Ауданның мәдениет күндері Көктал елді мекенінде ауылдық клубтың ашылуымен басталды. Облыстың 85 жылдық мерейтойы және Талас ауданының мәдениет күндері қарсаңында пайдалануға берілген мәдениет нысанының құрылысы былтыр «Taimas Construction Company» ЖШС басшылығымен басталып, бес айдың ішінде аяқталған. Мекеменің салтанатты ашылу жиынына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, мәдениет саласын дамытуға бағытталған жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
–Мәдениет ошағының ашылуы – рухани жетістігіміздің бір жемісі, жақсылықтың көрінісі. Өйткені, өсетін ел – мәдениетін мәпелеген ел. Мәдениеті жоғары ұлт қана әлемдегі өркениетті елдердің ортасынан ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Мәдениет үйі – қаншама адамға ізгілік дәнін сеуіп, өнерді сүюге тәрбиелейді. Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту негізгі басымдықтың бірі екендігін алға қойып отыр, – деді Серік Жақсылықұлы.
Сонымен бірге, ол биыл облыста 16 мәдениет нысанының құрылысы басталып, жыл аяғына дейін 8 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланғанын атап өтті. Қазыналы Қаратау баурайы ел тарихындағы елеулі оқиғалардың куәгері. Мұнда ерте палеолит дәуіріне жататын еліміздегі алғашқы Бөріқазған мен Тәңірқазған тұрақтары табылып, 1269 жылы әйгілі Талас құрылтайы өткен. Ал, «Қаратаудың басынан көш келеді...» деп басталатын ел аузындағы ән жолдары халықтың тағдырынан сыр тарқатады. Осынау рухани сарын айтулы күні қайта жаңғырды. 150 адамнан тұратын аттылы-түйелі керуен Қаратау баурайында көш түзеп, халық әндерін шырқап, салт-дәстүрді дәріптеді.
Бұдан соң тізгін тартып түлік мінген таластықтар Қаратау қаласының іргесінде орналасқан атшабар алаңында қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, көкпар секілді ұлттық ойындардан бақ сынасты. Ал, орталық стадионда жалғасқан іс-шаралар легінде қонақтарға «Кітап қалашығы» таныстырылды. Мұнда Таластан шыққан белгілі қаламгерлер – Мырзатай Жолдасбеков, Күләш Ахметова, Рафаэль Ниязбек, Шона Смаханұлы, Серік Томанов, Елен Әлімжан, Нарша Қашағанұлы, Баймаханбет Ахмет, Көсемәлі Сәттібайұлы, Жұлдыз Бейсек, Нұржан Қадірәлі мен Данияр Әлімқұл секілді қаламгерлердің жинақтары топтастырылған. Сондай-ақ, аталған ақынжазушылардың жинақтарынан Бәйтерек ағашы құрастырылып, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» композициясынан үзінді қойылды.
Кітаптар қалашығынан қонақтар этноауылға атбасын бұрып, қыз айттыру, сырға салу, ұзату, құдалық секілді салт-дәстүрлерімізге қатысты қойылымдарды тамашалады. Қазақы ауылда келушілер назарына он екі қанатты үлкен киіз үй мен өзге де арнайы қазақы бұйымдармен безендірілген киіз үйлер тігіліп, ет асылып, алтыбақан құрылды, ән айтылып, мерекелік көңіл күй салтанат құрды. Сондай-ақ, мереке қарсаңында арнайы қолөнершілер мен өнерт апқышт ардың, ауыл шаруашылығы мен өзге ұлт өкілдерінің көрмелері ұсынылды. Көрмеде кәріс, неміс, күрді, славян, татар халықтарының ұлттық ас мәзірі мен Балалар мен жасөспірімдер орталығының заманауи өнерт абыст ары, «Дарын» өнер мектебі мен аудандық орталық музейдің, жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылды.
Сонымен қатар, «Ертегілер әлемінде» Жезтырнақ, Алдар көсе, Қаңбақ шал, Көлтауысар секілді халық ауыз әдебиетінің өкілдері өнер көрсетіп, «Ауыл базарында» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұдан бөлек жамбы ату, қазақша күрес, қол күрес, арқан тарту, қошқар көтеру секілді өзге де ұлттық спорт түрлері ұлықталып, мерекелік көңіл-күйдің ауанын түрлендіре түсті. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар мен қонақтарды ауданның мәдениет күндері мерекесімен құттықтаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Медет Үрістенов мәдениет күндерінің маңыздылығына баса мән беріп өтті.
– Қазақтың байтақ даласында ел, халық болып мақтан етер дүниенің бәрі ұлттық мәдениеттің құндылықтарынан бастау алады. Өйткені, мәдениет – тіршіліктің тірегі, ортақ игіліктерді ұлықтап, ұлтты ұлы істерге ұйыстырудың бірегей тетігі. Сондықтан, төл тарихымызды т аразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу үшін бұл іс-шараның орны ерекше екендігі баршамызға белгілі. Осы арқылы біз ел тәуелсіздігі мен болашағын нығайтудағы халқымыздың береке-бірлігін, ауыл мәдениетінің дамуы мен жетістіктерін таныстыруды қолға алып, жаңа есімдерді анықтауға, мәдени мұраларымызды қастерлеп, танытуға жол ашамыз, – деді Медет Әбдімашұлы.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Көңілді кеште «Абат» этно тобы, «Алтын домбыра», «Көңілашар» топтары мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев пен белгілі әнші-композиторлар – Айгүл Мақашева, Сәрсенбек Бәкір, Мәдина Сағымбекова мен мәдениет үйінің өнерпаздары әнжырдан шашу шашып, мерекелік іс-шара соңы «Мәдениет – асыл қазынам!» әнімен қорытындыланды.
Нұрболат АМАНБЕК
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді