Әуелі іс-шара аясында 3500 тұрғыны бар Бірлік ауылындағы «Көктерек» аллеясындағы жаңа кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Демеушілердің қолдауы нәтижесінде жүзеге асқан бұл жоба мәдениет пен білім саласындағы маңызды қадам болды. Жиын барысында Серік Жақсылықұлы құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Жаңа ашылған кітапхана екі негізгі бөлмеден тұрады: бір жағында ауыл тарихын айшықтайтын мұражай орналасса, екінші жағында кітапхана жұмыс істейді. Мұражайға қойылған экспозиция ауылдың мәдениеті, тарихы мен салт-дәстүрлері туралы маңызды мағлұматтарды қамтиды. Ал кітапхана ауыл халқының оқу мәдениетін көтеруге, білім алуға ықпал етеді.
Бұдан кейін зиялы қауым өкілдері аудан орталығы Мойынқұм ауылында орналасқан Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, арнайы алаңқайда ұлттық ойындардан көріністер көрсетілді. Ал орталық алаңда қазақи салтдәстүрлерден сахналық көріністер қойылса, бір жағында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, аудандағы кәсіпорындар өндіретін қазба байлықтар, одан кейін қолөнершілер мен зергердің қолынан шыққан саналуан бұйымдар, ағаш ұсталарының көрмелері бірінен соң бірі көрерменін тамсандырды. Кіреберісте жастар Алтыбақан тепсе, оның қасындағы қолөнер шеберлерінің ауылы, ауданның тарихы мен жетістіктері жайында қойылған түрлі көрмелер қонақтарды елітіп, Мойынқұм өңірінің тарихына баурап әкетеді. Орталық алаң 150-ден аса жастың өнерімен әрленді, театрландырылған көріністер қойылып, бұрымды қыздар мың бұрала би биледі. Сондай-ақ, іс-шарада әуе шары үрленіп, мәдени шараның көркін ашты. Түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шара әрі қарай «Мәдениет – асыл қазынам» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Әуелеген ән кешінің жұлдызды қонағы ретінде танымал әнші Ернар Айдар арнайы келіп, әндерін орындап, көрерменнің көңілін көтерді. Сондай-ақ, думанды кеште «Тараз» триосы және ауданнан шыққан өнер иелері әуезді әндерін орындады.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА, журналист.
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді