«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сөзі мен ісі сай маман

Сөзі мен ісі сай маман
Ашық дереккөз
Мұғалім болу тек жаңа сабақты түсіндіріп, ақыл айтумен шектелмесе керек-ті. Жас бала да ауызбен айтқанды емес, іс жүзінде істегенді қайталайды. Осыны ұғынған жас мұғалім Арнат Күзембаев өзі тәрбиелеп жүрген балаларға іс жүзінде үлгі көрсетіп, мектебін көркейтуді қолға алған. Қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы, ұлт болашағына алаңдап өткен Мағжан Жұмабаевтың «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» дегенін жанашыр ұстаз Арнат Қайратұлының әрекетінен байқадық.

Бүгінде Тараз қаласындағы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияда дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Арнат Қайратұлы осы мектептің 2008 жылғы түлегі. Өзін оқытып, тәрбиелеген алтын ұясына қызмет етумен қатар, осы мектептің қажетіне жарауды да мақсат еткен.

– Осы мектепті тәмамдаған соң жоғары білім алып, 2020 жылы мені білім-тәліммен жетілдіріп, түлеткен мектебіме қызмет етуге келдім. Біз оқушы кезімізде мектебіміздегі футбол алаңшасының ақ шаңы шығып жататын. Әбден ескірген. Әлі де сол қалпы екен. 2022 жылы Астана қаласына оқушыларды республикалық чемпионатқа алып барғанымызда, менің сыныптастарым сол жарысты көруге, біздің командаға қолдау көрсетуге келді. Сыныптастарым менен мектептің жай-күйін сұрап, футбол алаңшасының әлі күнге дейін солай жатқанына таңданды. Еркін Мекебаев есімді сыныптасым осы мәселені жақсартуға ұсыныс тастады. Басқа сыныптастарымызбен ақылдасып, «Керімбай түлектері» атты қор ашуға бәріміз келістік. Қазіргі таңда сол қорды құрудың құжаттары дайындалу үстінде. Жақын уақытта қор жұмысы толығымен басталғанда, мектебіміздің әр жылдары бітірген түлектеріне хабар беріп, қорға атсалысуға шақырамыз. Қазірдің өзінде бастаманы қолдап жатқан түлектер қатары көп. Құжаттары дайын болса, бірден кірісеміз. Алғашқы жұмысымыз мектептің футбол алаңшасын жаңарту болмақ. Сонымен бірге, оның қасына бастауыш сынып оқушылары ойнайтын алаңша да салынатын болады. Себебі, қазір өзім дене шынықтыру пәнін өткізгенде көріп жүрмін, жоғары сыныптың оқушылары футбол ойнағанда, дәл сол мезетте дене шынықтыру сабағына бастауыш сынып балалары да шығып, үлкендермен араласып қалады. Ондайда кішкентай балаларға доп тиіп кетуі әбден мүмкін. Қалай болғанда да баланың қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек. Қазіргі уақытта құрып жатқан қорымыздың негізгі мақсаты да осы мектептің және оқушыларының мүддесіне негізделеді. Әуелі футбол алаңшасын салсақ, содан соң тұрмысы төмен оқушыларға жыл сайын көмек көрсетіп тұрсақ дейміз. Сонымен қатар, елдің ертеңгі бақыты үшін әрі мектеп абыройын қорғап, олимпиада, ғылыми жарыстар мен спорттық сайыстардан топ жарып, олжалы оралатын оқушыларға қаржылай сыйлықтар тағайындап отырамыз деген жоспарымыз бар, – дейді өзінен бұрын өскелең ұрпақтың, бақытын ойлаған жас ұстаз Арнат Күзембаев.

Ол оқушыларды дене шынықтыру сабағында шымырлыққа, салауаттылыққа үйрете жүріп, футболдан спортшыларды да дайындайды. Жақында ғана Ұлттық мектеп лигасына 7-8 сынып оқушыларын дайындап апарып, шәкірттері қала чемпионы атанып, облысқа жолдама ұтып алыпты. Қыз балалары да футболдан 3-орынды иеленген.

– Көбінесе оқушыларды футбол жарыстарына дайындаймын. Біздің оқушыларымыз қала, облыс және республика чемпиондары. Осы мектепте өзім де оқушы кезде көптеген спорттық жарыстарға қатысып, әрдайым жүлделі орындар алып жүрдім. Мұғалімдік жолды таңдау барысында әрі қарайғы жетістіктерді оқушыларыммен бірге бағындыруды жөн санап, өзімнің мектебімді биік белестерге көтергім келді. Қазіргі оқушылардың алға ұмтылысы, интеллектуалдық қабілеттері өте жоғары. Мен өзімнің оқушыларымнан болашақ чемпиондарды көремін. Сәтін салып жатса, футболдан ұлттық құрама ойыншылары боларына сенемін және үмітіміз де жоғары, – деген жас маманнан «Сіздің түсінігіңізде нағыз ұстаз деген кім?» деп сұрадық.

– Мен үшін нағыз ұстаз – әрдайым ізденісте болатын, оқушыларға үйретуден жалықпайтын және тәжірибесін ұдайы басқалармен бөлісетін талапшыл тұлға. Менің өміріме жарқын із салған ұстазым Айдын Шекеев дәл сондай адам. Ол кісі оқушы кезімде көптеген жарыстарға дайындап, талай жүлде алуыма себепші болды. Кәсіби футбол ойнауымда да ағайымның еңбегі зор. Қазір ұстазыммен әріптеспіз. Спортшы балаларды бірге дайындап, алдағы уақытта көптеген жеңімпаздар шығаратынымызға кәміл сенемін, – деді мақсаты биік, көздеген мұраты асыл Арнат Күзембаев.

Мағжан Жұмабаев сенім артып кеткен жастың бірімен пікірлесіп, «Мектеп көркейсе, болашақ жарқырайды» деп білетін танымына сүйсініп, келер күннен күтер үмітіміз үдей түсті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар