«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жатыр миомасына ота жасалды

Жатыр миомасына ота жасалды
Автор
Тараздық дәрігерлер салмағы 15 килограмм болатын жатыр миомасын алып тастап, әйелдің өмірін сақтап қалды. Жатыр миомасы – бұл жатырдың бұлшық ет қабатының айналасында пайда болатын қатерсіз ісік және ол әйелдер арасында жиі кездеседі. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, әйелдердің 40 пайызы осы аурумен ауырады.

50 жастағы Н. есімді пациент жатыр миомасының бар екенін үш жыл бұрын білгенімен, дәрігердің тексеруіне келмей, қорқақтап жүре берген. Ақыры, жағдайы қиындап, консультативтік-диагностикалық орталығына қайырылған одан 15 килограмм салмағы бар жатыр миомасы анықталып, оны хирургиялық жолмен алып тастау жөнінде шешім қабылданған. Гинекология бөлімінің меңгерушісі, білікті де тәжірибелі дәрігерлер Рымкеш Қошқарова мен Жәмила Мұсаеваның шебер әрі сәтті жасаған отасынан кейін жағдайы жақсарып, өзіне келген әйел көзіне жас алып, ұзақ уақыттан бері өзін мазалаған аурудан құтқарған дәрігерлерге алғыс айтып, дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығын кеш түсінгендігіне өкінетінін білдірді.

Айта кетейік, мұндай үлкен миомалар өте сирек кездеседі. Операциядан кейін алынған миома гистологиялық зерттеуге жіберілді. Бұл жағдай әйелдер денсаулығын бақылаудың қаншалықты маңызды екенін айқындайды.

– Жатыр миомасы – әйелдердің репродуктивті жүйесінің ең көп таралған қатерсіз ісігі. Бұл ауру 30 жастан асқан әйелдердің шамамен 20, 40 жастан асқан әйелдердің 40 пайызында кездеседі. Миоманы алып тастау мүмкіндігі 25 жастан 50 жасқа дейін айтарлықтай артады. Өйткені бұл миоманың дамуының жетекші механизмі болып келетін әйел жыныстық гормондарының жоғарылауына жатады. Сондықтан миома қыздарды сондай-ақ менопауза кезеңіне кірген әйелдерді өте сирек мазалайды. Гинекологиялық тексерулерді уақтылы өту – әрбір әйел үшін аса маңызды. Дәрігерлердің айтуынша, жатыр миомасының дамуы тек гормондардың тепе-теңдігімен шектелмейді. Кейде жатырдағы эстрогендер мөлшері жоғарылағанымен, бұл гормондар қан сараптамасында анық көрінбеуі мүмкін. Миоманың пайда болуына қалқанша без, бүйрек үсті бездері, гипоталамо-гипофиз жүйесі және аналық бездер аурулары да ықпал етеді. Сондықтан ең әуелі гормондық өзгерістерді, кейіннен аталған ағза мүшелерін тексеру – маңызды. Бұл кешенді зерттеулер тиісті емдеу тәсілдерін таңдауға мүмкіндік береді, – дейді қалалық көпбейінді ауруханасының дәрігері Жәмила Мұсабаева.

Жатыр миомасының алдын алудың маңызды әдісі – гинекологқа үнемі бару, жамбастың ультрадыбыстық зерттеуін жүргізу, тамақтану режимін, ұйқы мен демалу режимін сақтау, стресстік жағдайларды азайту. Сондай-ақ жатыр миомасының алдын алу уақтылы жүктілік және босануға себеп болуы мүмкін.

Миома – обыралды жағдай емес. Оның орнында қатерлі ісіктің пайда болу қаупі миометрийдің қалыпты аймағынан жоғары емес. Бірақ мұны зиянсыз деуге де болмайды. Оның жиі кездесетін асқынуларының бірі – бедеулік. Миома – гормонға тәуелді ісік, оның пайда болуы мен өсуіне прогестерон мен эстрогендер әсер етеді. Көбінесе миома эстрогендердің жоғары деңгейінде, репродуктивті жаста пайда болады және эстроген деңгейінің төмендеуімен бір мезгілде менопаузаның басталуымен регрессияға ұшырайды.

Көптеген жағдайларда жатыр миомасының ауыруы іштің төменгі бөлігінде пайда болады, бірақ бүйірлік бөлімдерге сәулеленуі мүмкін. Көбінесе жатыр миомасы бар әйелдерде бел, арқа ауырады. Ауырсынудың сипаты мен қарқындылығына ісік мөлшері мен оның өсу бағыты да әсер етеді.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар