Жүргізілген талдау және мониторингтің нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 147,1 миллион теңге қаражат өндірілген. Оның ішінде денсаулық сақтау саласынан 119 миллион, спорт саласынан 17,9, әлеуметтік саладан 3,8 және субсидиядан 6,4 миллион теңге негізсіз төленген қаражаттар қайтарылды. Сонымен қатар, өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген 11 бағыттың 9-ы бойынша нәтижелі жұмыстар жүзеге асырылды.
Баяндамашы жол саласындағы сыртқы талдаудың нәтижесінде 28 жүйелі жемқорлық тәуекелі анықталғанын атап өтті. Өз кезегінде, өңірдегі автожолдарды салу және қайта жөндеу жұмыстарының сапасын жақсарту мақсатында олардың кепілдік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған. Сондай-ақ, кепілдік міндеттемелері бұрын көрсетілмеген орташа жол жөндеу туралы 26 шартқа өзгеріс енгізіліп, екі жылға кепілдік мерзімі бекітілді. Өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған 9 ауылдық округ әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жамбыл ауданының 3090 гектар егістік жерін сумен қамтамасыз ететін ұзындығы 32 километрді құрайтын «Райс» каналын қайта қалпына келтіруге 1,8 миллиард теңге бөлінген. Алайда, жобадағы сәйкессіздіктер салдарынан каналдың 2,8 километр құрайтын аумағында ені 3,5 метрді құрауы тиіс болған жері 2 метрге дейін кішірейген. Бұл судың сыртқа төгілуіне және кейіннен канал қабырғаларының бұзылуына әкелген. Департаменттің ұсынысына сәйкес мердігер мекеме тарапынан 180 миллион теңгеге қосымша жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 62 шаруа қожалығы суармалы сумен қамтамасыз етілді.
– Олигополия бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Экологиялық залалдармен байланысты тәуекелдерді болдырмау мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен 7 су объектісінің (көлдер мен өзендердің) су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленді. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыстық білім басқармасы және оған бағынысты 553 мекемеде, сондай-ақ спорт басқармасы және оның 49 ведомстволық бағынысты ұйымдарында «Бірыңғай цифрлық есеп» жүйесі енгізілді. Биометриялық қол қою, негізсіз төлемдерді бұғаттау функциялары іске қосылды. Білім саласындағы мониторинг Тараз қаласының білім бөлімі тарапынан «Оқушылар сарайын» материалдармен жабдықтау мақсатындағы сатып алынған тауарлардың сомасы 131 миллион теңгеге жоғарылап алынғанын анықтаған. Аталған мәселе аудитпен расталып, мердігерден өндіру туралы сот шешімі шықты. Денсаулық сақтау саласында еңбекақы төлеу қорындағы жемқорлық тәуекелдерінің жоғары екендігі ескеріле отырып, медицина қызметкерлеріне бірыңғай ынталандыру төлемдерін есептеу әдістемесі бекітілді, – деді Дәурен Даниярбекұлы.
Облыстың ауыл шаруашылығында субсидиялар кезексіз беріліп келген. Аталған салаға жүргізілген мониторинг барысында субсидия төлеу кезінде кезектілікті жүйелі түрде сақтамау, субсидияны уақтылы төлемеу және жекелеген шаруаларға артықшылық көрсету түріндегі жемқорлыққа алып келетін тәуекелдер анықталған. Департаменттің ұсынысынан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы субсидия төлеу бойынша төлем құжаттарын қарау алгоритмін бекітті. Сонымен қатар, департамент тарапынан мал және тұқым шаруашылығына байланысты субсидия алу шарттарын сақтамаған және өтінімдерінде жалған деректер көрсеткен шаруалардан 80 миллион теңгеден аса қаражатты қайтару туралы ұсыныс енгізілді. Оның 6,1 миллион теңгесі қайтарылса, қалғанын жыл соңына дейін өндіру көзделуде. Облыста «Бизнеске жол» жобасы аясында субсидияланатын жұмыс орындарын қаржыландыру бойынша заңсыз бас тарту фактілері де орын алған. Жылдың бірінші тоқсанында келіп түскен өтінімдердің 1294-і мақұлданып, 515 кәсіпкерге заңсыз бас тартылғаны анықталды.
Департаменттің ұсынысымен кәсіпкерлердің өтінімдері қайта қаралып, олар бойынша оң шешім қабылданды. Жер қатынастары саласында жер учаскелеріне салынған шектеулер уақтылы алынбай, қысым жасалған 53 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Сонымен қатар, өткен жылы «Бизнеске жол» жобасы аясында жүргізілген талдау салық бойынша шоттарды қолмен бұғаттау арқылы 36 бизнес субъектісінің заңды құқықтарының бұзылғаны анықталған. Департаменттің ұсынысы Мемлекеттік кірістер комитетінде қолдау тауып, салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесіне өзгеріс енгізу арқылы шотты автоматты түрде бұғаттау функциясы іске қосылды. Сондай-ақ, департамент қазіргі таңда үш құрылыс объектісіне (Жуалы ауданының Б.Момышұлы және Қордай ауданының Қарасай батыр ауылдарындағы спорттық сауықтыру кешендері, Жарлысу ауылындағы су құрылысы) сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде Жуалы және Қордай аудандарындағы спорттық сауықтыру кешендерінде жұмыстар толығымен жүргізілуде. Ал, Жарлысу ауылында су құрылысындағы орын алған су тапшылығына зерттеулер жүргізіліп, жаңа су қоры анықталды. Қазіргі таңда жаңа ұңғыма қазу процесі қолға алынуда.
– Департаменттің мемлекеттік сатып алу порталына жүргізген мониторингі нәтижелері мен енгізілген ұсыныстарының нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің 100-ден астам сатып алу жоспарлары қайта қаралып, 937 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделді. Мәселен, Қордай ауданының білім бөлімі 52 жаңа үлгідегі оқу кабинеттерін жабдықтау үшін 367,5 миллион теңгеге сатып алуды ұйымдастырмақ болған. Алайда, жүргізілген мониторинг аталған кабинеттердің бағасы 26 миллионға асыра бағаланғанын анықтады. Ал, Байзақ ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің, Үкіметтің дайын тұрғын үйлерді сатып алу туралы қаулысына қарамастан, 91,6 миллион теңгеге үй құрылысын салу үшін техникалық қадағалау қызметін негізсіз жоспарлағаны анықталып, департаменттің араласуынан кейін аталған сатып алу тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді