Шын мәнінде, бұл заман білімге ғана емес, білекке де сенетін уақыт екендігін көрсетіп отыр. Ал, білек деп отырғанымыз – елдің Қарулы Күштері. Әскерің сақадай тұрмаса, әркімге жем болуың бек мүмкін. Қылышың қайраулы болмаса, қолың байлаулы. Осыны түсінген әлем елдері бүгінде жаппай қарулануға көшкен. Қару-жарақтың құлақ естіп, көз көрмеген небір түрі жасалып, дүниенің әр жерінде тұтанған соғыс алаңдарында сынақтан өтіп жатыр. Ал, біздің жар астындағы жауға төтеп берер қауқарымыз қандай? Әскеріміз әлеуетті ме? Ата-бабамыз айтып кеткен айбалтамыз қайраулы ма? Жалпы, қазақ әскерінің бүгінгі жай-күйі, қару-жарақпен қамтылу жағдайы және отандық әскериөндірістік кешеннің дамуы қай деңгейде? Мемлекетбасшысы-Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тпсырмасына сәйкес, ел әскерін реформалау бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Нәтижесінде әскер құрылымы мен құрамын жаңғырту, жауынгерлік дайындықты жетілдіру, заманауи қаружарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, цифрландыру үрдісін одан әрі жалғастыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттар айқындалып, тиісті шаралар қабылдануда. Себебі, қазіргі ахуал бұл бағыттағы жұмыстарды мейлінше жедел әрі сапалы атқаруды талап етеді.
Халықаралық стандарттарға сай заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби шеберлігі жоғары жеке құраммен жасақталған, жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары әскердің болуы – ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау шарттарының бірі екені айдан анық. Осы ретте ел әскерін сапалық тұрғыда жетілдіру міндеттері аясында жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен білім-біліктілігін арттырып, Қарулы Күштерімізді заманауи, жоғары технологиялық қаружарақпен және әскери техникамен жабдықтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл – Қорғаныс министрлігінің алдында тұрған басым бағыттардың бірегейі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, елдің ішкі жалпы өнімінің бір пайызы Қарулы Күштерді ұстау үшін жеткілікті көрсеткіш. Тәу еткен тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін біздің Қарулы Күштер Түркістан әскери округінің базасында құрылғаны белгілі.
Сондай-ақ, алғашқы уақытта нақ осы жерде негізінен кеңестік қаружарақпен қамтамасыз етілген еді. Ал, қазіргі кезеңде қазақ әскерінің 70 пайызы егемендік жылдары өндірілген және сатып алынған жаңа үлгідегі қару-жарақ пен техникалармен жабдықталып отыр. Оның ішінде, өз елімізде шығарылған өнімдер де бар.
– Соңғы үлгідегі заманауи техникаларға келер болсақ, еліміздің Құрлық әскерлері қаружарақ пен әскери техниканың, жоғары дәлдіктегі қарудың, байланыс, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелерінің соңғы шыққан үлгілерімен толық жабдықталды. Оның ішінде, қазіргі заманғы электронды барлау және ату жүйелері, жауынгерлік броньды машиналармен броньды транспортерлер, зымыранартиллериялық қару-жарағы, ауыр отшашу жүйелері, мобильді байланыс кешендері, отандық радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс машиналары, жанар-жағармай жеткізу құралдары, далалық госпитальдар және түрлі медициналық техника бар, – делінген
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.Мәліметке сүйенсек, еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің авиациялық паркі негізінен ресейлік өнімдерді пайдаланады. Оның құрамында қазіргі заманғы жойғыш ұшақтар, әскери-көлік ұшақтары, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тікұшақтар бар. Атап айтқанда, 4++ буынына жататын «Су-30СМ» заманауи жауынгерлік ұшақтары. Бұдан бөлек, «Су-27» және «Су-25» ұшақтары күрделі жаңартудан өткен. Сонымен қатар, авиациялық паркке соңғы уақытта өз класында үздік саналатын «С-295» әскери-көлік ұшақтары, «Zlin» оқу-жаттығу ұшақтары, «ЕС-145», «Ми-171Ш» көліктікжауынгерлік тікұшақтары, «Ми-35М» көп мақсатты соққы беруші тікұшақтары алынған. Қорғаныс министрлігі тарапынан жеке құрамды, ауыр қаружарақты, арнайы техникалар мен өзге де жүктерді Қарулы Күштердің қажеттілігі үшін алыс қашықтыққа тасымалдайтын, сондай-ақ, арнайы операциялар мен өзге де жалпы мемлекеттік тапсырмаларды орындау үшін орта және үлкен жүктерді көтеретін әскери-көліктік ұшақтарды сатып алу жоспарда бар. Ал, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жаңа және жаңғыртылған зымыран кешендерімен және радиолокациялық стансалармен қамтамасыз етілген.
Бүгінде еліміздің әуе шебін «С-300ПС», «С-200», «С-125» сенімді зениттікзымыран кешендері, сондай-ақ отандық «Нұр» радиотехникалық кешендері күзетеді. Әскеритеңіз күштері Оралдағы «Зенит» зауытында жасалған зымыранартиллериялық кемелерімен жарақтанған. 2013 жылы 7 мамырда отандық «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі мен «Жайық» гидрографиялық кемесі «Мәтібұлақ» полигонында өткен жауынгерлік парадқа қатысып, Каспий теңізінің қазақстандық секторында онлайн режімде өздерінің атыс мүмкіндіктерін көрсеткені көпшіліктің есінде. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әскери ведомство отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара ықпалдаса отырып, әскерді техникалық тұрғыдан қайта жарақтау шараларын қабылдауда. Бүгінде отандық кәсіпорындарда өндірілген «Арлан» брондалған дөңгелекті машиналары, зымыранартиллериялық кемелері, «Нұр» радиолокациялық стансалары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Бұл тізімді жаңа үлгідегі байланыс құралдарымен, оптикалық көздеуіштермен, автокөлік техникаларымен де толықтыруға болады. Мұнан өзге осы отандық қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты кәсіпорындарда қару-жарақ пен әскери техникаларды күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өткізу мүмкіндігі бар. Мамандардың айтуынша, «Нұр» радиолокациялық стансасы – қорғаныс-өнеркәсіп кешеніміздің жаңа даму деңгейіне шыққанын көрсетеді. Қазақфранцуз тараптары бірлесіп жасаған бұл құрылғы заманауи элементтік базада жобаланған және радиоэлектрондық әсер ету жағдайларында тиімді жұмыс істеуге қабілетті. Әскери техника «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін отандық «Гранит-Талес Электроникс» кәсіпорнында өндірілді. Бес жылдан бері ел әскерінде қолданылып келеді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мамандары оның тиімділігіне оң бағасын беріп отыр. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік мүмкіндіктері жыл сайы н арта түсуде. Бұл – Жоғары Бас қолбасшының резерві саналады.
Сонымен қатар, Президент Жарлығымен Қарулы Күштердің құрылымында Арнайы операциялар жасау күштерінің қолбасшылығы құрылды. Оған қорғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндгі тапсырмаларды орындау, терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы іс-қимыл жүргізу жүктелген. Қазіргі таңда әлем елдері қаружарақтың шығыны аз, мүмкіндігі көп заманауи түрлерін дамытуға басымдық беріп жатыр. Мәселен, солардың бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттары. Бүгінде Түркияның «Bayraktar», Иранның «Shahed» секілді аппараттары тиімділігін көрсетіп үлгерген. Осыдан бірер жыл бұрын Ұлттық қорғаныс университеті мамандары құрастырған «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараты сынақтан өтіп жатқаны туралы хабар тараған еді. Бірақ, бұл – тек барлау жұмыстарына арналған құрал. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, осы перспективалық бағытты дамыту мақсатында Қарулы Күштердің Бас штабында Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту департаменті құрылған. Яғни, сең қозғалды, бастама қолға алынды. Алдағы уақытта біздің ғалымдарымыз да көштен қалмай, заманауи шабуылдаушы аппараттардың отандық үлгісін жасайды деген үміттеміз. Жалпы, бүгінде еліміздің әскері қорғаныс пен шабуыл жасаудың классикалық үлгілерінен гөрі, қазіргі қарулы қақтығыстар тәжірибесі көрсеткендей, заманға сай ұрыс дағдыларын игеруге көшкен. Мәселен, қалалық және таулы жерлерде ұтқыр қимылдайтын, техникалық жағынан жақсы жарақталған, шағын топтардан тұратын заңсыз қарулы топтарға қарсы ұрыс салатын әдіс-тәсілдерді игеру үстінде. «Бұл әскеріміздің мүмкіндігі мен тиімділігін арттырады», – дейді мамандар.
Сол секілді мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізілген ісшаралар еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға және уақыт қатерлеріне қарсы дайындығын арттыруға мүмкіндік бермек. Ал, бүгінгі геосаяси ахуал бізден бес қаруымызды сай ұстауды талап етіп отыр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», жау жағадан, бөрі етектен алатын заман кез болса, Отанымызды, жерімізді, азаттығымызды сақтау үшін қорғаныс қабілетімізді арттыра беруге мүдделіміз. Әскери күштерімізді ең озық үлгідегі қару-жарақпен жабдықтап, айбынын асқақтату – уақыттың басты талабы.
Есен ӨТЕУЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді