«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жерлестеріміз жүлделі оралды

Жерлестеріміз жүлделі оралды
Ашық дереккөз
Орыс халқының даңқты қолбасшысы Александр Суворов өзінің «Жеңімпаздық ілімі» атты кітабында: «Жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады» дегені бар. Кейін дәл осы тіркес әскерилер арасында қанатты сөзге айналып кетті. Содан бері әрбір ел өз әскерінің шеберлігін шыңдап, қарым-қабілетін айқындау мақсатында түрлі оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жүйелі түрде қолға алды. Ал, уақыт өте бірқатар мемлекеттер оқу-жаттығу шараларын бірлесе ұйымдастыруға күш салды. Солардың бірі – жуырда ғана Пәкістан мемлекетінде өткен «International Pakistan Army Team Spirit Competition – 2024» деп аталатын халықаралық оқу-жаттығу.

Жалпы, 60 сағаттық жаттығудың мақсаты – күрделі халықаралық қауіпсіздік жағдайында әскери ынтымақтастықты арттыру. Шара Пәкістан елінің астанасы Исламабад маңындағы ежелгі Равалпинди қаласында өтті. Ал, жыл сайын ұйымдастырылатын осынау оқу-жаттығу жиынына Қазақстан, Пәкістан, Бахрейн, Иордания, Сауд Арабиясы, Мальдив аралдары, Марокко, Катар, Шри-Ланка, Тайланд, Түркия, Америка Құрама Штаттары және Өзбекстан сынды бас-аяғы 22 мемлекет қатысты. Айта кетейік, «Пәкістан армиясының командалық рухы – 2024» халықаралық жарысы 2016 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Биыл қазақстандық әскери қызметшілер үшінші рет қатысып отыр. Жаттығу күрделі миссияларды орындау кезінде әртүрлі жағдайларда жылдам шешім қабылдау үшін физикалық дайындықтың, ақыл-ой ептілігінің және кәсіби әскери тәжірибенің жоғары стандартын талап етеді. Әскери-спорттық турнирдің кезеңдерінде әскерилер қарсыластың нысандарын анықтау, тосқауылдағы іс-қимыл, артиллерия атысын реттеу, жедел медициналық көмек көрсету және жаралыларды эвакуациялау, учаскені минадан тазарту, түнде су бөгеттерін еңсеру және Калашников автоматынан ату тәсілдерінен сынға түсті.

Әлемдік деңгейдегі оқу-жаттығу жиынында жерлестеріміз Луговой гарнизоны 03811 әскери бөлімі оза шауып, жүлделі І орынды иеленді. Олардың қатарында: Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының барлау бастығы, подполковник Ербол Серғазин, подполковник Абзал Әділханұлы, майор Ұлан Уәлиханұлы, капитан Жандос Бекжанұлы, 3-ші сынып сержанты Асхат Нұраханұлы, 3-ші сынып сержанты Нұржігіт Исмайл, аға сержант Дәулет Мәдениетұлы, 3-ші сынып сержанты Ержан Бейбітұлы, ефрейтор Ержан Салифұлы, ефрейтор Серік Ынтықбай, ефрейтор Дәулет Ғайниұлы бар.

– Дене шынықтыру жаттығулары, іс-қимыл үйлесімділігі, шыдамдылық пен командалық рух – біздің жауынгерлеріміздің сәтті өнер көрсетуінің кепілі. Біздің психологиялық дайындығымыз бен қаншалықты шымыр екенімізді ұрысқа барынша жақындатылған жағдайда күрделі әрі бейтаныс жерде сынап көруге тамаша мүмкіндік туды. Ең бастысы – жақсы тәжірибе алдық, – дейді команда жетекшісі, подполковник Ербол Серғазин.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар