Ауруларды басқару бағдарламасы деген не?

Ауруларды басқару бағдарламасы деген не?
Ашық дереккөз
«Қазақстандағы ауруларды басқару бағдарламасы кеңінен жүзеге асырылып, азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетеді және денсаулық үшін бірлескен жауапкершілікті ынталандырады» деп хабарлады Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығы. Бұл нендей бағдарлама? Ол қалай жүзеге асады?

Мысалы, сіздің жақыныңыз 55 жасқа жеткен делік. Жұмыс істейді, толыққанды өмір сүреді, көптеген достары бар, балалары өсті, жақын арада немерелері дүниеге келеді. Ол жалпы өзін жақсы сезінгенімен, кейде басы ауырып, көзі қарауытады. Кейде қолының саусақтары ұйып қалады. Мүмкін, ол өзінің қан қысымы немесе қанындағы қант деңгейі көтеріліп жатқанын сезетін шығар. Мұндайда не істеуі керек, қайда барғаны дұрыс? Қазіргі уақытта созылмалы аурулардың белгілерімен танысуға және осы ұсыныстарды ұстануға болатын көптеген ақпараттық ресурстар бар.

НЕНІ БІЛГЕН ДҰРЫС?

Медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында ауруларды басқару бағдарламасы бар. Бұл созылмалы жұқпалы емес аурулары бар пациенттерді қолдауға арналған, үйлестірілген іс-шаралар мен коммуникациялар сериясы. Бағдарламаның негізгі міндеттері – ауруларды жедел анықтау, дер кезінде тексеру және бақылай отырып басқару. Ол асқынулардың немесе қосымша аурулардың дамуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл созылмалы аурулары бар адамдарды емдеу бағдарламасы. Осындай сырқаты бар адамдардың ұзақ және сапалы өмір сүруіне көмектеседі. Әлемдік тәжірибеде ауруларды басқару бағдарламасы 30-дан астам елде созылмалы аурулары бар пациенттер үшін, мысалы жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, онкологиялық аурулар және қант диабеті бойынша тиімділігін дәлелдеген. Бұдан басқа, бұл алдын алуға болатын салдарлармен байланысты шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ АСА МАҢЫЗДЫ

Өйткені, созылмалы аурулар біздің өмірімізге кері әсер етеді. Жыл сайын ағза ауру тудыратын бұзылыстарға қарамастан өмірді қолдау үшін өз резервтерін көп жұмсайды. Бірақ резервтер таусылып, бұзылыстар айқындала бола түседі. Мысалы, сіздің туысқаныңызға екі типті қант диабеті диагнозы қойылды дейік. Ұсыныстар берілді, дәрі-дәрмектер тағайындалды. Алдымен ол бәрін мұқият орындап, содан кейін жағдайы жақсарады. Кейін дәрі-дәрмектерді уақытылы қабылдауды және диетаны бұза бастайды. Асқыну пайда болып, жедел жәрдем шақыруға тура келеді. Содан кейін қайта жеңілдейді және ол қайтадан қалыпты күйге түседі. Бірақ, ол жүйелі түрде дәрігерлерге бармайды. Оның жұмысы бар, дәрігерге баруға уақыты жоқ. Ол ұсыныстарды алды, не істеу керектігін біледі. Бірақ, істемейді немесе жүйесіз жасайды дейік. Бұл сөзсіз аурудың қайталануына сеп болады. Осы тұста Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығының «Денсаулығыңызды қадағалау маңызды! Адамдар өз денсаулығына мұқият болуы керек» деген ескертпесін назарға ала кетейік.

Алайда, тәжірибе көрсеткендей, көптеген пациенттер медициналық көмекке ауру асқынған кезде ғана жүгінеді. Өкінішке қарай, уақтылы араласудың және тұрақты медициналық тексерулердің болмауы жағдайдың нашарлауына және аурудың асқынуына әкелуі мүмкін. Қант деңгейінің жоғарылауы қан тамырларының бітелуіне әкеп соқтырады. Бұл процесс тез болуы мүмкін. Бірақ көбінесе бұл – тіндерді қанмен қамтамасыз етудің баяу төмендеуі. Әсіресе, шеткері аймақтарда, төменгі жақта, яғни аяқтарда орын алады. Тамақтанудың бұзылуы жасушалардың, соның ішінде жүйке талшықтарының біртіндеп өлуімен қатар жүреді.

Оның қаупі қандай? Аяқтардың ампутациясына жеткізеді. Перифериялық жүйке талшықтарының зақымдануы аяқтардағы сезімталдықтың жоғалуына әкеледі. Адам мұны бірден байқамайды. Өкінішке қарай, пациенттер мұны сирек сезеді. Себебі, үйреніп қалған сезімталдықтың біртіндеп төмендеуі жалғасады. Сезімталдықтың жоғалуы және қанмен қамтамасыз етілмеуі салдарынан табан немесе аяқтағы жаралар айқын белгілерсіз пайда болуы мүмкін. Өлген тіндер микробтар үшін таптырмас қоректік орта болып табылады. Оттегінің болмауынан анаэробты инфекция, гангрена пайда болады. Мұндай жаралардағы инфекция тереңірек тіндерге таралады. Егер инфекцияны немесе жараларды емдеу мүмкін болмаса, дәрігерлер инфекцияның дененің басқа бөліктеріне таралуын болдырмау үшін аяқтың ампутациясын жасау туралы шешім қабылдауы мүмкін. Міне, науқас аяқтың бір бөлігін ампутациялау операциясына дайындалып жатыр және оның бақытты зейнеткерлік пен немерелер туралы армандары қорқынышты түске айналады. Елестетудің өзі ұрей тудырады, 2022 және 2023 жылдың 11 айында қант диабеті салдарынан төменгі аяқтарын ампутациялау операциясын сәйкесінше 980 және 955 адам басынан кешті.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Бағдарламаға қатысу – ауруларды басқару. Оның ішінде, тұрақты медициналық тексерулер, тамырлардың жағдайын бағалау, қандағы қант деңгейін бақылау, емдеу және өмір салтын өзгерту. Бағдарлама созылмалы жұқпалы емес аурулары бар адамдардың өз сырқаты мен жағдайлары туралы хабардар болуын арттырады. Ерте ескерту белгілерін тану және тағайындалған дәрі-дәрмектер мен өмір салтының өзгерістерін сақтау маңыздылығын түсіну қажеттілігін атап көрсетеді. Тұрақты тексеру кезінде көпсалалы топ науқастан аяққа қан ағымының төмендегенін анықтар еді. Қан айналымын жақсарту және одан әрі асқынулардың алдын алу үшін кезең-кезеңімен әрекеттерді қамтитын корпоративтік шешім қабылданады. Бұл кезде қан айналымын қалпына келтіру үшін минималды араласу жеткілікті болар еді, мүмкін ампутацияның алдын алады.

Айта кетейік, медициналық қызметкерлер тобына жалпы тәжірибе дәрігері, медбикелер, эндокринологтар, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, салауатты өмір салты мамандары кіреді. Олар физикалық және психикалық денсаулықты ескереді.

ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ

Осыдан төрт жыл бұрынғы, яғни 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Денсаулық кодының 80-бабы азаматтардың міндеттерін, соның ішінде созылмалы ауруларды басқару бағдарламаларына қатысуды нақты анықтайды. Елімізде ауруларды басқару бағдарламасы 2013 жылдан бері жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта үш ауру бойынша ауруларды басқару бағдарламасы әзірленді. Оған бастапқы артериялық гипертензиясы, 2 типті қант диабеті, II-IV класты созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер қатыса алады. Біздің заманымызда көптеген азаматтар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтыны қуантады. Дәрігерге үнемі барса және бағдарламаға қатысса, бірқатар қатердің алдын алуға толық мүмкіндік туады.

КҮЙЗЕЛІСПЕН КҮРЕСУГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ

Негізінде, бұл қант диабеті және артериялық гипертензия сияқты ауруларды емдейді. Ұлттық орталық психологтармен, әлеуметтік қызметкерлермен жұмыс істеудің маңыздылығын айрықша атайды. Олар психологиялық қолдау көрсетеді, күйзеліспен күресуге көмектеседі, ауруға бейімделу стратегияларын әзірлейді және пациенттерге емдеу бойынша ұсыныстарды жақсы сақтауға көмектеседі. Стресс, депрессия және мазасыздық сияқты әртүрлі аспектілер физикалық денсаулыққа елеулі әсер етіп, созылмалы жағдайларды нашарлатуы және емдеуді қиындатуы мүмкін. Пациенттер психологиялық қиындықтарды жеңуде қосымша қолдау алып, эмоционалдық әл-ауқатын жақсартады және емдеу бойынша ұсыныстарды орындауға жетелейді.

Денсаулық – басты байлық екенін бәріміз білеміз. Оны сақтау жүйелі көзқарасты талап ететінін де естен шығармау керек. Профилактика мәдениетін және тұрақты медициналық тексерулерді енгізу өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартып, аурулардың ауыртпалығын азайтып, ерте сатысында анықтап және сапалы емдеуді қамтамасыз етеді.

ҚАЙДА ЖҮГІНУ КЕРЕК?..

Жасыңыз бойынша скринингтен өтіңіз. Себебі, ол аурудың жаңа жағдайлары мен қауіптерін анықтайтын бірінші кезең. Ол тегін жүргізіледі. Егер сізде немесе жақындарыңызда қан қысымы, қант диабеті немесе жүрек жеткіліксіздігі мәселелері болса, дәрігеріңізге немесе мейірбикеңізге айтыңыз. Артериялық гипертензия, 2 типті қант диабеті және II-IV класты созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін дәрі-дәрмектер кепілдендірілген ақысыз медициналық көмек көлемі аясында, диспансерлік есепте бұл жағдайдың расталғаны туралы мәліметтер болса, тегін беріледі. Ол үшін өз емханаңызға барып, емдеу тактикасын учаскелік дәрігермен анықтап, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмектерді тегін аласыз.

Денсаулыққа қамқорлық жасап, белсенді өмір салтын ұстансаңыз ұтылмайсыз. Сондай-ақ, әрқайсымыздың денсаулығымыз үшін қауіп-қатермен бірлесе күрескен жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, егер әлем халқы физикалық тұрғыдан белсендірек болса, жылына 5 миллионға дейін өлімнің алдын алуға болады. Физикалық белсенділігі жеткіліксіз адамдарда асқынулар мен өлім қаупі 20-30 пайызға артады. Жаяу жүру, велосипед тебу сияқты тұрақты физикалық белсенділік денсаулыққа айтарлықтай пайда әкеледі. Қарапайым нәрселер жүрек ауруы, диабет және остеопороз қаупін айтарлықтай төмендетуге, салмақты бақылауға және өзіңізді жақсы сезінуге көмектеседі.

Денсаулықты қалыптастыру мен нығайтудың негізі — салауатты өмір салты. Әркім өзін жақсы көрсе, денсаулығына тұрақты көңіл бөледі. «Сондай-ақ, медицина саласының мамандарына сенім артқан абзал» дейді Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінде.

 

Дайындаған Қамар ҚАРАСАЕВА.

 

Ұқсас жаңалықтар