Асамбековпен қауыштық. Шымыр денелі, жүзі жылы, жанарынан шуақ шашып тұратын жігіт Шу ауданының Масақ-Ақтөбе ауылының түлегі болып шықты. Мен туып-өскен Мойынқұм ауданының Аманкелді ауылынан онша қашық емес. Екеумізді бір өңірдің түлектері деуге боларлық. Сол күннен бастап жиі хабар алысып, уақыт өте келе таныстығымыз отбасымызбен үлкен достыққа ұласты. Кейінірек ол облыстық су шаруашылығы, ал, мен ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған кездерде үлкен ісшараларда, алқалы жиын-кеңестерде жиі ұшырасып жүрдік. Мен басшы, ал, ол орынбасарым болып, бірге жұмыс атқарған кезіміз де болды. Міне, осыдан да көп жыл әріптес болған дос туралы айтар сыр көп. Естелігімді де оның балалық шағынан бастауды жөн көрдім. Шаруашылықта мал фермасының меңгерушісі болып істейтін Асамбек Ақжігітовтің тұңғыш ұлы Дәулетқұл мектепке өзі қалап бес жасында барған екен.Зейінділігі, алғырлығымен ерекшеленген, оқу үлгерімі өзінен ересек балалардан көш ілгері болған. Ауылда жетіжылдықты бітіргеннен кейін аудан орталығы Новотроицкідегі (қазіргі Төле би ауылы) малшылардың балаларына арналған интернатта оқыған. Оны он төрт жасында бітірген. Сол кездегі Н.Хрущевтің орнатқан тәртібімен ауыл жастары екі жыл шаруашылықта жұмыс істеген соң ғана жоғары оқу орнына түсе алатын. Туған ауылы – «Ақтөбе» ұжымшарының аты «Коммунизм» болып өзгеріп, кеңшарға айналған еді.
Ауылына оралғандағы алғашқы жұмысы «Коммунизмнің» қошқарын бағу болған. Ұзамай «ДТ-54» тракторына отырған. Бойы аласа бозбала кабинада штурвалды түрегеп тұрып ұстап, шынжыр табан тракторды зырылдатып айдауға тез-ақ төселіп алған. Көктемде жер жыртты, күзде, қыста тракторына тіркеме тіркеп алып отарларға шөп тасыды. Осылай екі жылды еселі еңбекпен өткізді. Жігерлі жастың жұмысын сыртынан бақылап, дән риза болып жүретін кеңшар директоры Әбиболла Көшенов Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға жолдаманы өз қолымен тапсырды. Дәулетқұл бұл институтты мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жүрек қалауымен таңдаған. Өйткені, атасы Ақжігіт белгілі сушы-мұрап болған, жұртты ұйымдастырып Мойынқұм өңіріне тоғандар қаздырған, Шудың суын бөгеп, алқапқа ылғал жеткізіп, елді егіншілікке үйреткен. «Ынталының ісі қашанда ілгері» деген. Институтты жақсы оқып, 1970 жылы инженер-гидротехник мамандығын алып шықты. Қызмет жолын туған ауданында ауыл шаруашылығы басқармасында аға инженер-гидротехник болып бастады. Жас маман ісіне тындырымдылығымен, білімділігі, біліктілігімен тез-ақ танылды. Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуарбек Жүнісәлиевтің ұсынуымен КСРО Су шаруашылығы министрлігіне қарайтын Тасөткел су қоймасының бастығы болып тағайындалды.
Алып құрылыстың тізгіні қолына тигенде жасы жиырма төртке енді толған болатын. Бірақ, осалдық танытқан жоқ. Қарымқабілетімен тез-ақ ел аузына ілікті. Бірде Тасөткелге КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрі, Социалистік Еңбек Ері Е.Е.Алексеевскийдің өзі келіп жұмыс барысымен танысты. Оның қойған сұрақтарына Асамбеков мүдірмей жауап қайтарды. Барлық жұмыс процестерінің жіті ұйымдастырылғанына дән риза болған министр қолын алып, арқасынан қаққан. Одақ астанасы Мәскеуден келген министрдің тарапынан мақтау естіген Асамбековтің аты тез-ақ республикаға танылды, баспасөзде жас басшы туралы жарияланымдар жарық көрді. Қазақстанның сол кездегі бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаев та Тасөткелде болып, жұмыстарын көріп, риза болып аттанған. Тасөткел су қоймасы белгіленген мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Осындай алып құрылысты басқарған кезінде Дәукеңнің үйренгені көп болды. Жоқты тауып, барды көбейте білетін басшы болып қалыптасуы да осы жылдары еді. Бір мысал келтіре кетелік. Жоғарының нұсқауынсыз, өз бастамасымен жұмысшыларды ұйымдастырып, су қоймасының төменгі жағынан 15 гектарға бақша дақылдарын өсірді. Су қоймасындағылар қауын-қарбызға қарық болды. Жалпы, Дәукең қандай мекемені басқарса да онда еңбек ететіндерге жағдай жасап, қамқорлық танытудан тынған жоқ. Жайлы басшы болды, алғысқа бөленумен жүрді. Алғыс демекші, араға көп жылдар салып, 2014 жылдың қоңыр күзінде Шу ауданында Тасөткел су қоймасының салынуына 40 жыл толғаны республикалық дәрежеде кеңінен аталып өтті.
Осы мерекелік іс-шарада аталған су қоймасының алғашқы басшысы Дәулетқұл Асамбековке салтанатты түрде «Қазақстан су шаруашылығының ардагері» құрметті атағы берілгені жарияланып, оның арнайы белгісі мен куәлігі тапсырылды. Мұндай су шаруашылығындағылар үшін жоғары атаққа облыста ең алғашқы болып Дәулетқұл Асамбеков ие болған еді. Еңбегіңнің еленгені – үлкен қуаныш. Сол жолы жақсы хабарды естісімен арнайы іздеп барып құттықтадым. Осы оқиғаны және екеуміздің 1986 жылы облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиевтің қолынан мемлекеттік марапат – «Құрмет белгісі» орденін бірге алғанымызды да ұмытпай келемін. Тасөткел су қоймасы пайдалануға берілгеннен кейін Шу ауданының жаңа суармалы жерлерін игерумен айналысатын, құрамына жеті бірдей қызылша өсіретін ірі кеңшар кіретін «Трестсовхозстрой» басқармасы құрылды. Ол Су шаруашылығы министрлігіне қарайтын осы трест бастығының бірінші орынбасарлығына жіберілді. Осы қызметте жүріп Су шаруашылығы министрлігінің қайда қиын болса, сонда жұмсайтын таңдаулы кадрларының қатарына қосылды.
Тараз қаласындағы №42 жылжымалы-механикаландырылған колоннаны бес жыл басқарып, жұмысын жақсы жолға қойғаннан кейін, министрлік 1982 жылы Қазақстандағы ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау Бас басқармасының («Казглав водоснабжения») Жамбыл облысындағы жаңадан құрылған басқармасына бастық етіп тағайындады. Жаңа мекеме облыстағы 7 миллион 890 мың гектар аумақта орналасқан жайылымдарды суатпен қамтамасыз етуге, бұл үшін құдық қазу ісін жолға қоюға тиіс болды. Әрине, жұмыс көлеміне сай қаржы, адам күші де аз бөлінген жоқ. Сол жылдардағы қуаңшылықта облыс аудандары қыруар тұяқты малын жіберетін Сарыарқа мал жайылымында 10 мың бетондалған, 5 мың трубалы құдық болды. Оларды жақсы жағдайда ұстау үшін Асамбековтің ұсынысымен барлық аудандарда басқарманың шаруашылық әдіспен жұмыс істейтін өндірістік базалары бар бөлімшелері құрылды. Мұнымен ғана шектеліп қалмай, жұмыс тиімділігіне, жұмсалған қаржының мол қайтарымына жету мақсатында ғылыми-зерттеу мекемелерімен тығыз байланыс орнатты. Бірлескен істің берекесі де көп күттірген жоқ. Облыстық басқарманың шөлейтті өңірлерді сумен жабдықтауда жақсы жаңалықтар енгізіп, жоғары жетістіктерге жеткені озық тәжірибе ретінде республикаға үлгі етіліп, таратылды.
Басқарманың даңқы дүрілдеп, Одақ астанасы Мәскеуге де жетіп, осындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі (ВДНХ) жамбылдықтарға арналған арнайы бұрыш ашты. Дәукең көрменің алтын, күміс медальдарымен марапатталды. Басқарманың инженер-техник мамандары мен қатардағы қызметкерлері де марапаттан құр қалған жоқ. Өндіріс пен ғылымның байланысына жетіп отырудың қайтарымы қашанда жоғары. Бұл жөнінен Дәукең екеуміздің ұстанымымыз бір жерден шығып отырды. Мен ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған кезде егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істеуге қол жеткіздім. Дәулетқұл Асамбеков те су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе талай жаңалықты өндіріске енгізді. Оңтайландыру науқаны кезінде сумен жабдықтау басқармасы «Бұлақ» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Оның акционерлері мол тәжірибесін ескеріп Асамбековті өздеріне президент етіп бірауыздан сайлап алды. Олардың сенімі ақталды. Сол бір қиын кезеңде Дәукең қолда бар техниканы жер жыртып, ауыл шаруашылық тауарларын өндіруге қызмет көрсетуге жегіп, еңбекақыға, салыққа қаржы тауып отырды. Өзгерістер жалғасып, акционерлік қоғам ауыл шаруашылығын техникамен қамтамасыз ететін көпсалалы бірлестік – «Облсельхозтехникаға» қосылғанда Дәулетқұл Асамбеков аталған мекеме бастығы Сейфулла Қожахановтың орынбасары болып еңбек етті. Су шаруашылығымен қоса бірлестік құрамындағы құрылыс мекемелері мен Ресейдің Красноярскі қаласындағы өндірістік орман шаруашылығын да басқарды. Коммерциялық жұмыстарға, бизнеске икемі барын ескерген Қожахановтың жұмсауымен Қытай елімен іскерлік байланыс орнатып, жиі барып жүріп республикада ең алғаш болып облысымызда біріккен кәсіпорындар ашылуына зор үлес қосты.
Ауыл шаруашылығындағы жекешелендіру қарқын алған жылдары «Облсельхозтехника» мекемесі де тарап тынған еді. Дәукең әрине, жұмыссыз қалған жоқ. «Дәулеткұл» ЖШС-ін ашып, жеке шаруамен айналысты. Жалпы, Дәулетқұл Асамбековтің тұтас Шу ауданының ел-жұртының жоғын түгендеп, керегін табуларына көмектесуде атқарғандары аз емес. Осы үшін «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағын алды. Су шаруашылығы саласы 2005 жылдың қаңтар айында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарамағына берілді. Аталған басқарманың сол кездегі басшысы Ызғарбек Бектұрсыновтың орынбасары болған Дәулетқұл Асамбеков жұмысты жаңа талаптарға сай ұйымдастыруда ізденістерге барды. Айталық, басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» мемлекеттік кәсіпорнын ашу жөнінде ұсыныс айтып, ол облыс басшылығы тарапынан қолдау тапты. Жаңа істің тез қолға алынуы үшін оның Жарғысынан бастап, барлық ісқағаздарын өз қолынан өткерді. Зейнеткерлік жасқа келгеннен кейін ол табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының кеңесшісі болып екі-үш жыл істеген соң, Тараз қаласының дәл іргесінен, Талас өзенінің бойынан жер алып, «Ақжігіт» шаруа қожалығын ашты, бақша дақылдары мен жеміс ағаштарын өсірді. Тамшылатып суару технологиясы қолданылатын, аумағы 2,5 гектар жас жеміс бағын ерекше күтімде ұстады. Жылдың төрт мезгілінде Дәукеңді қаладан емес, ауылдан іздейтін болдық. «Жақсы адам жан-жағына жақсылық жасап жүреді» деген.
Тумысынан балажанды, ерекше бауырмал Дәулетқұлдың отбасы да үлгі етерлік. Жастай сүйіп қосылған жары, мамандығы дәрігер, қазір зейнеткер Дүйсекүл екеуінің ұл-қыздары – Айдар, Болат, Толқын да өнегелі отбасынан алған тәрбиелерін ақтап, тегіс жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапқан. Ұлдары – мемлекеттік қызметте, қызы – ұстаздық етеді. Бәрі де отбасылы. Немерелерінің алды жоғары оқу орындарында оқиды. Үлкен ұлынан шөбере де көрді. Қарттықты «алтын күзге» теңейді ғой. Дәулетқұл Асамбеков өмірінің осы кезеңінде қарап отырмай қауырт істердің қалың ортасында жүргені тәнті ететін. Дәукеңнің денсаулығы сыр беріп жүрсе де ел мүддесін ойлап, құнды ұсыныстармен көмектескен сәттерінің мысалдары көп. Әттең, жұртына берері әлі де көп досымызды айналдырған ауру алып тынды. Өзі көзден кеткенімен жарқын бейнесі жадымыздан өшкен жоқ. Осы айда құрылғанына 85 жыл толатын облысымыздың маңызды саласы – су шаруашылығының дамуына орасан зор үлес қосқан, ел-жұртына қолынан келген жақсылықтарын жасап өткен, ұқтырары мол кітаптар жазып қалдырған ақкөңіл азамат Дәулетқұл Асамбековтің өмір жолы, атқарған істері өскелең ұрпаққа өнеге болып өңір тарихында қалады деп білемін.
Аманкелді КАРЕНТАЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді