53 жастағы Хан Гаң Нобель сыйлығын алған алғашқы оңтүстіккореялық жазушы және 18-ші әйел. Бұл жеңіс бірден үш жаһандық әдеби тенденцияны айқындап отыр. Атап айтқанда, біріншіден, әлем Азия әдебиетіне назар аударуда, екіншіден, өнерде әйелдер мәселесі мен әйелдерге қатысты зорлықзомбылыққа қарсы күрестің көрініс табуы, үшіншіден, ақындар прозасына деген сұраныс, яғни қорқынышты оқиғаларды метафоралық тілмен жаза білу. Хан Гаңның екі шығармасы ғана орыс тіліне аударылған. 2007 жылы шыққан «Вегетариандық» романы жас әйелдің отбасына наразылық ретінде ет жеуден бас тартуы туралы 2016 жылы Халықаралық Букер сыйлығымен марапатталғаннан кейін бүкіл әлемге танымал болды.
2014 жылы жазылған «Адами әрекеттер» күрделі психологиялық романы 1980 жылы Оңтүстік Кореядағы Хан Гаңның туған қаласы Кванджу қаласындағы студенттер көтерілісін аяусыз жаншу туралы. Лауреатты анықтау рәсімінде Корольдік академияның тұрақты хатшысы Матс Малм ұлымен ас үйде кешкі ас ішіп отырған жазушыға қоңырау шалып, академияның шешімі туралы хабардар еткенін айтты.
Нобель комитеті жыл сайын дәстүрлі 10 желтоқсанда Альфред Нобель қайтыс болған күні Стокгольм филармониясында өтетін салтанатты рәсімге дайындықты қазірдің өзінде бастап кетті. Онда лауреаттар король Карл XVI Густафтың қолынан алтын медаль алады. Хан Гаңның сыйлығы – Корея үшін екінші Нобель сыйлығы болса, әдебиет аталымы бойынша бірінші жеңіс. Оның алдында, 2000 жылы бұрынғы президент Ким Тэ Джун «Оңтүстік Корея мен Шығыс Азиядағы демократия мен адам құқықтарын қорғаудағы қызметі үшін» және шын мәнінде Солтүстікпен келісімге келуге ұмтылысы үшін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген еді. «Кәрістер әлі күнге дейін бір немесе басқа салада әлемдік көшбасшылық танытатын бірде-бір Нобель сыйлығының жоқтығына қатты алаңдады. Бұл күні, әрине, олар үшін қуанбасқа болмайды. Корея мұны көп жылдар бойы күтті», – деді шығыстанушы, корейтану ғылымдарының докторы, Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институтының корейтану орталығының ғылыми қызметкері Мария Осетрова Forbes Woman журналына.
Хан Гаң бүгінде Оңтүстік Кореядағы ең танымал авторлардың бірі. Ол ішінара халықаралық жұлдыз болғандықтан да басқа тілдерге белсенді түрде аударылуын жалғастыруда және корейлер мұны шынымен бағалайтынын байқадық. Осы үшін де Хан Гаң – әйелдер әдебиетіндегі ең үлкен есімдердің бірі. Сондықтан, ол «Кореядағы №1 жазушы». Әйгілі корей жазушысы Хан Сен Вонның қызы Хан Гаң кітаптың ортасында өскен. Сеулдегі Йонсей университетінде корей әдебиетін оқып, бала кезінен дерлік қалам тартып келеді. 1993 жылы «Әдебиет және қоғам» журналында ақын ретінде алғаш рет бес өлеңі жарық көрді. Келесі жылы оның «Қызыл зәкір» әңгімесі жергілікті әдеби байқауда жеңіске жеткен. Ал, 1995 жылы «Йосудың махаббаты» атты алғашқы қысқа прозалық жинағы жарық көрді.
1998 жылы Хан Гаң Айова университетінде Халықаралық жазу бағдарламасының қатысушысы атанып, поэзия мен прозаны қатар жазуды жалғастырды. Оның Кореяда жарық көрген негізгі еңбектеріне «Сіздің суық қолдарыңыз» (2002), «Вегетариандық» (2007), «Тыныс үшін күрес» (2010), «Грек сабақтары» (2011) және «Адами әрекеттер» (2014), «Ақ кітап» (2016) романдарын жатқызуға болады. 1940 жылдардың аяғындағы оқиғалар туралы «Мен қоштаспаймын» (2021) атты романы өткен жылы француздың беделді Медичи сыйлығын алған және қазірдің өзінде орыс тіліне аударылып жатыр.
Хан Гаңның әдеби жетістіктерін санай отырып, Нобель әдебиет комитетінің төрағасы Андерс Олссон оның жазбасында «осал адамдарға, көбінесе әйелдерге деген жанашырлық оның метафоралармен қуаттанған прозасы арқылы күшейтілгенін атап өтті. «Грек сабақтары» романында сөйлеу қабілетінен айырылған әйел мен көзі көрмейтін көне грек тілінің мұғалімі арасында махаббат туындайды. Ал, шын мәнінде Хан Гаң «Вегетариандық» романынан кейін халықаралық танымалдыққа ие болды. Онда басты кейіпкер Юнхи есімді жас әйел бірнеше ауыр түндерден кейін ет жеуден бас тартады.
Жазушы бұл кітаптың атауын корей ақыны Ли Сангтың: «Мен адамдар өсімдік болуы керек деп есептеймін» деген өлеңінен алған әсерінен ойлап тапқан. Ли ХХ ғасырдың бірінші жартысында, Кореяны Жапония отарлаған кезде өмір сүріп, өз елінің бостандығын аңсаған. Хан Гаң болса тәуелсіз Кореяда өсіп, корей әйелдері үшін еркіндікті аңсады. «Вегетариандық» романында ол балалардың ата-анасына сөзсіз бағынатын, ал әйелі күйеуіне «сіз» деп үндеу жасап, өз пікірін ашық айтуға батылы бармайтын патриархалдық конфуцийлік қоғамды сипаттайды. Юнхи үшін еттен бас тарту шешімі наразылықтың жалғыз қолжетімді формасына айналады. Ли Сангтың сөздерінің әсерінен Хан Гаң зорлықзомбылықтан құтылу үшін өсімдік болғысы келетін әйел туралы роман жазды.
Романның негізгі көріністерінің бірі – отбасылық түскі ас. Онда Юнхидің әкесі оның аузына қуырылған шошқа етін күштеп салғысы келеді. Ал, ағасы мен күйеуі сытылып қашып кетпес үшін қыздың қолын қысып күштеп ұстайды. Жауап ретінде Юнхи «Мен өзім» деген сөзді айтып тұрып әкесінің білегін пышақпен кесіп тастайды. Артынша отбасы оны психиатриялық ауруханаға жібереді. «Хан Гаң патриархалдық корей қоғамындағы үнсіз мойынсұнудың салдары туралы, адамның өз үнінің жоқтығы. Қолдан келетін жалғыз наразылық – денсаулыққа зиян келтіру туралы айтады», – дейді жазушы Вера Богданова. Айта кету керек, Кореяда бәрі «Вегетариандықты» бірден наразылық ретінде қабылдамаған. Кітапты көбісі еттен бас тартқан, психиатриялық диспансерге түсіп, күйеуінен айырылған әйелдің оқиғасы ретінде оқиды.
Кореяда жарық көргеннен кейін тоғыз жыл өткен соң, «Вегетариандық» романы ағылшын тіліне аударылып, бірден Халықаралық Букер сыйлығын жеңіп алды. Сыйлықты түпнұсқа мәтіні емес, аудармашы Дебора Смит жасаған аударма жеңіп біраз дау туған. Ресейде романды түпнұсқадан аудару туралы шешім қабылданды. Сөзсіз марапат қаламгердің еңбегіне қарай беріледі. Бірақ Хан Гаңның шығармаларындағы үні ерекше. Автордың өзі өз жадында жоспарлағанның бәрін көркемдік формаға қаншалықты аудара алғанын ұзақ талқылай аламыз. Бірақ оның романдары адам жүрегінде өшпейтін із қалдыратыны анық. Хан Гаң тек әдебиетпен ғана емес, музыкамен және заманауи өнермен де айналысады. Мысалы, «Баяу шырқалған әндер» (2007) эсселер кітабымен бірге ол өзі шығарған он әні бар дискіні жарыққа шығарды. Әдебиет жөніндегі Нобель комитетінің төрағасы Андерс Ольсонның айтуынша, «оның өнер түрлері арасындағы шекараны еңсерудегі жұмысы жанрлардың кең ауқымымен ерекшеленетін жазуында айқын көрінеді». Айта кетейік, әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығы бір ғасырдан астам уақыт, 1901 жылдан бері беріліп келеді.
Бастапқыда ол Альфред Нобельдің өсиетінде «идеалистік бағыттағы ең маңызды әдеби шығарма» үшін сыйлық ретінде пайда болды. Қазір өзінің атақ-даңқы, ықпалы және елеулі ақшалай сыйлығының арқасында Нобель сыйлығын бүкіл әлем жазушылары ең беделді әдеби сыйлық ретінде қабылдайды. Биыл Азиядан шыққан тұңғыш әйел жүлдегер Хан Гаң 11 миллион швед кронын алады. Жарғыға сәйкес, Нобель сыйлығына үміткерлерді Швеция академиясының және басқа елдердегі осыған ұқсас мекемелердің мүшелері, әдебиет және тіл білімі профессорлары, өткен жылдардағы Нобель сыйлығының лауреаттары және жазушылар ұйымдарының төрағалары ұсынады. Жыл сайын қазан айында жаңа лауреаттың есімі жарияланғаннан кейін Нобель комитеті келесі жылғы үміткерлерге ұсыныс беруді сұрайтын 700-ге жуық шақыру жібереді.
Тізім 31 қаңтарға дейін әзірленіп, көктемде ол алдымен 20, содан кейін бес адамға дейін қысқарады. Жаз бойы Академия мүшелері қыркүйекте кандидатураларын талқылау үшін барлық үміткерлердің жұмысымен тағы бір рет танысуы керек.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді