алыс жолдан шаршап-шалдығып, аяғы ісіп келе жатқан соң, жолда кездескен көлшікке аяғын салып демалады. Сол арада мызғып кеткен пайғамбар ояна келе, аяғының ісігінің де кетіп, бойындағы ауырлықтың да жоғалғанын және денесі жеңілдеп қалғанын байқайды. Тек аяғының астында майда құрттар мен кішкене ғана қан ағып жатқанын көреді. Риза болған Сүлеймен пайғамбар құрттардың арқа тұсынан сипап, ризашылығын білдіреді. Қазіргі медициналық сүліктердің арқа тұсындағы өрнектер пайғамбардың төрт саусағының іздерінен қалған белгі екен деген аңыз бүгінге жеткен.
Тағы бір есте боларлық мәселе, емшіні қазіргі қоғамда дәрігер деп атап жүргеніміз. «Дәрігер» сөзінің астарына барсақ, бұл – дәрі жасаушы, былайша айтқанда, фармаколог мәнінде екені айқын. Ендеше дәрігер, тәуіп, емші (емкос) сөздерін шатастырып, былықтырып жүрген біз өзіміз емеспіз бе? Өйткені, тілдік тұлғалардың мән-мағынасын тереңірек байыптауға құлқымыз жоқ. Әйтпесе, қазақ атамыз врачты – емші, диагноз қоюшыны – тәуіп, фармакологты – дәрігер деп айқын ажыратып атын атаған екен. Егер солай болса, біз неге шатасып жүрміз? Ой таразысына салсақ, елімізде бүгіндері 8 медициналық ЖОО бар екен. Оларды жыл сайын 7 мыңнан астам маман-дәрігерлер, провизорлар тәмамдап, денсаулық сақтау саласына қосылып жатыр. Сол медициналық университеттердің бірінің құрамынан «шығыс медицинасы» факультетін ашып, ежелгі қазақтың ұлттық медицина тәсілдерін, емдеу әдістерін меңгерген, соның ішінде «фитотерапия» (шөппен емдеу) саласының мамандарын дайындасақ артықшылығы көп деп ойлаймыз.
Базбір мәліметтер бойынша, 2011 жылы Үрімжіде Шыңжаң медицина университеті жанынан «Қазақ медицинасы» кафедрасы ашылып, қазақ медицинасының жоғары білімді мамандарын даярлап шығу мүмкіндігіне қол жеткізіліпті. Бүгіндері онда жыл сайын 50-ден астам маман-дәрігерлер дайындалуда. Осы дәстүр елімізде де қолға алынса артық болмас еді. Өйткені, қазақ ұлттық медицина ілімімен жұмыс істеген адамдар қатары уақыт өткен сайын елімізде сиреп барады. Халық медицинасы солармен бірге құрдымға кетпесе екен деген қауіп бар.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк академиясының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді