Президент: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан, біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деді.
Бүгінде Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы Президент айтқан қағиданы басшылыққа алып жұмыс істеуде. Жалпы, құрамында 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшесі бар Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы биылғы жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялады. Осы жыл аясында кәсіподақ қауымдастығының алдында тұрған бірқатар бірінші кезектегі міндеттерді белгіледі. Бұл күндері кәсіподақтың барлық мүшелері үшін жалақы мен әлеуметтік кепілдіктердің нақты өсуіне қол жеткізу, заң шығарушы билік органдары қабылдайтын актілерге белсенді ықпал ету, қызметкерлердің мүддесі үшін тиімді әлеуметтік әріптестікті қамтамасыз ету, саналы кәсіподақ мүшелігіне сүйену, басшылар мен мамандардың жоғары кәсіби кадрларына ие болу бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда.
Дәл осындай жұмыстар біздің де облыста жүйелі түрде атқарылып келеді. Атап айтар болсақ, облыста әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның екі отырысы өтіп, оған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев төрағалық етті. Аталған комиссия отырыстарында еңбек қатынастарын реттеу, жалақыны уақтылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуы, облыстағы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру және өңірдегі жалақыны көтеру бойынша мәселелер ұдайы қаралып келеді.
Жақында кәсіподақтар орталығының ұйытқы болуымен өткен үшжақты комиссия отырысына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев төрағалық етіп, облыстағы 2 619 кәсіпорында еңбек ететін 23 680 мың жұмыскердің жалақысы орта есеппен 23,7 пайызға көтергенін атап айтты. Сонымен қатар, комиссия отырысында облыс әкімдігі, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және өңірдегі жұмыс берушілер өкілдері арасындағы 2024−2026 жылдарға арналған Келісім қабылданды.
Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеу қажеттігін де арқау етеміз. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі. Сонымен қатар, әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандарын үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай тиімді іс-қимыл стратегиясын әзірлеу қажет болып отырғанын да айта кетуіміз керек.
Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі. Сондықтан, қай жерде болмасын жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жұмысы айқын сезілуі тиіс.
Еліміздің кәсіподақ қозғалысының басты міндеттерінің бірі – жұмыс орнындағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтан қорғауды қамтамасыз ету. Бүгінде кәсіподақтар гендерлік саясатты іске асырудың және әйелдерді қоғамдық өмірге толыққанды тартудың пәрменді тетіктерін әзірлеуді жақтайды. Осы жылдың 12 сәуірінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Халықаралық еңбек ұйымымен бірге ұйымдастырған «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» атты тақырыпта Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I форумы өтті. Форумға 23 саладан 55 түрлі мамандық өкілі, барлығы 60-тан астам делегат, кәсіподақ жетекшілері, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Халықаралық еңбек ұйымының және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының сарапшылары, ұлттық әріптес кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары, Парламент Мәжілісінің депутаттары және әлеуметтік әріптестер қатысты.
Шара аясында әлемнің үздік үлгілеріне сүйене отырып, мемлекеттің гендерлік саясатын жетілдіру, қоғамдағы әйел рөлінің маңызын арттыру, олардың әлеуетін дамыту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау, жұмыс орнында тиісті жағдай жасау, сондай-ақ, қызметте қандай да бір кемсітуге жол бермеу мәселелері бойынша тиімді ұсыныстар талқыланды. Бұл іс-шараға біздің облыстан қатысқан екі делегат келген бойда аймақтағы кәсіподақ белсенділерімен өткен жиында өз әсерлерін жеткізіп, маңызды ақпараттармен бөлісті.
Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының халықаралық аренадағы мақсатты қызметі соңғы төрт жылда халықаралық кәсіподақ қоғамдастығында Кәсіподақтар федерациясының оң имиджін қалыптастыруға, сондай-ақ, Халықаралық еңбек ұйымымен, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен және шетелдік кәсіподақ орталықтарымен сындарлы диалог пен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қоюға мүмкіндік берді.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында, Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ-ның жұмысшылар қызметі жөніндегі бюросымен белсенді жұмыс істеп, бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі мен ХЕҰ/ Еңбеккерлер мүддесі үшін қызмет бюросы мүшелері арасында Алматы декларациясы қабылданып, оған қол қойылды. Бес өңірлік іс-шара, Жұмысшы әйелдер форумы өткізіліп, әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылды. Федерация халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа деңгейіне шығуы үшін көп күш салды. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігі қалпына келтірілді. 2023 жылдың желтоқсанында Федерация алғаш рет ХЕҰ Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің басшылығына енді. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі құрылып, үш жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Түркі мемлекеттерінің кәсіподақ ұйымы құрылды. Әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелері бойынша ХЕҰ, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі, Түркі мемлекеттерінің кәсіподақ ұйымы бірлесіп, 200-ге жуық халықаралық конференциялар, семинарлар, форумдар мен кездесулер өткізді. Көптеген республикалық кәсіподақ орталықтарымен тығыз ынтымақтастық орнатылды.
Кәсіподақтар Федерациясы өз қызметінде кәсіподақ ұйымдарының жастар саясатын күшейту және жандандыру жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударып келеді. Уақыт талабына жауап бере отырып, салалық және аумақтық кәсіподақтар өкілдерінен құралған ҚР КФ Жастар ісі жөніндегі кеңесі мүлде жаңа форматта құрылды. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Жастар ісі жөніндегі кеңесі ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесі болып қайта құрылды. «Келешек» жастар кеңесінің өкілдері еліміздің барлық өңірінде өз жұмыстарын жүйелі түрде атқарып отыр. Өткен жылы 10 қазанда Қазақстан кәсіподақтарының төл мерекесі «Ұрпақтар кездесуі» форматында аталып өтті. Бұл іс-шараға саналы ғұмырын кәсіподақ жұмысына арнаған кәсіподақ ардагерлері «Келешек» жастар кеңесі мүшелерімен кездесіп, пікір алмасып, өздерінің құттықтауларын жеткізген болатын.
Ал, биыл дәл осы айтулы мерекеге орай, KELESHEK CAMP «Еңбек эволюциясы: климат, құзырет, код» жұмысшы мамандықтарының Халықаралық Жастар форумы ұйымдастырылуда. Бұл форумның мақсаты – әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, барлық деңгейдегі жас кәсіподақ көшбасшыларын оқыту және дамыту, жастарға кәсіподақ қызметін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы таныстыру және үнемі ақпараттандыру, жастардың өзін-өзі ұйымдастыруына ықпал ету, жастардың инновациялық жобаларын іске асыруға атсалысу. Осы форумға делегат ретінде Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Бауыржан Қоңырбаев бастаған бір топ жас жұмысшы мамандар қатысуда.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда Кәсіподақтар Федерациясының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде жастарға – болашақ мамандарға кәсіподақ қызметін таныстыру мақсатында олардың болашақта өз еңбек құқықтарын тиімді қорғай алу бағытында жоғары оқу орындарында дәріс оқу үшін екіжақты меморандумдар жасалып жатыр. Сондай меморандум біздің облыстағы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының заң факультетімен де жасалды.
Жалпы, облысымызда 15 салалық, 1400-ден аса кәсіподақтардың бастауыш ұйымында 124 мың кәсіподақ мүшесі тіркелген. Осыдан-ақ, өңірдегі азаматтық қоғам институтының әлеуеті мен қауымдастық ықпалын аңғару қиын емес.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы өткен жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялаған болатын. Ондағы мақсат – жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің жұмыс орнының қауіпсіздік талаптарына сай болуына, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына баса назар аудару. Жалпы, Кәсіподақтар федерациясы 2030 жылға дейін республикамызда Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеуге тікелей қатысты. Кәсіподақтар федерациясынан жобаға 20-дан астам ұсыныс енгізілді, олардың бір бөлігі 2023 жылдың 26 желтоқсанда Үкімет бекіткен тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында да көрініс тапты.
Бүгінде Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен әр өңірде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы өтуде. Аталған акцияның мақсаты – еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдау. Осындай бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесу бізде де жалғасып келеді. Жыл басынан бері 18 бастауыш ұйымында кездесулер өтіп, онда 400-ден астам адам қамтылды. Сол сияқты, кәсіподақ мүшелеріне тиімді, кәсіби көмек көрсету мақсатында екі жыл бұрын еліміздің барлық аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінде «Заң клиникасы» құрылған. Бүгінгі таңда біздің кәсіподақтар орталығында заң клиникалары мен қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Одан бөлек, Кәсіподақтар Федерациясының қатысуымен еңбек ұжымдарында онлайн оқу-семинарлар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жерде айта кетер бір мәселе, кәсіподақ жұмысына қатысты барлық маңызды ақпараттар, жаңалықтармен Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік желілері және «Qazaqstan Kasipodagy» газеті арқылы танысуға болады.
Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында тиімді еңбек қатынастарын құрудың басты құралының бірі – ұжымдық шарт. Кәсіподақ ұйымдары құрылмаған кәсіпорындарда ұжымдық шарт жасалмайды, соның салдарынан жұмыскерлер өз құқықтарын толыққанды қорғай алмайды. Біз дәл осы мәселеге шағын және орта бизнес өкілдерінің назар аударуы қажет деп санаймыз. Еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау, оның қауіпсіздігін сақтау мәселесімен тікелей байланысты екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сол себепті, барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда ұжымдық шарттарды бекіту тетігін заңнамалық тұрғыдан тиянақтау қажет деп есептейміз.
Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияда осы көкейкесті мәселе талай мәрте қаралды. Өңірдегі жұмыс істеп тұрған 12 101 кәсіпорынның 11 758-інде ұжымдық шарт жасалған, жасау деңгейі 97,2 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш өзара түсіністік пен ұжымдық мәдениеттің өзіндік жемісі. Сондай-ақ, әлеуметтік еңбек дауларын болдырмау да кәсіподақтардың назарынан түскен емес. Ұжымдық шарт еңбек ұжымындағы тұрақтылық негізі. Ал, еңбек дауы көп жағдайда кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда орын алады.
Әрбір кәсіподақ мүшесі – ол еңбек адамы. Ол біздің жақынымыз, бауырымыз және жолдасымыз. Ол – отбасының тұтқасы, мықты тірегі. Ол – ел игілігін жасаушы, олар – рухтас асыл жандар. Қазақстан Кәсіподақтарының төл мерекесі кезінде біз осы қоғамдық ұйымның қазақ жерінде бастау алған тарихына 119 жыл толып отырғанын айтсақ, әлбетте ұзақ жылдарын, білімі мен ерік-жігерін осы қоғамдық ұжымның қызметіне арнаған аға ұрпақ өкілдерін құрметпен атаймыз. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігі жылдары кәсіподақтардың түрлі белесті кезеңдерден шыңдалып, ширап, кәсіби шеберліктермен, бекем бірлікпен Отанымыздың өркендеуіне ерен үлес қосып, қолтаңбасын қалдырған әріптестерге де зор құрметпен қараймыз.
Ендеше, алда тұрған белестерден білекке-білек, жүрекке-жүрек, тілекке-тілек қоса білсек қана абыройлы өте аламыз.
Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Ел бақытын тербеткен күн
- 16 желтоқсан, 2024
Шындық жырын шырқаған жас қырандар...
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді