«Ол үшін егіннің түсімін арттырып, мал шаруашылығын жан-жақты өркендету керек. Облыстың колхоздары мен совхоздары жыл сайын жаңа тракторлар, комбайндар, сеялкалар, автомашиналар мен басқа да техникалар алуда. Мемлекеттік жоспарда минералдық тыңайтқыштарды, химикаттар өндіруді едәуір арттыру шаралары белгіленген. Суармалы жерлерді игеру, суару жүйелерін жөндеу және қайта салу жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіледі. Озат шаруашылықтар неғұрлым мол өнім беретін дәнді және техникалық дақылдарды өсірудің прогрессивтік тәсілдерін игеріп, еңбекті ұйымдастыру және оған ақы төлеу мәселелерін батыл енгізетін болады. Механикаландырылған бригадалар мен звенолардың, әсіресе қант қызылшасын өсіретін бригадалар мен звенолардың қозғалысын бұрынғыдан да өрістете түсу керек» дей келе, облыстық партия конференциясы ауыл шаруашылығында орын алып отырған кемшіліктердің бетін ашып, астық, қант қызылшасы және басқа да өнімдерді өндіруді одан әрі арттыруға бағытталған шараларды белгілейді.
Әрине, мұндай партиялық нұсқау алған облыс еңбекшілерінің қауырт тірлікке кірісіп кетері анық еді. Осылай, «Қызылшашы жолдастар, міндеттемені абыроймен орындап, Отанымызды ақ қантқа кенелтіңіздер!», «Жамбылдық 1.100.000 тонна қант қызылшасы үшін күресейік!» деген ұрандармен облыс қызылшашыларының 1966 жылғы межесі де белгіленді. Осы орайда біз қарастырып отырған жылдардағы аграрлық сектордың жалпы өнімінің өсу қарқыны 28 пайыздық деңгейді көрсеткенін айта аламыз.
Енді осы қабылданған міндеттемелердің жергілікті жерлерде қалай орындалғанына мән берер болсақ, онда Қордай ауданындағы «Искра Ленина» колхозының озат звено жетекшісі Мария Пархоменко туралы айтуға болады. Оның еңбегі шынында басқаларға үлгі боларлықтай. Бұл звеноға 1966 жылы 50 гектар қызылша бекітіліп берілген еді. Звено қызылша жекелеуді шаруашылықта бірінші болып аяқтап, колхоз басқармасы белгілеген сыйлыққа ие болды. Пархоменконың звеносы 1965 жылы әр гектардан 430 центнерден тәтті түбір жинаса, 1966 жылы 450 центнерден өнім жинаған. Мұндай жетістікке жетуге колхозда құрылған сушылар звеносының да көмегі аз болмапты. Иван Пархоменко, Николай Зюбанов плантацияларды сапалы суарып, көзге түссе, облыстық партия комитетінің мүшесі, коммунист Василий Кушеренконың еңбегі де айтарлықтай. Ол бір тамшы суды босқа жібермеген. Нормадағы 0,8 гектардың орнына күніне 1,5-2 гектар қызылша суарып отырған. Свердлов ауданының (қазіргі Байзақ) Ленин атындағы ауыл шаруашылығы артелінің колхозшылары да жаңа бесжылдықтың алғашқы көктеміне тиянақты әзірлікпен кіріскен еді. Мұнда 1966 жылы 3650 гектар дәнді дақыл, 380 гектар қант қызылшасы егіліпті. Оның әр гектарынан 13,5 центнер дән, 374 центнер тәтті түбір алу ұйғарылған. Міндеттеме алған соң оны орындап шығу үлкен абырой. Осыны ескерген колхозшылар көктемгі дала жұмыстарын әуелгі күннен қарқынды жүргізді. Механизаторлар арасындағы жарыс кең қанат жайды. Соның нәтижесінде колхозда ерте егілетін дәнді дақылдарды себу қолайлы мерзімде өткізілді.
СОКП XXIII съезі күндеріндегі еңбек вахтасына тұрған колхоз еңбеккерлері мол өнім жорығын одан әрі қыздыра түскен. Колхозда қант қызылшасын егу қауырт қарқынмен жүргізіліп, ең алдымен егістік жер агротехникалық талапқа сай өңделді. Ылғал жабу, топырақты өңдеу сапалы өткізілді. Қызылша ұрығын себу алдында әр гектарға 2 центнерден минералдық тыңайтқыш сіңірілді. Осылай сапалы өңделген 150 гектар зябьке қызылша ұрығы себілгендігі айтылады. Жамбыл ауданындағы Жамбыл жеміс-жүзім совхозының еңбеккерлері де СОКП XXIII съезі күндеріндегі еңбек вахтасына тұрып, мол өнімнің берік негізін қалау күресін өрістете түскен. Совхоз қызылшашылары мен механизаторлар ауа райының қолайлы кезеңдерін тиімді пайдалануға күш жұмсап, механизаторлар арасындағы жарыс кең қанат жайған. Қызылшаны агротехникалық қолайлы мерзімде сеуіп бітіру жорығына барлық совхоз еңбеккерлері бірігіп, көп күш жұмсапты. Ең алдымен егістік жер келістіре өнделді. Күзде жыртылған зябь тегістеліп, тырмаланды. Ұрық себу алдында әр гектарға 10 тонна көң төгілді. Сапалы өңделген зябьке қызылша ұрығын себу әуелгі күннен қарқынды жүргізілді. Топыраққа ұрықпен бірге минералдық тыңайтқыш қоса сіңірілді. Бұл жұмыстарда Сұлтан Ешенқанов, Михаил Симон, Аман Мәмбетбаев сияқты механизаторлар өнегелі еңбек етіп, жарыста алда болды. Осының нәтижесінде совхозда 100 гектар қант қызылшасы агротехникалық талапқа сай егіліп біткендігі айтылады.
Енді егілген өнімнің жемісі қалай болды десек, онда Меркі ауданындағы «Красный восток» колхозының В.Бондарь басқарған механикаландырылған звеносының қант қызылшасын Михаил Царьковтың әдісі бойынша өсіріп, жақсы табысқа жеткендігін мысалға келтіре аламыз. Звеноға 100 гектар плантация бекітіліп беріліпті. Оны күтіп-баптау, суару жұмыстары түгелдей механизм күшімен атқарылған. Бұл жұмыстарда звено жетекшісі А.Бондарь, тракторист В.Серов ерекше көзге түсті. Олар жаз бойы тыным көрген жоқ. Уақытпен санаспай, қызылшаның қатар аралығын келістіре қопсытып, уақтылы үстеп қоректендіріп, қандыра суарды. Еселі еңбек зая кетпеді, дақыл бітік өсті. Звено мүшелері мол өнімді ысырапсыз жинап алуға мұқият әзірлікпен кірісті. Қант қызылшасын жинау тасқынды-үймекті әдіспен жүргізілген. Мұның пайдасы мол. Техника өнімді пайдаланылады, қызылша ысырабына жол берілмейді, еңбек өнімділігі арта түседі, өнімнің өзіндік құны да неғұрлым арзан болады. Қызылша даласында еңбек етіп жүрген адамдар аз. Небәрі бір комбайн, екі трактор тіркемесі жүр. Ал жалғыз тиегіш ағылып келіп жатқан автомашиналарға түбірлерді лезде тиеп үлгеруде. Бондарь басқарған комбайн агрегатының соңында қалып жатқан масақ көрінбейді. Қазылып, тазартылған үлкен-үлкен түбірлер агрегатты жанай жүрген Михаил Барков басқарған трактор тіркемесіне түсіп жатыр. Ол толған соң танаптың жиегіндегі қызылша үймегіне қарай бағыт алып жүріп кетті. Ал, оның орнына Владимир Згоняйко басқарған тіркеме келіп тұра қалды. Қызылша қазу осылайша тоқтаусыз жүргізіліп барады. Ал, Михаил Смых басқарған тиегіш тоқтаусыз жұмыс үстінде. Григорий Васиннің автомашинасына бас-аяғы 2-3 минут ішінде тәтті түбірлерді тиеп үлгерді де, келесі автомашина қорабына мол қызылшаны тасқындата басады. Жапырақтан тазартылған бірен-саран қызылша түбірін бір жағынан тиеу кезінде аршып тазартып жатыр. Қызылшаны қазу, аршып тазарту, жөнелту жұмыстарына ешқандай қол күші жұмсалмайды. Осының нәтижесінде мұнда аз күн ішінде 45 гектар жердің қызылшасы жиналды. Әр гектардан алынған өнім 400 центнерден айналған.
Өндірілген өнімді төкпей-шашпай жинап алу туралы №7 Меркі автобазасының бастығы О.Крапп хабарлайды. «Қазіргі кезде ауданның қай шаруашылығына барсаңыз да қазылып жатқан қант қызылшасын қабылдау пунктіне тасып, бірінен соң бірі тізіле ағылып жатқан жүк машиналарын көресіз. Міне, солардың қатарында біздің №7 автобазаның автомобильшілері де аянбай еңбек етуде. Біз мұндай маңызды іске жаз айларынан бастап-ақ жақсы дайындалып, тәтті түбірді таситын машиналарды науқан алдында мұқият тексеріп шықтық. Қажетті жабдықтармен қамтамасыз еттік. Қызылшаны тасуға қатысатын шоферлер тәжірибесі мол, өз жұмысына жауаптылықпен қарайтын, үлгілі автомобильшілерден іріктелініп алынды. Міне, сондықтан да қант қызылшасын қабылдау пункттеріне тасу қазықтың алғашқы күндерінен-ақ қарқынды жүргізілді. Автобаза шоферлары күн сайын қабылдау пункттеріне 2100-2400 тонна тәтті түбірді тасып жеткізіп үлгеріп тұрды. Бұл нормадағыдан 20-30 процент жоғары. Машиналардың бұзылмай тоқтаусыз жүруі үшін қолда бар мүмкіндікті сарқа пайдаланып келеміз. Тәжірибесі мол маман механиктері бар, токарьлық станок, электр аппараты, көрік, компрессор, тағы басқа жабдықтармен жабдықталған көшпелі мастерской жұмыста жүрген автомобильшілер арасында жиі болып, қажетті техникалық көмек көрсетіп тұрды. Ал, автобазадан қашық жатқан Шалдуар қызылша қабылдау пунктінде жөндеуші слесарьлар тобы тұрақты жұмыс атқарды. Сонымен қатар, шоферларға жергілікті жерде тікелей басшылық жасап отыру мақсатымен әр шаруашылыққа автобазадан арнаулы адамдар жібердік. Әр бригадаға жетекші шофер белгіленді. Сондай-ақ, әр қабылдау пунктінде өзіміздің диспетчерлеріміз болды. Олар автомобильшілеріміздің әр тәуліктегі жұмысын қорытындылап, әр бригаданың, шофердың осы мезгіл ішінде қанша қызылша тасығандығын есепке алып отырды. Күн сайынғы қорытынды көрсеткіш тақтаға жазылып тұрды. Озат автомобильшілердің қол жеткен табыстарын көрсететін, сонымен қатар ортақ іске кесірін тигізетін кейбір шоферлардың жағымсыз қылықтарын сынайтын «Молния» шығарылып отырды. Автомобильшілер арасындағы социалистік жарыс күннен күнге үдеп келеді. Біз әр он күн сайын олардың жұмыс қорытындыларын шығарып, озат коллективке ауыспалы вымпел тапсырудамыз. Шоферлар арасынан, әсіресе, Седин, Беспалов, Капустин, Флейшгауар, Дәуренбеков, Загоруйколар өнімді еңбектерімен көзге түсуде. Олар өткен айда тапсырмасын 130-140 процентке орындады. Автомобильшілердің осындай қажырлы еңбегінің арқасында автобаза қыркүйек айының жүк тасу жоспарын артығымен орындап шықты. Сол айда автобаза автомобильшілері 84000 тонна орнына 130000 тонна әртүрлі жүк тасыды. Бұл нормадағыдан 55 процент артық. Қазір біз шаруашылықтардың плантацияларындағы қант қызылшаларын 20 қазанға дейін қабылдау пункттеріне тасып жеткізуге күш салудамыз», – деген басшы өз мекемесіндегі қызу тіршіліктен осылай хабардар етеді.
Еңбек пен табыс – егіз. Шынында да солай. Болашақ мол өнім үшін тиянақты күрес жүргізе білу, агротехникалық шараларды мүлтіксіз жүзеге асыру шарт. Баянымызға кіргізіп отырған «Меркі» қой совхозының звено мүшелері де осыған орай қажырлылықпен еңбек етіп, нәтижесінде әр гектардан 400 центрден аса өнім өсіріпті. Зықан Назарқұлова, Разия Орынбекова, Советкүл Иманәлиева, Кеңескүл Әбсеметова, сушы Тоқтамұратов, тракторист Михаил Беляев жолдастар көпке өнеге болып, тапсырмаларын үнемі 150-170 процентке орындаған. Қызылшашылар бап сүйгіш дақылдың өзіндік сырын жақсы түсініп, егістіктерді агротехникалық шараларға сай күтіпті. Совхозда қант қызылшасының әр гектарынан кемінде 350 центнерден өнім алуға ұмтылған қызылшашылар үлкен табысқа жеткен. Ал, аудан қызылшашылары мемлекеттік жоспарды орындап шықты. Бұл үлкен жеңіске өз үлестерін қосқанын ауыл еңбеккерлері зор жетістік деп біледі.
Сегізінші бесжылдықтағы (1966-1970 ж.ж.) басымдық берілген негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішінде сүт пен ет ерекше назарға алынғаны белгілі. Осы тұрғысында облыстық партия комитеті: «Алдыңғы қатарлы шаруашылықтар мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және оны мемлекетке өткізу жөніндегі жоспар-заказды айдан айға артығымен орындап келеді. СОКП XXIII съезі құрметіндегі жарысты өрістете отырып, Меркі ауданының еңбеккерлері мемлекетке ет, сүт тапсыру және сату жөніндегі биылғы бірінші тоқсандық жоспарды мерзімінен бұрын, 26 наурызға дейін-ақ орындап шығып, сол айдың аяғына дейін тапсырмадан тыс екі мың центнерден аса сүт өткізді. «Меркі» мал бордақылау совхозы мемлекетке бес мың центнер ет тапсырды. Бұл бірінші тоқсандық жоспардан 2,6 есе көп. Мұнда 1966 жылдың бірінші жартысында 3660 центнер ет өндірілуі керек болса, ол 136 проценттен аса орындалды. Сол сияқты Талас, Жамбыл аудандарының шаруашылықтары да мемлекетке ет пен сүт тапсырудың бірінші тоқсандық жоспарын табысты орындап, айтарлықтай көрсеткішке ие болды. Мұндай озаттардың қатары көбейіп, табыстары молаюда. Мұның өзі облыс мал шаруашылығы еңбеккерлерінің мемлекетке 54 мың тонна ет, 57,6 мың тонна сүт тапсыру және сату жөніндегі міндеттемені абыроймен орындап шығуға көмектесетіні сөзсіз. Ендеше, артта қалып келе жатқан колхоздар мен совхоздарды, фермалар мен бригадаларды алдыңғылардың дәрежесіне жеткізу керек. Ал, облысымызда экономикалық жағынан кейіндеп, кенжелеп қалып келе жатқан жекелеген шаруашылықтар бар екенін атап өткен жөн. Қордай ауданында мемлекетке ет пен сүт өткізудің, ал Луговой, Свердлов, Жуалы аудандарында ет сату мен тапсырудың бірінші тоқсандық жоспарының толық орындалмай қалғаны да осының салдары деп білу керек. Ленин атындағы, «Красная звезда» (Свердлов ауданы), Абай атындағы (Луговой ауданы) және басқа колхоздарда ет дайындау жөніндегі тоқсандық тапсырма орындалмай қалып отыр. Мұнда мал бордақылау, шошқа өсіру ісі ұйымдастырылмаған. Мұндай жағдайға төзуге болмайды», дей келе, бұл кемшіліктерді тез түзету және алдағы уақытта қайталатпауын талап етеді.
Әйтсе де, осы жылдың 16 қарашасындағы есепте қабылданған міндеттемелердің толық орындалмағандығы айтылады: «Бұл күндері бүкіл село еңбеккерлері Совет өкіметінің 50 жылдығы құрметіндегі еңбек вахтасына тұрып, бесжылдықтың алғашқы жылын тәуір қорытындылармен шығарып салу үшін күресуде. Бұл күресте облыс диқандары, қызылша өсірушілері тамаша табыстарымен көзге түсті. Малшыларымыздың да қажырлы еңбегі жемісті болды. Мемлекетке жүн, жұмыртқа тапсыру жоспары едәуір артығымен орындалды, ет тапсыру жоспары орындалуға таяу. Алайда, облыс шаруашылықтарында сүт өндіру және оны мемлекетке тапсыру барысы дабыл қағарлық. 1966 жылы мемлекетке 57533 тонна сүт өткізілуі керек еді. Ал қазір мемлекетке 51352 тонна сүт өткізіліп, жоспар 89,3 процент ғана орындалды. Әсіресе, соңғы бір-екі ай ішінде сүт өндіру қарқыны баяулап кетті. Қарашаның алғашқы онкүндігінде сүт тапсыру өсімі небәрі екі процент ғана. Демек, сүт өндіру мен оны мемлекетке тапсыру ісін жедел қолға алмаса, мемлекеттік тапсырманың орындалмай қалу қаупі туып отыр. Өйткені жылдың аяқталуына небәрі бір жарым айдай ғана уақыт қалды. Биыл ауа райы қолайлы болды. Сүт селін ағызуға толық мүмкіндік бар. Әйткенмен, кейбір шаруашылықтың басшылары, мамандары мұны жете ескеріп отырған жоқ. Олардың біразы товарлы-сүт фермасында еңбек ұйымдастыруды дұрыс жолға қойып, сүт өндіру қарқынын арттыра түсу мәселесін назардан тыс қалдыруда. Жамбыл ауданындағы Аманкелді атындағы колхозда сауын малдарының күтімі қанағаттанғысыз. Мұнда әр сиырдан күніне 2-3 литрден ғана сүт сауылады. Қазір мемлекетке сүт тапсыру жоспарын Конституция күніне – 5 декабрьге дейін орындап шығу міндеті алға қойылып отыр. Бұл үшін ең алдымен сауын малдарын қолға ұстап бағуға көшіру қажет. Оны үстеп азықтандыруды жақсарта түсу керек. Мал азығының рационында сүрлемнің, қызылша төбінің, сірнесінің мол болуы ескерілуі тиіс. Әрине, малды азықтандыру ісін жолға қою үшін фермаларды механикаландыру мәселесін естен шығаруға әсте болмайды. Қазір фермаларда мал азығын ұқсата өндейтін 800-ден астам агрегат орнатылған. Бірақ, мұның өзі әлі жеткіліксіз. Бар шөпті ұқсата өндеп, жұғымдылығын арттыру үшін фермаларда әлі де осыншалықты механизм орнату қажет. Бұл мәселеге кейбір шаруашылық басшылары, мамандары шын мәнінде жете көңіл бөлмей отыр. Оны мына мысалдардан көруге болады: малға жем-шөп жеткізіп беруге арналған механизм 178 фермада орнатылған, ал қора тазалау 120 фермада, сиыр сауу 17 фермада ғана механикаландырылған. Осының салдарынан бірқатар шаруашылықтарда товарлы-сүт фермасындағы жұмыстар негізінен қол күшімен атқарылады. Дегенмен, Талас, Жуалы аудандарының шаруашылықтары ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдаланып, мемлекетке сүт тапсыру жоспарын ойдағыдай орындап шықты. Басқа аудандарда да сүт өндіру жоспарын орындаған шаруашылықтар аз емес. Свердлов ауданынан «Трудовой пахарь», Жамбыл ауданынан КПСС XXII съезі атындағы, «Қаракемер» колхоздары, Қордай ауданынан «Көкқайнар», «Сарыбұлақ», «Алмалы», Луговой ауданынан «Подгорный» совхозы және басқа ондаған шаруашылықтар мемлекетке сүт тапсыру жоспарын едәуір артығымен орындады. Ал, Жуалы ауданындағы «Билікөл» совхозы сауыншыларының өнегелі істерін айтпай кетуге болмайды. Бұл шаруашылық мемлекетке 6100 центнердің орнына 6877 центнер сүт сатты. Бұл өткен жылғы осы мерзімдегіден 403 центнер артық. Барлық істің тетігін кадрлар шешетіні белгілі. Аталған совхоздың сауыншысы, Қазақ КСР Жоғарғы Советінің депутаты Күлданаш Қадырова апамыздың мәліметтері жоғары мінберден айтылған сөздердің желге ұша бермейтіндігін көрсетеді: «Біздің совхоздың сауыншылары соңғы бір-екі жылдан бері мемлекетке сүт тапсыру жөніндегі жоспарларымен қатар, өздерінің социалистік міндеттемелерін орындауда айтарлықтай табыстарға жетіп жүр. Қазірдің өзінде мен өзіме бекітілген 23 сауын сиырдың әрқайсысынан 2100 килограмдай сүт сауып үлгердім. Көп жылдық тәжірибе нәтижесінде қол жеткен осындай көрсеткіштерге ие болып отырған жалғыз мен емес. Сауыншы Нәзира Өтегенова да менің өкшемді басып келеді. Биылғы қыспен бірге Ұлы Октябрьдің 50 жылдық мерекесі жылы да басталып отыр. Қазір қалың енбекшілер қауымы осы ұлыстың ұлы мейрамына өздерінің тарту-таралғысын әзірлеуде. Ал «Билікөл» совхозының сауыншылары қазір өздерінің мемлекетке сүт тапсыру жөніндегі жылдық жоспарын артығымен орындап шыққаннан кейін жаңа, 1967 жылдың есебіне сүт өткізуде. Біз енді 1 қаңтарға дейін келесі жылғы бірінші тоқсанның сүт тапсыру жөніндегі жоспарын да орындап шығуға берік бел байлап отырмыз. Сауыншылар серті осындай».
Мән берер болсақ, социалистік қоғамда жоспарды орындау жолында жан аямай еңбек еткен ата-аналарымыз аз болмапты. Бүгінгі жастарға үлгі боларлықтай тұстарының аз емес екендігі де даусыз.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді