Сәбит Бақтиярұлының әскери борышын өтеп жүргеніне бес ай болды. Отан алдындағы азаматтық міндетін Шығыс Қазақстан облысы, Серебрянск қаласындағы Қазақстан Республикасының әуе қорғаныс күштері құрылымының 97638 әскери бөлімінде өтеп жатыр. Қазіргі таңда нағыз шекараның шебінде жүр. Бірнеше айдың ішінде жақсы қырынан көрініп, кіші сержант шеніне қол жеткізген. Сонымен қатар, сарбаздардың арасында тәртібі және тапсырмаларды сапалы орындағаны үшін «Үздік сарбаз» Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бір айта кетерлігі, Сәбит – белгілі айтыс ақыны Алтынкүл Қасымбекованың ұлы. Ал, әкесі Бақтияр – құрылысшы. Негізі бұл азааматтың әскерге өзінің қалауымен кеткенін жоғарыда айттық. Бірақ, бойында сондай отаншылдық, патриоттық рухтың қалыптасуына ақын анасы Алтынкүл Айтбайқызының қосқан үлесі зор екені анық. Бабадан келе жатқан қасиет қалай дарымасын, Сәбит те – айтыскер. Кезінде оқушылар және жас ақындар арасында облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз және жүлдегер атанған. Сондықтан, Сәбиттің бір қолында – қаруы, бір қолында – домбырасы. Өздерінің негізгі әскери міндеттерін орындаған соң, ән салып, өнер көрсететін уақыт та болады. Міне, осындай сәттерде де Сәбит тосылып қалмай, домбырамен төгілтіп арнау айтып, әскердегі достарына жалынды жыр шумақтарымен рух береді. Сонымен қатар, қазақ композиторларының әндерін орындап, айналаға жақсы көңіл-күй сыйлайтыны көпшілікке өте ұнаған. Әскердегі сардарлар мен сарбаздар Сәбитті «Ақын жігіт» деп атап кеткен. Тіпті, ұлты басқа орыс жігіттеріне дейін қазақша жыр шумақтарын тыңдап, қазақ әндерін Сәбитпен қосылып орындайтын дәрежеге жеткен. Сәбиттің:
Көрсетіп әр азамат зеректігін,
Байқатып болмысының бөлек түрін.
Елімнің әр жігіті түсінген жөн,
Әскерге барып қайту керектігін.
Осылай деп әскерде толғанамын,
Інілерге осы өлең жолдағаным.
Отанды қорғау деген біле білсең,
Ата-ана, бауырыңды қорғағаның, – деген шумақтары әскердегі достарының арасында жатқа айтылып жүр екен. Мұндай рухы мықты, өлеңі өрелі азаматқа «Бәрекелді, жас сарбаз!» деуден басқа не айтамыз.
Осылайша, жас сарбаз Сәбит Бақтиярұлы әскери борышын өтеп қана жүрген жоқ. Әскердегі өзге ұлт өкілдеріне қасиетті қазақ тілін насихаттап, олардың қазақ тілінде ән шырқауына ықпал етуде. Нағыз патриоттық деген осы. Нағыз отаншылдық деген, міне, осындай болса керек. Осындай шынайы, сын сәттерден туса керек. Ал, анасы Алтынкүл Қасымбекова:
– Ұлым әскерге өз еркімен сұранған кезде ерекше қуандым деп айта алмаймын. Ойланып қалдым. Бірақ, баламның шешіміне қарсы болған жоқпын. Амандығын тілеп шығарып салдық. Әскери ант қабылдаған кезінде барып қайттық. Қазір ұлымның жетістіктеріне қуанамын, – дейді.
Кезінде жастар арасындағы айтыстарда көзге түскен Сәбит Ысқақовтың қазіргі таңда жақсы сарбазға айналғанына жамбылдық айтыс ақындары да қуанады. Қазақ жігіттерінің рухы мықты. Оның дәлелі – Отанын өз еркімен қорғап, борышын өтеп жүрген сарбаз Сәбит. Ендеше, Сәбиттің әр қадамы сәтті бола берсін!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді