Президент баса мән беріп өткен Меркідегі «Агросауат» агробіліктілік орталығы биыл сәуір айында ашылған. Аталған бастама қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының жалғасы болып саналады. Онда төлеу мерзімін 90 күннен астам кешіктіріп, несие тарихы қара тізімге түскен жандарға қолдау көрсетіліп, оларға егін, құс және мал шаруашылығын жүргізуге қатысты теориялық-тәжірибелік курстар тегін оқытылады. Тамыз айында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова аталған орталыққа арнайы сапармен барып, жай-күйімен танысқан еді.
– Банктерге қарызданған, есепшоты бұғатталған адамдарды «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқытып, олардың өз кәсібін ашуына және берешегінен құтылуына мүмкіндік жасалуда. Бұл жобаны жалғастырамыз. Бұл үшін оқу корпустары ашылады. Сол корпуста ірі кәсіпкерлер тәжірибе жүзінде де оқытуды мойнына алып, өзге өңірлерге таратуын қарастырамыз. Тығырыққа тірелгендерге Amanat партиясы демеушілермен бірге тауарлық несие беріп, өнімін сатуға көмектеседі, – деп жобаны ары қарай кеңінен тарату мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтқан болатын.
Қазіргі уақытта «Агросауат» оқу орталығында 130 адам оқу курсын сәтті аяқтаған. Орталықты құру үшін ең алдымен сарапшылар әрбір ауылдық округке скрининг жүргізіп, экономикалық перспективасына талдау жасаған. Жүргізілген скрининг кәсіпкерлікті дамыту үшін перспективаларды анықтауға мүмкіндік беріп, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың нақты санын анықтауға көмек берген. Осылайша, аймақтың көші-қон әлеуетін және жаңа жұмыс орындары бар белгілі бір бизнес-жобаларды құрудың нақты қажеттіліктері анықталып, жүргізілген сауалнама деректері бойынша облыста мамандандыру ретінде құлпынай, таңқурай, тас жемістер, қант қызылшасын өсіру, сүтті және етті бағыттағы ірі-қара мүйізді, ұсақ мал және құс шаруашылығы секілді 9 бағыт таңдалған. Бүгінде орталықта заманауи технологияларды пайдалана отырып, жеке қосалқы шаруашылық жүргізудің практикалық білімдері оқытылады. Кәсібін жаңадан бастаған борышкердің тапқан табысының 50 пайызы кешіккен несиені жабуға жұмсалады, 25 пайызы тауарлы несиені жабуға және қалған 25 пайызы өзіне қалады. Алдағы уақытта орталық 150 адамды қарыз деңгейінен шығаруды мақсат еткен.
Қара тізімнен шыққан тұрғындар әрі қарай мемлекеттің бизнесті қолдау бағдарламаларына, «Ауыл аманаты» бағдармасының 2,5 пайыздық несиесіне жүгіне алады. Сонымен бірге, партия жанынан барлық жеке шаруа қожалықтарын біріктіретін тұтынушы кооперативі құрылады. Тұтынушы кооперативінде құлпынай, таңқурай, қант қызылшасы, жем-шөп, сүт өнімдері, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы секілді әр бағытқа жеке-жеке кооперативтер құрылады. Осылайша, әр кооператив тыңдаушыларға сабақ өткізеді, керек-жарағын береді, қадағалайды және өндірген тауарын сатуға да көмектеседі.
– Мұнда еш іріктеу жүргізілмейді. Орталық туралы естіген, оқуға ниетті адамдар келіп, арнайы топ құрылады. Тыңдаушылар бірден кәсіп бастап кетпейді, өз бағыттарын, неге икемі бар екенін нақтылайды. Бүгінде орталықта құлпынай бағыты бойынша кооператив құрылды, джем, тосап жасайтын кішігірім цех ашылды. Тізбек толық жабылды деуге болады. Енді тігін цехы, жартылай фабрикат секілді басқа да бағыттарды қолға аламыз, жобаның ауқымын кеңейтеміз, – дейді «Агросауат» оқу орталығының жетекшісі Айман Ақынбекова.
Жоба қатысушылары өндірген өнімдерді сату және өңдеу мәселесі де жолға қойылған. Осылайша, көршілес Т.Рысқұлов ауданындағы «Ауыл жасалған» тұтыну кооперативінің жемістер мен көкөністерді сақтау, жөндеу, қайта өңдеу, буып-түю цехы ашылған. Аталған цех мұздатылған балғын құлпынай, жеміс-жидек тосабы, жеміс-жидек джемі, көкөніс салаттары, көкөніс пасталары мен тұздықтар, жеміс-жидек шырындары және консервіленген көкөністер шығарады. Онда облыстың жеке шаруа қожалықтарынан күніне 2,5 тонна шикізат қабылдайды. Дайын өнімдер ірі және шағын маркеттер желісіне сатылады.
Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Биыл Президент тапсырмасымен еліміздің барлық аймағында, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауаттылыққа жаппай оқыту ұйымдастырылды. Жыл басында арнайы оқытылған 150 қаржы сарапшысы мен 20 білікті заңгердің пулы құрылып, бүгінгі күнге дейін 180 мыңға жуық адам жаңа білім алған.
Нұрболат АМАНБЕК.
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Тұрғындар мәселеcі тұрақты назарда
- 7 қараша, 2024
Жоба тауарлы несие беруді арттыруы керек
- 7 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді