Өйткені, «аттың жалында, түйенің қомында» жүріп, бар ғұмырын туған елін қорғау жолында жауынгерлік жорықта өткізген ата-бабамыздың аманатына қиянат етпеуге тиіспіз. Ерлік дәстүрін жалғап, кең байтақ даламызға қалқан бола білу үшін жаужүрек жауынгер атану жеткіліксіз. Бұл ретте сардардай сап түзеген мықты сарбаздардан құралған кәсіби армия жасақталғаны жөн. Ал, сол армияның ұтқыр әрі ұрысқа тастүйін дайын болуына кешенді түрде өтетін оқу-жаттығу жиындарының тигізер пайдасы зор.
Тәуелсіз еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтып, түрлі шабуылдардан қорғану амалдарының бірі – ведомствоаралық «Бекет-2024» кешенді оқу-жаттығуы. Жуырда ғана өңірімізде Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері жұмылдырылған дәл осы оқу-жаттығу түйінделді. Еліміздің Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов қорытындылаған жиын барысында қатысушылар дағдарыс жағдайы туындаған кезде қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың түрлі сценарийлерін пысықтады. Мәселен, лаңкестік шабуылға қарсы жаттығулар басталмас бұрын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Айша бибі» оқу орталығының базасында облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына кіретін әскери міндеттілерге атыс дайындығы бойынша сабақтар өткізілген. Мұнан соң, олар өңірлік жедел штабпен өзара іс-қимыл жасай отырып, маңызды мемлекеттік және әскери объектілерді күзету мен қорғау мәселелерін іске асырған. Жамбыл облысында аумақтық қорғаныс бригадасының жауапкершілік аймағына осындай 160 нысан кіреді.
Оқу-жаттығудың бұл кезеңін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі басқа да әскери басшылар қадағалаған. Аймақ басшысы ел ішіндегі тыныштық пен қорғаныс қызметкерлерінің кез келген жағдайға әзірлігін шыңдауды мақсат еткен іс-шара қорытындысында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін баса айтқан еді.
– Заманауи әскери техника мен қару-жарақты жоғары деңгейде меңгерген әскери қызметші еліміздің Қарулы Күштерінің қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі. Ел іргесі берік болуы үшін Қазақстанның Қарулы Күштері, оның ішінде аумақтық қорғаныс әскерлері кез келген уақытта мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын болуы тиіс. Бұған тек үздіксіз дайындықтың арқасында ғана қол жеткізілетіні барлығымызға анық. Ел намысын өз тағдырынан жоғары қойған Ұлы Дала халқының қазіргі ұрпағы да елінің еңсесін биік, шекарасын берік ұстауға дайын. Кешегі өткен батырларымыздың өшпес ерлігі мен отансүйгіштігін ұран етіп, насихаттау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Соңғы кездері әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар, террорлық актілер бізді алаңдатпай қоймайды. Сондықтан әскеріміз жоғары дайындықта болуы тиіс. Отанымызды сіздерге мемлекет мүддесін жіті қорғау, ұлттық қауіпсіздік пен еліміздің ішкі тұрақтылығының сенімді кепілі болуды сеніп тапсырды. Бұл сіздерден жоғары машықты ғана емес, қайсарлықты, батылдықты, шынайы патриотизмді талап етеді, – деді облыс әкімі.
Ал, ведомствоаралық оқу-жаттығудың қорытындысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов бірқатар нысандарды аралады. Ол дағдарыс жағдайлары туындаған кезде азаматтық халықты жинау пункттері орналастырылған орындарға барып, аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілерін хабардар ету учаскесі мен әскери міндеттілерді алдын ала жинау пунктінің жұмысын ұйымдастыруды саралады. Бұдан бөлек, кешенді күштер мен құралдардың жинақталуы, олардың материалдық және техникалық құралдармен қамтамасыз етілу мәселелерін зерделеді. Еліміздің Қарулы Күштерінің Бас штабының бастығы жергілікті атқарушы органдар мен күштік құрылымдар бөлімшелерінің өзара іс-қимылының алгоритмдері мен тәртібін айқындайтын осындай оқу-жаттығуларды өткізуде.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді