«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Батагөйлер бәйгесі

Батагөйлер бәйгесі
Ашық дереккөз
Шу – экономикасы дамыған іргелі аудан. Аудан аумағында қоғамдық ұйымдардың жұмыстарына да ерекше мән беріледі. Мұндай істер тұрғындардың да белсенділігін арттырады. Осындай қоғамдық ұйымның бірі – аудандық ардагерлер кеңесі. Ержан Өмірәлиев басқаратын бұл ұйым аудан аумағында талай істерге ұйытқы болып, жастар тәрбиесіне, бұзақылық істердің алдын алуға, теріс ағымдармен күрес жүргізуге үлестерін қосып жүр.

Тоғыз жолдың торабындағы Шу аудандық мәдениет үйінде облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер алқасының және Шу аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батамен ел көгерер» атты батагөйлердің облыстық байқауы өтті. Іс-шара басталмас бұрын шулық айтыскер ақын Ғабит Есдәулетов үкілі домбырамен ел алдында арнау жырдан шашу шашты. Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Өңірімізге құрметті азамат, облыстық билер алқасының төрағасы Оңласын Есіркеповтың жиынға бата беруі де жарасымды шықты.

Байқауға Тараз қаласынан және барлық аудандардан 11 үміткер қатысып, бақ сынады. Сайыс басталмас бұрын қазылар алқасының төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков байқаудың шарттарымен түсіндіріп өтті. Яғни, әр үміткер билетте көрсетілген тақырыпқа сай екі түрлі бата (дәстүрлі бата және белгілі тұлғалардың батасы) айтып, дәстүрге қатысты бір сұраққа жауап береді. Осы тұста байқаудың ұйымдастыру ісінде олқылық жоқ екенін айта кеткеніміз жөн. 11 үміткерге сахна төрінде жайлы орындар қойылып, бата берушінің де орындықта сергек отырып, байқау шартына сай өнер көрсетуіне мүмкіндік берілді. Залға көрерменнің жиналуы жоғары деңгейде болса, келгендердің батагөйлерге құлақ асуы, қасиетті батаны, бата беріп тұрған атаны құрметтеуі көңілден шықты. Қазылар құрамында белгілі айтыскер Ахметжан Өзбековтің, Шу өңіріне сыйлы ақын, журналист Ахметжан Қосақовтың, республикалық батагөй ақсақалдар байқауының жүлдегері Орынбай Рысбаевтың отыруы да байқаудың мәнін биіктете түсті.

Қатысушы үміткерлердің баршасына бір тоқталып кеткен артық болмас. Қордайлық Жайсанбек Абдиматов бір ауылда бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы болса, мойынқұмдық Жолдасбек Абушакиров – Мойынқұм ауданы, Хантау ауылдық округінің биі. Тараздық Құдайберлі Әбілов ауыл шаруашылығының білікті маманы болса, жуалылық Дәулетжан Байдалиев мамандығы инженер- механик болғанымен, өлкетанушы ретінде де танылған кісі. Меркілік Бауыржан Бақдәулет аталған ауданда Кеңес ауылдық округі ардагерлер кеңесінің және шаруа қожалық төрағасы. Сарысулық Шәріпбек Қалжанов үлгілі әулеттің ұйытқысы болуымен дараланса, Жамбыл ауданынан келген Ерболат Қуандықов – суретші. Шулық Оңалхан Сырлыбаев кезінде озат механизатор болса, Т.Рысқұлов ауданынан келген Нысанбай Тәукеновтың де ел ішіндегі абыройы жоғары екенін білдік. Байзақтық Аманғазы Халықов терме орындаудың шебері болса, таластық Әділхан Қойшыманов та ауылдың үлгілі ақсақалы екенін әр іс- әрекетімен байқатты. Әр ауданнан оза шауып, абыройлы ақсақал атану да – құрметтеуге лайық жетістік.

Байқау өте қызықты, тартысты, жоғары деңгейде өтті. Үміткерлердің көпшілігі жоғары дайындықпен келген. Дегенмен, белгіленген уақыттан асып кету, бір сұраққа жауап бере алмау, белгілі тұлғалардың батасын шатастыру, батаны жүрекке жеткізбей, асығыс айтып шығу секілді олқылықтар да кездесті. Қазылар алқасы осындай «әттеген-айларды» ескере келе, үш үміткерді ғана келесі кезеңге өткізіп, батаны барынша ұзақ айтуға мүмкіндік берді.

Шешуші кезеңде 30 батаны жүрекке жеткізіп, мән-мазмұнымен айта білген тараздық Құдайберлі Әбілов бірінші орынды иеленіп, қаржылай сыйлықты олжа лады. Жеңімпазға жүлдені облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев тапсырды. 18 батаны тоқтамай берген байзақтық Аманғазы Халықов екінші жүлдеге лайық деп танылды. Жүлдені облыстық билер алқасының төрағасы Оңласын Есіркепов тапсырды. Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың қолынан үшінші жүлдені Жамбыл ауданынан келген Ерболат Қуандықов иеленді. Осы тұста таластық Әбілхан Тойшыманов, жуалылық Дәулетжан Байдалиев, меркілік Бауыржан Байдәулет ақсақалдардың облыстық кезеңде бірнеше жылдан бері лайықты өнер көрсетіп жүргендерін айта кеткіміз келеді. Жалпы, байқауға қатысушы барлық үміткерлерге арнайы жүлде беріліп, самаурын сыйға тартылды.

Ал, байқаудың тәрбиелік-тағылымдық мәні өте үлкен болды. Көпшілік қазіргі таңда көп айтылмай кеткен «Күйеуаяқ», «қызқашар», «тоқымқағар» дәстүрлерін естеріне алып, хабардар болды. Ал, ақсақалдардың қария болған шақтарында жүздеген шақырым жол жүріп, байқауда бақ сынап, елге өнеге болуы – үлкен жеңіс! Батамен ел көгеріп, ақсақалдарымыз аман болғай!

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар