«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үш жүзден аса еңбек құқығы бұзылған

Үш жүзден аса еңбек құқығы бұзылған
Ашық дереккөз
Кез келген зайырлы мемлекеттің дербестігін, демократия қағидаттарына сай өмір сүретіндігін айқындайтын алғышарттардың бірі — азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы. Бұл ретте ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасында еңбек қатынастарына қатысты 5,4 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге көп.

Биылғы жылдың екінші тоқсанында елімізде 9,2 миллион адам жұмыспен қамтылған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 0,8 пайызға артық. Ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылғандар саны 0,6 пайызға азайып, қалада 3,4 миллион адамға, керісінше 1,7 пайызға артып, нақты саны 5,7 миллион адамға жеткен.

Салалар бойынша қызметкерлердің ең көп саны әдеттегідей көтерме және бөлшек саудада, сондай- ақ көлік құралдарын жөндеу сервистерінде тіркеліп, 1,5 миллион адамға жеткен. Екінші және үшінші орындарда білім беру және ауыл шаруашылығы саласы тұр. Мамандардың ең аз көрсеткіші сумен қамтамасыз ету, өнер, ойын-сауық және демалыс, сондай-ақ жылжымайтын мүлік сынды салаларда тіркелген. Жұмыспен қамтылғандар саны бойынша Алматы қаласы, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстары көш бастап тұр.

Өнімділіктің артуын, қазіргі заманғы экономиканың тұрақты дамуын еңбек қатынастарын демократияландырусыз көзге елестету мүмкін емес. Осындай үдеріс бүкіл әлем бойынша дерлік іске қосылды. Оның негізгі мәні – еңбек және заң арасындағы қайшылықтарды жою. Ал, бұл қайшылықтарды жұмысшылардың құқықтық тұрғыда қорғалуы арқылы қамтамасыз етуге болады. Бұл тұрғыда облыста мемлекеттік еңбек инспекторларымен биылғы сегіз айда жоспардан тыс 96 тексеріс пен 21 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 318 бұзушылық анықталған. Оның 229-ы еңбек қатынастарына, 82-сі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға және 7-і халықты жұмыспен қамтуға қатысты.

2024 жылдың 1 жартыжылдығына арналған Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы сақталуын профилактикалық бақылауды жүргізу жоспарына сәйкес 25 кәсіпорын бекітілген болатын. Нәтижесінде, 21 кәсіпорында профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізіліп, 185 заңбұзушылықтар анықталған және олар бойынша 21 нұсқама берілді. Бүгінгі күнге профилактикалық бақылау жұмыстары бойынша анықталған заңбұзушылықтар толығымен жойылып отыр.

Аталған сала бойынша аймақта да атқарылған іс аз емес. Облыстың еңбек инспекциясы берген ақпаратқа сүйенсек, ағымдағы жылдың сегіз айында облыстың кәсіпорындары мен мекемелерінде 32 жазатайым оқиға орын алып, былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 6,2 пайызға кеміп отыр. Оның салдарынан 35 адам зардап шегіп, 14 адам ауыр, 17 адам жеңіл, орта жарақат алған. Өкінішке қарай 4 адам қайтыс болған. Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексерулер жүргізіліп, тергеу материалдары ішкі істер органдарына жолданған. Сонымен қатар, әр жазатайым оқиға бойынша жұмыс берушілерге оқиғаның себептерін жою және алдын алу жөніндегі іс-шаралар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар, жазатайым оқиғалардың 35 пайызына жәбірленушінің биіктіктен құлауы, 15 пайызы қозғалмалы, айналмалы заттар мен бөлшектердің әсері және 50 пайызында жазатайым оқиғалардың басқа түрлері себеп болған. Жүргізілген сараптамалар бойынша зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен, металлургия, химия, энергетика кәсіпорындарында және шағын бизнес орындарында тіркелген. Жалпы, өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында кәсіпорындарда «Халықтық бақылау» жобасы мен «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero»тұжырымдамасын енгізу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күнге облысымызда «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясын 18 кәсіпорын және «Халықтық бақылау» жобасын 13 кәсіпорын енгізген. Еңбек жағдайлары бойынша 119 өндірістік нысанда 485 жұмыс орны аттестаттаудан өткізілген. Облыс кәсіпорындарында 971 кеңес құрылып, онда 1333 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жұмыс атқарады. Сонымен қатар, өндіріске байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және жасырын өндірістік жарақаттардың алдын алу бойынша облыс әкімдігінің, облыстық прокуратура және облыстық ішкі істер органы арасында өзара іс-қимыл меморандумы қабылданған. Жұмыскер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр. Бұл бағытта 2023 жылы жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру бойынша 4001 кәсіпорынға қайта хабарлама жолданып, нәтижесінде 1595 мекемеде сақтандыру шарттары жасалған. Ал, биыл жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру бойынша хабарлама 3876 кәсіпорынға жолданып, нәтижесінде 2083 мекемеде сақтандыру шарттары қайта жасалған. Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бұл бағытта тізім жолданған. Сол тізім бойынша жұмыскер еңбек міндеттерін атқарған кезде Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес міндетті сақтандыру қажет екенін ескертіп хабарлама берілген. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл басынан облыстың 2619 кәсіпорны 23680 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 23,7 пайызға көтеріп отыр. Осы жылы мемлекеттік еңбек инспекторларымен облыстық 9 кәсіпорында 378,9 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылған. Нәтижесінде 2011 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.

Облыс аумағында шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын кәсіпорындарда еңбек шарттарын «еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» бағдарламасына енгізу бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға 23 ұйымда 1041 қызметкерге рұқсат берілген. Оның ішінде 755 еңбек шарты аталмыш базаға енгізіліп, қалған 286 рұқсат берілген жұмыскерлер бойынша еңбек шарттары жасалмаған. Олардың арасында 258 шетелдік жұмыскер Қазақстан аумағына келмеген, «Мыңжылдық Сұңқар агенттігі» ЖШС-дағы екі қызметкер жұмыстан шығарылған, «Азия газ құбыры» ЖШС-дағы 20 қызметкер Алматы қаласында тіркелген, «Азия Ирбис» ЖШС- ның еңбек базасына үш еңбек шарты енгізілмеген. Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысы Жарылқасын Айтақовтың айтуынша, өңірде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысы тұрақты негізде жүргізілуде.

– Жыл басынан бері әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияларында кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалып, еңбек жағдайларымен танысу, жұмыс орындарын қысқартпау, жалақыны арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, бақылауда ұстау мәселелері қаралды. Жыл басынан бері барлық деңгейде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың 74 отырыстары өткізілген. Сондай- ақ, қандай да бір наразылықтар орын алып, еңбек ұжымдарында даулар туындай қалған жағдайда жедел әрекет етіп, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізетін беделді азаматтар мен зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы спикерлер пулы қалыптастырылып, тізімдері бекітілген. Ағымдағы жылы бейресми жұмыспен қамтылған 2031 жұмыс берушідегі 4526 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылып отыр, – дейді басқарма басшысы.

Ұқсас жаңалықтар